Читать книгу «Қанатты сөз – қазына. 1-кітап» онлайн полностью📖 — Кеңес Оразбекұлы — MyBook.
image























































































































































































 










Сол кезде Наурызбай болыс орнынан ұшып тұрып: – Сіз Досбол шешен екенсіз ғой, қария, кешіріңіз, – деп Досболдың үстіне жанат ішігін жаба бергенде, ішікті серпіп тастап, Досбол: «Мен ат мініп, тон кигелі жүргенім жоқ» деп тағы тақпақтата жөнеледі:

– Қатқан тонды қартайған

Бір ғана мен емеспін.

Бұдан былай кездессе,

Солармен де кеңескін.

Атаның болма баласы,

Халықтың бол данасы, – деп шешен мақтаншақ Наурызбай болысты жиналған халық алдында қатты ұялтқан екен.

Тек өз қарақан басыңа, отбасыңа ғана емес, ауыл-аймағыңа, ел-жұртыңа да пайдаң тиетіндей азамат бол деген мағынада айтылған.

АТАНЫҢ АТ ТҰЯҒЫ ЖЕТКЕН ЖЕР

БАЛАҒА МИРАС

Бәйдібек би «Бұлақ көрсең, көзін аш, құдық көрсең шегенде, оның басына тал ек» дейді екен. Малын өргізіп, жайылым іздеген ауылдастарына «Қыстау, қорған салыңдар. Оны тастап кетпеңдер. Оған айналып соғып, қыс қыстап, жаз жайлап жүріңдер. Аттың тұяғы жеткен жер бекер қалмасын. Төбе басына оба үйіп, қада қағып, белгі тастап отырыңдар», – деп өсиет айтатын бопты. Бәйдібек бабаның осы өсиеті бекер емес екен.

Бір жолы моңғол ма, жоңғар ма, әйтеуір бір елмен шекараға мал жайылымына талас туыпты. Сонда екі елдің ел басшы, ел билері орталарынан кісі шығарып шекараны анықтау үшін жүріп отырып, «Мынау бұлақ кімдікі, мынау құдықты кім қазған, талды кім отырғызған?» десе, Бәйдібек аулының адамдарынікі болып шыға беріпті. «Мынау обаны кім үйген, мынау қаданы кім қаққан?» десе де, Бәйдібек адамдары ие бола беріпті. Айдан-анық, тайға таңба басқандай, белгі-дәлелдерін көріп, даукес елдердің амалы құрыпты. Көнбеске амалы қанша, сол «Бәйдібек қыстауы», «Бәйдібек аулының жайлауы», «Бәйдібек құдығы», «Бәйдібек бұлағы», «Бәйдібек талы» деген жерлерден шекара сызығы тартылып, екі ел шекарасы белгіленіп, жер дауы шешімін тауыпты деседі ел. «Атаның ат тұяғы жеткен жер, балаға мирас» деген осы.

Кең байтақ еліміздің шекарасын – жауынгер ата-бабаларымыз ақ болаттың жүзімен, найзаның ұшымен қорғап, иелік еткен, өзіне – қоныс, малына жайылым еткен, ат тұяғымен талай шиырлаған жерлер бойынша шегара белгіленген жоқ па. Енді, міне, ұрпағы біз, сол жерлерді мирастықпен иеленіп, тәуелсіз ел болып отырмыз.

АТАН БОЛСА СОЙЫЛАР,

АТАМ ӨЛСЕ ҚОЙЫЛАР,

МҰНДАЙ ҚАНСОНАР КҮНДЕ ҚАЙДАН ТАБЫЛАР

«Аң дегенде жай адамдар да елең ете қалады. Ал аңшылар аң дегенді естігенде, ішкен асын жерге қойып тыңдайтындар ғой. Аң аулау маусымында аңшылар күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей жорытады. Талайы аң аулаудан байиды. Ішіп-жеп, игілігін көреді. Аң аулап, серуен-салтанат құрып, рақаттанады. Талайының бағы шаппай, ыңыршағы шығады. Аң соңында жүріп мертігеді, өледі. Өйткені, ертеректе аң қызығы ең үлкен, ең тамаша қызықтың, серуен-салтанаттың бір түрі болғаны рас. ХІХ ғасырдың аяқ шенінде Тарбағатай төңірегін мекен еткен атақты Былғақ деген адам қан сонар күні аңға шығайын деп жатқанда, атасы (әкесі) қайтыс болады. Соған қарамастан аңға аттанғалы жатқан Былғаққа ел-ағайын: «Ойбай-ау, мынауың не?» – десе, «Атан болса сойылар, атам өлсе қойылар, мұндай қан сонар күнде қайдан табылар», – деп Былғақ тентек шаба жөніліпті. («Саят»).

АТАҢА НЕ ҚЫЛСАҢ, АЛДЫҢА СОЛ КЕЛЕР

Ертеде бір елдің ханы: «Қартайған әкелерін балалары биік құздан құлатып өлтірсін!» – деген жарлық беріпті. Халық осы жарлықты орындапты. Бір жас жігіт өзінің әкесін құз басына әкеліп, итеруге дайындала бергенде әкесі күліпті. Бала таңданып: «Әке, неге күлесің?» – деп сұрапты. Сонда әкесі: «Мен де сен сияқты осыдан көп жыл бұрын әкемді құздан итеріп едім. Міне, енді өзімнің басыма сол келген соң күлемін», – депті. Мұны естіген баласы әкесін өлтірмей, ханнан жасырып бағыпты. Кейін елінде бір қиын жағдай болғанда, хан бүкіл халқын жинап, ақыл сұраса, ешкім ақыл бере алмапты. Сонда жігіт әкесіне келіп не болғанын айтқанда, әкесі қиындықты жеңудің шешімін тауып береді. Сөйтіп, елін аман сақтап қалады. Бұған риза болған хан қартайған адамдарды өлтірмей, қайта олардан ақыл-кеңес сұрап отыру керектігін заңдастырыпты.

Бұл мақал: «Атаңа туған күн саған да туады, сен де сондай боласың» дегенге меңзейді.

АТАҢНЫҢ ТӨРІ ТҰРМАҚ, КӨРІНЕ КІРЕРСІҢ

Ертеректе күйеу жігіт қайын жұртына алғаш келгенде, босағаға тулақ төсеп отырғызатын дәстүр болған. Күйеу жігіттің қайын атасының төріне шығуға қақысы болмаған.

Бір жас жігіт қайын атасының үйіне келгенде, жеңгелері астына тулақ төсеп, босағаға отырғызып қойыпты. Сол үйдің үлкен қабаған иті бар екен. Бөтен адамды көрген төбет арс етіп оқыстан үріп қалғанда, күйеу жігіт шошып кетіп, төрге бір-ақ секіріп шығады. Сонда жеңгесі бетін шымшып:

– Масқара-ай, күйеу жігіт атамның төріне шығып кетіпті ғой, – депті.

Сонда күйеу жігіт есік жақтағы төбетті нұсқап:

– Анандай бәлекет арс етіп тұра ұмтылса, атаңның төрі тұрмақ, көріне кірерсің, – депті.

Бұл сөз тіркесі үрей-қорқынышқа бой алдырсаң, не істеп, не қойғаныңа есеп бере алмассың деген ойды аңғартады.

АТА ТҰРЫП ҰЛ СӨЙЛЕСЕ – ЕР ЖЕТКЕНІ БОЛАР,

АНА ТҰРЫП ҚЫЗ СӨЙЛЕСЕ – БОЙ ЖЕТКЕНІ БОЛАР

Бұл жерде адамның ақылы жасында емес, басында. Егер ақыл-парасаты толысып тұрса, неге жасына қарап емес, басына қарап бағаламайсыз деген ойды астарлап жеткізіп тұр.

Сырым жас кезінде бір жолдасымен Нұралы ханның үйіне барса, Қараман тана Малайсарымен сөйлесіп отыр екен.

– Балалар, аман ба? – депті де, елемей өздері сөйлесе беріпті. Сырым жолдасына дауыстап:

– Жүр кетейік, бұлар бізді адам деп отырған жоқ қой! – дейді.

Малайсары жалт қарап:

– Ата тұрып, ұл сөйлегеннен без,

Ана тұрып, қыз сөйлегеннен без.

Сырнайдай сарнаған мына бала кім еді? – дейді.

– Ата тұрып ұл сөйлесе, ер жеткені болар,

Ана тұрып қыз сөйлесе, бой жеткені болар, – дейді Сырым.

– Сен толған екенсің, мен тозған екенмін, – деп Малайсары сонда Сырымды қасына шақырып алған екен.

АТЫ ЖҮЙРІК ҚАЙЫРАДЫ, ТІЛІ ЖҮЙРІК АЙЫРАДЫ

Аты жүйрік болса, қуып жетеді, озып, алдыға шығады. Ал тілі жүйрік, шешен болса, жақсы мен жаманды, адал мен арамды жіліктегендей ажыратып береді, сөзбен түйреп есе бермейді деген мәні бар.

Әрі ақын, әрі балуан Ахмади деген жігіт жалғыз атын жоғалтып, Бақбақтыда жиын өткізіп жатқан Қожахан деген болыстың ауылына келеді. Болыс баса-көктеп кірген кедей ақынды жақтырмай, шаруасын сұрап білген соң: «Атыңның белгісін өлеңмен айт, әйтпесе үйіңе қайт!» – дейді.

Сонда Ахмади:

Ақ тоқым, қос таңбалы, өзі жирен,

Қиянкес, ұры алмаса, шықпайды үйден.

Жануар жылқы болмай, адам болса,

Нәсілі бір кем емес, болыс, биден.

Ақ тоқым, қос таңбалы жирен еді,

Шананы қар жауғанда сүйрер еді.

Болдырып көп жұмыстан еті арыса,

Дорбаға қи сап берсем, күйленеді.

Жануар жылқы болмай, адам болса,

Болыс боп бір тайпаны билер еді, – дегенде, Қожахан болыс одан арғысын айтқызбай: «Аты жүйрік қайырады, тілі жүйрік айырады», – деген, мынаның тілі улы екен, жоғын тауып беріп, қайтарыңдар, – депті.

АУЗЫ ҚИСЫҚ БОЛСА ДА,

БАЙДЫҢ ҰЛЫ СӨЙЛЕСІН

Бөлтіріктің баласы ел ішінің ісіне жаңадан араласа бастаған шағы екен. Бір жиын үстінде қызу әңгіме-дүкен болады. Кісілер сұлу сөйлеп, тапқыр сөйлеп, алға озғысы келіп сөз жарыстырып отырады. Жиналғандардың ішінде бір байдың мырзасы да бар екен. Өзі малға бай болғанымен, сөзге кедей екен, мінезі де жайсыз болса керек. Сол реті келген жерде де, реті келмеген жерде де сөзге жармасып, елдің алдын орай береді. Сөздің мәні кеткен соң, Бөлтіріктің баласы, өз сөзі кезегінде:

– Аузы қисық болса да, байдың ұлы сөйлесін, – деп өзінің сөзге қатысқысы жоқ екенін самарқау білдіреді. Содан ары жұрттың әңгімесі жараспайды. Бай баласының аузы шынында да аздап қисық екен. Әлгі сөзге намыстанып, ашу шақырады. Жиынның шырқы бұзылады.

Болған жай Бөлтірікке жетеді. Баласының бір ауыз сөзі біреудің жиынының шырқын бұзуға себепші болғанына қатты қапа болады. Бөлтірік баласын оңаша шақырып алып:

– Сөзден тәтті нәрсе жоқ. Сөзден ащы нәрсе тағы жоқ. Сөзден жеңіл нәрсе жоқ. Сөзіңді тіліңе билетпе, ақылыңа билет. Ақылды сөзіңді ақылсызға қор етпе, ақылдыға айт. Не сөйлейтініңді біл. Кімге сөйлейтініңді біл. Қай жерде сөйлейтініңді біл. Қай кезде сөйлейтініңді біл. Қалай сөйлейтініңді біл. Оны білмесең, сара сөзің шала болады, арты жала болады, әкең қапа болады, – деп ақыл беріпті.

Көбінесе бұл мақалды «Аузы қисық болса да, байдың баласы сөйлесін» деп аздап өзгертіп қолданады. Мағынасыз әңгіме-сөздерімен сөзге кезек бермей қойған немесе мылжыңдап кеткен есірік кісілерді (әкім-қаралар мен байларды) осы мақалмен тұқыртып, тоқтам жасайды.

АУЫЗ – ДАРБАЗА, СӨЗ – САМАЛ,

ҚҰДАЙ ҰРҒАНҒА НЕ АМАЛ

Бұл нақыл: «Ауыз не айтып, не қоймайды, бірақ сөз бен мәністі ұқпайтын арсызға не деуге болады», деген мағынаны білдіреді.

Баяғыда Аужанбай деген қыдырымпаз болған екен. Ол күндердің күнінде бір ауылға қонақ болып қонып, кетпей жатып алады. Бір күн өтеді, екі күн, үш күн өтеді – қайтпайды. Сөйтіп жатуы молынан бір айға созылады. Қазақ қанша қонақжай болғанымен: «Бір күндік қонақ – құт, екінші күні – жұт, үшінші күні – зыт», – деген сөз бар емес пе. Сөйтсе де үй иесі сыр бермей күтеді.

Күндердің күнінде Аужанбай: «Қой, ұят болар, үйім іздеп қалар», – деп жинала бастайды. Атына мініп қоштасар сәтте, әлгі үйдің иесі сөздің сірағасы бойынша айтады ғой: «Ой, ерте кетіп барасыз, тамаққа қарағаныңызда болар еді», – дейді. Аужанбай:

– Ә, солай ма еді. Жарайды, осы тегі қоймадыңыз, бір айтқаныңыз болсыншы. Атымды қайда байлаймын? – дейді.

Сонда қонақжай үй иесі:

– Ауыз – дарбаза, сөз – самал, құдай ұрғанға не амал?! Тіліме байла, атыңды, тіліме байла! – деген екен күйініп.

АШ БӘЛЕДЕН ҚАШ БӘЛЕ

Күздің сары тамыз күнінде Тілеміс шешен үш-төрт жолдасымен бір байдың үйіне түседі. Бай үйі мал соймай, шай қоймай, анау- мынаумен айналысқансып жүріп алады. Сонда Тілеміс оң жақтағы жолдасының кеудесінен періп жібереді де:

– Тамақсау ит-ау, жүрегің үзіліп бара ма? Келгеніміз осы ғой, қолдары да тимей жатыр. Асықпасаң қозы да сойылады, шай да қойылады… – деп жатқандарын естіген бай балалары :

– Қонақтар төбелесіп жатыр, – деп шешелеріне, әйелі байға айтады. Тілемістің сырын білетін бай сезе қойып, «аш бәледен, қаш бәле» деген деп, мал да сояды, май да, шай да қояды. Барын беріп күтіп жібереді.

Бәлеқор, бұзық адамдармен дос, жолдас болма, ондай адамдардың жанына жолама, бәледен аулақ жүр немесе бастан құлақ садақа деген мағыналарда ұғынылады.

АШКӨЗДІК КІМГЕ АБЫРОЙ ӘПЕРГЕН

Қанша құйса да толмайтын шыңырау сияқты, дүние қусаң, түбіне жетпейсің. Сол дүниеқоңыздықпен жүріп, өзіңнің де адамдықтан шығып, тұңғиыққа батып кеткеніңді білмей қаласың. Абырой таппайсың, деген ойды білдіреді.

Баяғы заманда ағайынды үш жігіт болыпты. Бір күні үшеуі сапар шегіп келе жатып, бір қап алтын тауып алыпты. Бөліп алмақ болып, базарға келіпті. Бір шетке жайғасыпты да, екі ағасы інісін қымыз әкелуге жұмсапты.

– Олжамызға ортақтастырмай, бұл сұмды өлтіріп тастайық, – десіпті екеуі інісі кетісімен.

Інісі қымыз алып, қайтып оралғанда, екеуі тап береді де, әп-сәтте шаруасын тындырады. Сөйтіп қымызға бас қояды.

Бір уақытта екі ағасының іштері ауырып, сол жерде жан тапсырады. Сөйтсе інісі: «Мен екі ағамды өлтірсем, бір қап алтын түгел өзіме қалады» деп, қымызға у салып әкелген екен. Үшеуі де сол жерде жан тапсырып, бір қап алтын далада қалыпты. «Ашкөздік кімге абырой әперген».

АШТЫҚТА ЖЕГЕН ҚҰЙҚАНЫҢ

ДӘМІ АУЫЗДАН КЕТПЕЙДІ

Ілгеріде болған ерекше оқиғаның естен кетпейтінін жеткізерде немесе жақсы күндерді еске түсіргенде осы бейнелі сөзді қолданады.

Бір жолы данышпаннан:

– Дүниеде қандай тағам ең дәмді, әрі сүйкімді деп ойлайсыз? – деп сұрапты. Әлгі данышпан сонда:

– Дүниедегі ең дәмді тағам – аштықта жеген тағам. Оның дәмі ешқашан ауыздан кетпейді, – деп жауап беріпті.

Соған қарағанда, «Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді», деп айтқан қазекем әрі данышпан, әрі көреген-ау.

АШУ – ДҰШПАН, АҚЫЛ – ДОС,

АҚЫЛЫҢА АҚЫЛ ҚОС

Қазыбектің аталас ағайындары – Бертіс би мен Тілеуке би мұның ел ішіндегі абыройын көре алмай, жастарының үлкендігін малданып, оны бір күні шақырып алады. Әуелі Бертіс би тұрып:

Ақылы елден артылған,

Ақылың болса мақтан.

Ынтымағы жұрттан асқан,

Жақының болса мақтан.

Сенің жасың кіші ғой,

Ағаңның алдына шығудан сақтан! – деп ескертеді.

Қазыбек оларға:

Бір бала бар —

Атаға жете туады.

Бір бала бар —

Атадан өте туады.

Бір бала бар —

Кері кете туады! – деп жауап береді. Мұның айтқанын ана екеуі кек тұтып, күні бұрын дайындап қойған адамдарына белгі береді… Бұзықтар Қазыбектің үстіне шекпен жауып, сабамаққа айналады. Сол кезде аттың дүбірі естіледі. Бұл келген Қазыбектің кенже інісі Бөдене батыр екен. Ағайындарының ағасын оңаша шақыруынан қауіптеніп, асығып жеткен беті осы еді. Ашулы батыр ана екеуіне қылыш ала ұмтылады. Қазыбек інісін тоқтатып:

– Шырағым, бір қолың ұрыс бастаса, екінші қолың арашашы болсын, Ашу – дұшпан, ақыл – дос, ақылыңа ақыл қос. Жауға сілтер қаруыңды жақыныңа сілтеме! – депті.

Яғни, ашу үстінде дұшпаныңнан да бетер бір нәрсені бүлдіріп қоюың мүмкін, сондықтан сабыр сақта, ақылға кел, ақылыңмен дос үстіне дос арттырасың, деген даналыққа үндейді.

АЮ, АЮ, АЮ ЕДІ,

АЮ ДА БОЛСА, БАЙЫМ ЕДІ.

ҮҢГІР, ҮҢГІР, ҮҢГІР ЕДІ,

ҮҢГІР ДЕ БОЛСА, ҮЙІМ ЕДІ

Бұл сөз тіркесі: «Бәріне көніп, етім үйренген, енді өзге нәрсені қаламаймын. Мені жайыма қойыңдар», – деген тілек, өтінішті білдіреді.

Ертеде бір ханның сұлулығына ақылы сай қызы болған екен. Оған бір аю ғашық болыпты. Қыз он бес – он алтыға келген кезде, аю ебін тауып, оны әкетіп қалыпты. Содан қызды үңгірден шығармапты. Бір күндері қонжық бала тауыпты. Ол аяқтанып, өзіне-өзі келген соң, баласын ертіп, үңгірден шығуға рұқсат беріпті.

Қызы жоғалған хан уәзірлерін бүкіл даланы шарлап, тау-тасты, сай-саланы кезіп іздейді. Қызы өлді дегенге және қимайды. «Өлсе, неге өлігі шықпайды?» – деп табаны таусыла іздеу салуын тоқтатпайды. Бір күні уәзірлері:

– Хан ием, жыл артынан жыл өтті. Екі жыл болды, бір тынымсыз іздестірудеміз. Енді біраз көңіл сергітіңіз. Жаныңызға жігіттерді алып, аңға шығып, серуендеп қайтыңыз. Өзіміз-ақ іздестіруді жалғастыра берейік, – дейді. Хан келісіп, аңға шығады. Саятта жүргенде ағаш арасынан қызы мен аю немересін көріп қалып, сарайына алып келеді.

Үйіне келіп, мауқын басып біраз жүрген соң қыз:

Аю, аю, аю еді,

Аю да болса, байым еді.

Үңгір, үңгір, үңгір еді.

Үңгір де болса, үйім еді, – мен қайтайын, – деп, әкесінен қоярда-қоймай рұқсат сұрап, келген жеріне қайтып кетіпті.

АЯҒЫҢНАН СҮРІНСЕҢ ДЕ,

АУЗЫҢНАН СҮРІНБЕ

Бұл жерде іс-әрекетіңмен қапы қалсаң да, сөзіңнен есе жіберме деген ойды айтып тұр.

Өткен ғасырда аға сұлтан болған Сандыбайдың Ердені найман Бәтеш деген жігітті өзінің үйінде қымызмұрындыққа жиналған жұртқа мақтап: «Осы жігіт елдің жағдайын ойлайды, халқының қажетіне жарайды», – деп отырса керек.

Сол кезде Бәтеш атынан түсіп келе жатыр екен. Сонда Ерденнің мақтаған жігітін сынап көрейік деген кісілер табалдырықтан бір сүйем жоғары жіп керіп қойыпты. Қаперінде ештеңе жоқ Бәтеш:

– Ассалаумағалейкум! – деп кіре бергенде, жіпке сүрініп, ортаға топ ете түсіпті.

Ерден ештеңе дей алмай булығып отырып қалыпты. Бәтеш жайымен орнынан тұрып, үстін қағып болған соң:

– Батырдың батыр екенін қайдан білесің,

Найза алып жауға шаппаса?

Бидің би екенін қайдан білесің,

Саралап билік айтпаса?

Байдың бай екенін қайдан білесің,

Оқалап үйін жаппаса?

Бәйбішенің бәйбіше екенін қайдан білесің,

Жиынға саба артпаса?

Жігіттің жігіт екенін қайдан білесің,

Қыздардың көңілін таппаса?

Қыздардың қыз екенін қайдан білесің,

Шытыра моншақ тақпаса?

Мынау Ерденнің ақ ордасы екенін қайдан білесің,

Біреу сүрініп, біреу жығылып жатпаса, – деген екен. Ерден Бәтештің сөзіне риза болып, ат-шапан сыйлап қайтарыпты.

АЯЗ БИ, ӘЛІҢДІ БІЛ, ҚҰМЫРСҚА, ЖОЛЫҢДЫ БІЛ…

Майқы би, Аяз би мен Құмырсқаға көбінесе арқа сүйеп, оларға сенеді екен. Ол екеуімен Майқы би халық тағдыры, ел жағдайы, шаруа қамы жөнінде жиі-жиі ақылдасып, ой-пікір алысып отырады. Кейде дәл жауап айта алмай, шалыс басқан заматта оларға ескерту жасап түзеп, бағыт береді екен. Бір жолы ол екеуі жарыса сөйлеп, Майқының алдын кес-кестей беріпті, сонда Майқы би оларға былай депті:

Билер бүгін Майқының алдын кесесің,

Ертең жұрттың төбесін тесесің.

Майқының да айтатын кебі бар,

Айтуға аузының да ебі бар.

Хан сөзінің қашанда бәрі дұрыс,

Әзір сөзімде болмас бұрыс.

Ақылым алжыған жоқ,

Ондайды болжағам жоқ.

Орынсыз ауыз ашсаң,

Екі би басарсың шоқ.

Аяз би, әліңді біл,

Құмырсқа жолыңды біл…

«Аяз би» ертегі аңызында «Аяз би әділ болды. Тура билік ететін еді. Нашарларға қарасты. Баяғы өзінің жыртық тоны мен жаман тымағын ордасының маңдайшасына шегелеп қойды. Кейде хандықпен көңілі ауытқып, тура жолдан таяйын десе, шегелеулі тымағы мен тонына қарап: «Ай, Аяз, баймын деп аспа, ханмын деп таспа! Аяз, әліңді біл, Құмырсқа жолыңды біл!» – деп көңілін басушы еді дейді.

Бұл мақалда қолым билікке, тақ-мансапқа жетті деп, асып-таспа. Өз қалпыңа, сабаңа түс. Алды-артыңа қарап сөйле. Өз әліңді, жолыңды, жөніңді біл деген ой, қағида жатыр.

АЯҚҚА КІСЕН САЛУҒА БОЛАР,

ҚОЛҒА КІСЕН САЛУҒА БОЛАР,

АЛ, ТІЛГЕ КІСЕН САЛУҒА БОЛМАС

Боралдайдың бір байы мен жалшысы дауласып, Бәйдібек биге барыпты. Бұл кезде Бәйдібек бидің жігіт шағы екен. Бай айтыпты:

– Өзім асырап, есігіме салған құлым еді. Ауқат беріп, әлдендірдім, ескімді беріп киіндірдім. Соған місе қылмай, енді менен ат дәметеді.

Би жалшыға сөз беріп:

– Кәне, сен сөйлеші, – десе, әлгі жалшы өте момын, жалтақ болса керек, байға жалтақ-жалтақ қарай беріпті. Ал бай болса, оған көзін алартып қояды. Жалшының бұл халін сезе қойған Бәйдібек би:

Аяққа кісен салуға болар,

Қолға кісен салуға болар,

Ал, тілге кісен салуға болмас, —

деп, жалшыға араша түсіп, ақысын алып беріпті.

Халқымыздың салт-дәстүрінде тіл мен сөзге үлкен мән берген. Сол себептен қандай ащы, ауыр сөз болса да, «айтып қалсын» деп, бөгет болмаған. Міне, «… тілге кісен салуға болмас» деген қанатты сөздің астарында дәстүрге негізделген осындай ой жатыр.