Читать книгу «Қанатты сөз – қазына. 1-кітап» онлайн полностью📖 — Кеңес Оразбекұлы — MyBook.
image



















































































































































Қазақ халқы үшін дастарқан үстіндегі дәмнен үлкен нәрсе жоқ. Тіпті, аңдаусызда үйге кіріп кеткен жыланның басына ақ құйып шығаратын көшпенділер үшін, тұз-дәмнің қасиеті ерекше. «Бір күн дәмдес болған кісіге қырық күн сәлем бер», деген сөз бекер айтылмаған.

«Кісі айдаса барма, дәм айдаса қалма» дейді атамыз қазақ.

1920 жылдар Жақанбек атты ауқатты кісінің даңқы қымызбен шығыпты. Жетісу өңіріндегі ел: «Шіркін, Жақан аулының қымызы-ай!» – деп тамсанып жүреді екен. Бір күні Ысқақ деген ақсақал Жақанбектің үйіне түсіпті. Жөн сұраса келе, үй иесі қонағының атақты мешкей Ысқақ екенін біліп, бәйбішесіне:

– Сабадағы қымызды сарқып ішетін дәудің өзі келіпті. Шөлін қандыру оңай болмас, тегі. Қымызыңа іркіттің суын қосып жібер, – деп құлаққағыс қылыпты. Бәйбіше отағасының айтқанынан аса алмай, айтқанын істейді. Екі тостаған қымызды сіміріп салған Ысқақ, ыдысын жозының үстіне қойып, сыртқа шығыпты. Мешкей қонағынан тезірек құтылғанына қуанған Жақанбек шығып:

– Апыр-ай, ақсақал, жүрісіңіз суыт қой. Неге асықтыңыз? – десе керек. Сонда Ысқақ:

– Е, Жақанбек, аңсап келгенде, аруақ қонған дастарқанның ақ, адал дәмін арамдап бердің. «Асты қорлағанның арты оңбас» деуші еді. Мен содан шошынып барамын, – депті.

Ай өтті ме, өтпеді ме, осы оқиғадан кейін ел іші бір дүрлікті. Жақанбек байдың жалғыз ұлы шілденің шіліңгірінде құм ішінде адасып кетіп, жұрт болып жабыла іздеп, үш күннен соң әрең тапқан. Басынан күн өтіп, таңдайы қаңсып, кеуіп кеткен байғұс бала ауыл іргесіндегі Жаманқұмда жол таба алмай, қаталап шөлдеп өлген екен.

АСТЫНДАҒЫ АТЫН АЛТЫ АЙ ІЗДЕПТІ

(Екінші нұсқасы)

Ертеректе Қасым деген бай болыпты. Сол кісі бірде қырық шақты жылқысын базарға пұлдап қайтпақшы болып, «Қоянды» жәрмеңкесіне жол тартыпты. Айдап бара жатқан өзі мінген атын қосқанда қырық жылқы еді. Базарға барған соң, 39 жылқысын сатады. Елден 40 жылқымен шыққан кісі: «Ау, бір жылқым қайда?» – деп таң қалады.

Ол кезде «Қоянды» жәрмеңкесіне 2—3 ай жол жүріп жететін. Еліне 2—3 айдан соң оралып, сатуға апарған жылқысының біреуі кем болғанын әңгімелеп отырады. Ауылдастарының бірі: «Ағасы, атыңыздың белгісі қандай?» – деп сұрайды. Ол: «Жирен қасқа ат еді», – дейді.

Інісі: «Аға, сіз сол жәрмеңкеге не мініп барып қайтып едіңіз?» – деп сұрайды. Сонда ғана өзінің мініп жүргені сол жирен қасқа ат екенін біліп, санын бір-ақ соққан екен.

«Астындағы атын алты ай іздепті» – деген қанатты сөз содан қалса керек.

АСТЫҢ ДӘМІН ТҰЗ КЕЛТІРЕДІ,

ҮЙДІҢ СӘНІН ҚЫЗ КЕЛТІРЕДІ

Ертеде бір бай өмір сүріпті. Оның айдай сұлу үш қызы бар екен. Бай күндердің күнінде қыздарын шақырып алып: «Қыздарым, сендер мені қаншалықты жақсы көресіңдер?» – деп сұрақ қояды. Сонда үлкен қызы тұрып:

– Әке, мен сізді қант секілді жақсы көремін, – дейді. Ал ортаншы қызы:

– Балдай жақсы көремін, —дейді.

Ең кіші қызы:

– Әке, мен сізді ас тұзындай қадір тұтамын, —дейді. Кіші қызының жауабына қанағаттанбаған әкесі қызын сарайдан қуып шығады. Қыз ұзақ жол жүреді. Әбден шаршаған қыз өзен жағасынан үлкен сарай көріп, қуанып кетеді. Сарайға енген ол, сонда қызметші болып жұмысқа тұрып, тіршілігін әрі қарай жалғастырады. Күндер айларға, айлар жылдарға ұласады. Күндердің бірінде оны көзі шалып қалып, хан ұлы ғашық болады. Хан қыздың жылы жүзінен кішіпейілділік, мейрімділік, ізгілік, адамгершілік қасиеттерін байқайды. Сөйтіп ұлына жар етуіне рұқсатын береді. Ұлан асыр той өтеді. Қыздың әкесі бұл тойдың қадірлі қонағы ретінде үлкен құрметпен шақырылады. Оған арнап ас әзірлеуді қыз өз мойнына алады.

Қыз әкесіне дайындаған тамаққа бал мен қантты көбірек қосады. Ол тағамды жеген әкесі:

– Менің тамағым неге басқалардікі сияқты дәмді емес, —деп ашуланады. Сонда бұл сұраққа қызы жауап береді: «Астың дәмін қант пен бал емес, тұз келтіреді, әке», —дейді. Сонда барып әкесі өз қателігін түсініп, қызынан кешірім сұраған екен.

Бұл жерде халық астың дәмін тұз келтірсе, үйдің сәнін қыз келтіреді деген ойға әкеп тіреп тұр. Иә шынында үйді сыпырып-сиырып, жинап, тазалап, ретке келтіріп, үйдің сәні мен әрін ашып отыратын қыз баласы емес пе. Ел арасында бұл мақалдың «Астың дәмін келтірген тұз әулие, елдің сәнін келтірген қыз әулие» деген нұсқасы да кездеседі.

АСЫҒЫС ТҮБІ – ӨКІНІШ

Асығыс, қарбалас тірліктің шикі шығып, артынан әрқашан да өкініш тудыратыны бейнеленген Абай сөзі:

«Досыңа достық – қарыз іс,

Дұшпаныңа әділ бол!

Асығыс түбі – өкініш,

Ойланып алмақ – сабыр сол».

АСЫЛ – АСЫЛЫНА, НӘСІЛ – НӘСІЛІНЕ

Бірде «ұрлық жасады» деп жарлы-жақыбайлау біреуді ханның алдына алып келіпті. Ол адам «тауып алдым, ұрлап алған жоқпын» деген сөзден танбапты. Ал талапкер болса, «әйтеуір жоғалған затым сенен шықты ғой, ұрлап алдың» деп қасарыса түскен екен. Сонда ақылды хан өз пікірін өз ішінде сақтай тұрып, уәзірлеріне: «Мына бейбаққа қандай жаза қолданамыз?» дейді. Бірінші уәзір: «Отқа тірідей өртеп жіберу керек» десе, екіншісі: «Қолын қол, бұтын бұт қылып, кескілеп өлтіру керек» дейді. Ал үшінші уәзір күлімсірей отырып: «Осы мен бір нәрсеге таңғалып отырмын», – дейді. Жұрттың бәрі оның аузына қарай қалады. – «Асыл – асылына, нәсіл – нәсіліне» деген бұрынғылардан қалған сөз бар-ды, сол рас па деймін. Мына уәзір «отқа өртеу керек» десе, екіншісі «кескілеу керек» дейді. Отты айтып отырған уәзіріміздің әкесі өмір бойы ұсталық құрған еді. Ал екіншісінің әкесі өмір бойы қасапшы болған-ды. Құдай ауыздарына қалай салып отыр десеңші…»

Екі уәзір де төмен қарап, үнсіз қалады. Сонда хан:

– Ал енді, өзің қандай уәж айтпақшысың? – дейді әлгі уәзірге.

Ол тұрып:

– Меніңше, бұл адам ұрлап алмаған. Түсіп қалған затты тауып алған. Бірақ тауып алған затын «оңай олжа» деп, алған да жүре берген. Ал, мұсылмандар маңайында тірі жан болмаса да, «мынау кімдікі?» деп үш рет айғайлап сұрауы керек. Бұл енді оның білместігі болған. Әңгіменің қысқасы: затын танып тұрған адам өз мүлкін алып жүре берсін. Ал мына жазаға тартылғалы тұрған адамға кешірім жасалық. Екіншілей қайталаса, осы уәзірлердің кесімі шешім болсын, – депті.

Хан басын изеп: «Кең болғаннан кем болмаспыз, кез келгенді қыра беріп, ел болмаспыз» деген екен.

АСЫЛЫҚ АЙТПА,

АУЗЫҢДАҒЫ АСЫҢНАН ҚАҒЫЛАРСЫҢ

Бұл нақыл «артық айтып, шектен шықпа, тәубеңе түс» деген емеурінді аңғартады.

Отағасы үйіне кірмей жатып, бәйбішесіне:

– Тамағың бар ма, ашығып келдім, – дейді. Бәйбішесі:

– Қазанға ет салып қойдым. Құдай қаласа, бұйыртса, пісіп қалар, – дейді. Отағасы:

– Ой, ет қазанға түскен болса, бұйырса да, бұйырмаса да жейміз ғой, – дейді.

Содан ас дайын болып, енді әкелейін деп жатқанда, үйге екі нөкер баса көктеп кіреді. Үй иесін алдындағы асына да қаратпай ұстап алып, тұтқындап, апарып қамап қояды. Содан ол бірнеше күннен кейін ақталып, үйіне қайтып келеді. Есігін қақса, ар жағынан бәйбішесі:

– Бұл кім? – дейді. Сонда аузы күйген отағасы:

– Бұйыртса, күйеуіңмін, – деген екен.

«Асылық айтпа, аузыңдағы асыңнан қағыларсың», – деген сөз содан қалыпты.

АСЫҢ ТҮГІЛІ, ТАБАҒЫҢ ҚАЙДА?!

Бұл сөз тіркесі «болар іс болып, бояуы сіңді, баяғыда қайда қалдың?!» -деген мағынада қолдынылады.

Қазақта астан кейін ет пен қамырды турап, нарын жасайтын әдеті. Сол дағды бойынша, үлкендер ет пен қамырды турайды. Үйдің бәйбішесі жас келінге табақты беріп:

– Сырттан үстіне сорпа құйып әкел, – деп жұмсайды. Дала қараңғы, ай тумаған екен. Келін сыртқа шыға бере сүрініп құлап, табағы «сатыр-сұтыр» ете қалады. Үйден енесі дауыстап:

– Ой-бу-уй, жолда бұзау жатыр еді, асыңа абай бол! – деген екен, келіні:

– Асың түгілі, табағың қайда?! – деп қойып қалыпты. Сөйтсе, бұзауға сүрініп жығылғанда, табағы ұшып кетіп, соны таба алмай сипалаңдап жүр екен.

АТ АЙНАЛЫП ҚАЗЫҒЫН ТАБАДЫ

Николай заманында Жетісу елінің атақты байы бір жылы жәрмеңкеде өзінің кекселеу болып қалған жүйрік айғырын үйірімен Әндіжаннан келген (Өзбекстандағы қала, елді-мекен) саудагерге сатып жібереді. Сол айғырдың жеке өзін келесі жылы жазда жайлауға шыққан малшылар «Мыңжылқы» өңірінен көріп қалып, байға хабар береді. «Қайтқан малда береке», – деп бай айғырды ұстап алып, мойнынан құшақтап, маңдайынан сүйіп тұрып, көзіне жас алады. Өйткені, ол айғырдың Әндіжан жерінен осы «Қарқараға» жеткенше бір жылдай уақытта қандай қиыншылық көргенін ұғыну оңай емес еді. Үйірін айдап шығып, айырылып қалды ма, немесе жеке өзі қашып шықты ма, ол жағы беймәлім. Әйтеуір қуғынды көп көрген сияқты, атты адамды алыстан көргеннен қаша беретін, денесінің тілім-тілім болмаған жері аз, не болса да көп қиындықпен жеткен. «Жылқы жершіл», «Ат айналып қазығын табады» деп халқымыз бекер айтпаса керек. Жақсы жылқы басы бос болса, қандай қашықтықта болмасын туып-өскен жеріне тарта береді, жануарлардың есі анау-мынау адамнан кем болмайды.

Бай содан кейін ол айғырды өз қолынан шығармай, үйірге қосып жүрді.

АТ – ЖАЯСЫ ЖАЛПАҚ БИЕДЕН,

ЕР АЛАҚАНЫ ЖАЗЫҚ АНАДАН ТУАДЫ

Еліне қадірлі, әділ билік жүргізген Сүлеймен деген қарт әл үстінде жатқанда, үзеңгілес жолдастары, жақын ағайын мен өзінің үш баласы әкеден өсиет күтіп отырғанда, балалары әкеден өсиет сұрауға жарамай, сықсыңдап жылай беріпті-міс. Сонда олардыың бұл қылығына разы болмаған Сүлеймен жиналғандарға қарап: «Ат – жаясы* жалпақ биеден, ер алақаны жазық анадан туады» деуші еді атам қазақ. Көз жасына ие бола алмай отырған мына балаларымнан не шығушы еді. Бұлардың анасы есіктен келген балаға дастарқаннан уыстап бауырсақ әкелгенде, уысына үш бауырсақтан артық сыймаушы еді. Содан туғандар мыналар ғой, көз қырларыңды сала жүріңдер», – деп, балаларын өзінің үзеңгілес достарына тапcырыпты-мыс.

Қолы ашық, кеңпейіл, дархан аналардан ғана ерлер туады деген ойды береді.

АТ – ЕР ҚАНАТЫ

Ұлы Алла Адам атаны жәннаттан шығарып, жерге түсірген кезде оны төрт көзі бар, қанатты пыраққа мінгізген екен. Адам ата жерге түскенде, бойын үрей билейді. Бейтаныс мекен көзіне жат көрінеді. Қорыққаннан пырақтың мойнынан құшақтап алып жібермей қояды. Бірақ пырақтар қайтадан жәннатқа көтерілмек болады. Сол кезде Адам ата аттың қанаттарын қырқып тастайды. Пырақтар не істерін білмейді. Сол кезде Алладан:

– Адамның жүрсе, қанаты, жау тисе, қорғаны бол. Адамға қызмет ет, – деген бұйрық келеді. Ат амалсыз жерде қалады. Бұрынғы қанатындағы күш-қайраты оның аяқтарына ауысады. Бастапқыда ат жерге үйрене алмай, жәннатты аңсап жылай берген екен. Күні-түні жылағаннан төрт көзінің екеуі суалып, көрмей қалады. Аттың маңдайындағы көзге ұқсас шұңқырлар құрғап қалған жанардың орны екен. Содан бастап ат адамның ажырамас серігіне айналады. «Ат – ердің қанаты» деген мәтел осыдан қалған екен.

Көшпелі дәуірде ат, жылқы деген атаулар қазақ даласының екінші есіміндей болып кеткен еді. Кең байтақ даланы меңгеру үшін, құс қанаты талатын қашықтықты қаусыру үшін тек аттың ғана жалы мен белі, тұяғындағы желі керек болды. Тарихтағы қиян-кескі жорықтар, дала үшін ұзақ қан төгіс қырғындар ат арқасында өткен. Қысқасы, қазақтың екі сөзінің бірі – ат туралы болатын. Содан да болар, халқымыз «Ат – ер

Жая* – жылқының сауыр еті.

қанаты», «Ат жетпейтін жер жоқ», «Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар», «Ат сүрінбей жер танымас», «Ат тұяғын тай басар» дегендей көптеген мән-мағыналы қанатты сөздер қалдырған.

АТАДАН БАЛАНЫҢ БАҒЫ АСЫП ТУУЫ МҮМКІН,

АЛ АҚЫЛЫ ШИРЕК ТЕ БОЛСА КЕМ ТУАДЫ

Әкесіне қарағанда баланың өмірде жолы болуы, қызмет-мансабы өсуі, бағы жануы мүмкін. Бірақ әке алдында ол қашанда перзент. Әкесінен көп өмір сүрген жоқ. Демек, тәжірбие, өмірді танып-білу, көңілге түю тұрғысынан әкесінен асып кете алмайды. Нақылды осы мағынада түсіну керек.

Жиренше бозбала кезінде жасы ұлғайған әкесін ауыл сыртындағы төбеге атпен апарып отырғызып, өзі ауыл аралап, кешке қарай қайта атпен алып қайтады екен.

Бір күні Жиренше нағашысының аулына қыдырып кетеді. Содан қайтар жолда бір жас жігіт жолдан қосылып, бірге жүреді. Ауылға жақындағанда әлгі жігіт басқа ауылға бұрылып, әндетіп кете барады. Жиренше күндегі әдетімен төбе басында отырған әкесін үйіне алып келіпті.

– Балам, жаңағы жолдасың еркек пе, әйел ме? – деп сұрапты әкесі.

– Әйел емес, жас жігіт.

– Ендеше кеткен ауылына барып келші, меніңше сол әйел, – депті әкесі.

Сол ауылға барып, қайта оралған Жиренше:

– Әке, сіздің айтқаныңыз рас екен, мен шамалас қыз болып шықты. Оның әйел екенін қайдан білдіңіз? – деп сұрайды. Әкесі айтады:

– Алыста келе жатқанда аяғы аттың екі өкпесінен шықпады. Ауылға жақындағанда ерге еңкейіңкіреп отырды. Сенен бөліне беріп ән салғанда, әнді еркекше бастады да, әйелше қайырды, содан білдім. Сол қызбен сөйлес, болашақ жарың сол болады, – дейді.

Атақты Қарашаш анамыз сол қыз екен. Жиреншенің «Атадан баланың бағы асып тууы мүмкін, ал ақылы ширек те болса кем туады» деген сөзі содан қалыпты.

Халықтың жорамалы бойынша, Жиренше шешеннің әкесі де сөзден қаражаяу болмаған екен.

АТА ҚАРҒЫСЫ ОҚ

Ілгері заманда дүниеде жоқ бай болыпты. Бірақ оның баласы болмайды. Жаратқанға жалынып, сыйынбаған мазары, бармаған жері қалмай жүріп, жасы жетпіске таяп қалғанда жалғыз ұл көреді. Баласы жастайынан елдің тілін алмайды, өзінің білетінін істеп, теріс болып өседі. Ата-анасы басқа қылар айласын таппайды. Ақыры атасы, «құс болып, ұлып қал, ұяң таста болсын», – деп қарғайды. Атадан қарғыс алған жалғыз бала «Байұлы» деген құсқа айналып қалған екен. «Ата қарғысы оқ» – деген сөз қалған екен елде.

Ілегіргі замандарда ата, әке қарғысы – ең ауыр, зардапты жазалардың бірінен саналған. Халық сенімі бойынша мұндай қарғыс арқалаған адам ерте ме, кеш пе бір қауіп-қатерге жолығады немесе өмірде жолы болмайды. Сондықтан есі бар әрбір ұл-қыз ата-ана қарғысына ұшырайтын теріс қылық-әрекеттерге бармаған. Ата-анасын мейлінше сыйлап, құрметтеп, олардың ұстанған пікір, көзқарастарына қарсы келе бермеген.

Бүгінгі күндері де сол дәстүр маңызын жойған жоқ.

АТА ҚАРҒЫСЫ – ОҚ (Екінші нұсқасы)

Қария сөздің айтуында Ақсерке дәулетті, бай болған адам екен. Байлықтың өзі адамның ниетіне бітеді деген сөз рас болса керек. Ақсерке мыңғырған малын бағып-қағатын малшылардан «аттың майы»* дегенді сұрамайтын мырза адам болыпты.

Бірде Ақсеркенің баласы Жарасты біреулер қоздырып, намысына тиіп, «шынымен әулеттерің мырза болса, мына жалы жер сызып жүрген ақ жал қара айғырды қонақасыға сойшы, көрейік» деп қойт-қойттайды* ғой. Жарас та қызуқанды жігіт болса керек, сол жерде айғырға бұғалық салдырып, шыңғыртып отырып бауыздатып тастайды. Ақ жал қара айғыр Ақсерке әулетінің кие-құты, малының басы екен. Сондай қасиетті жануарды пышаққа шалған баласы Жарасқа Ақсерке қатты ренжіп, теріс батасын беріпті.

«Ата қарғысы – оқ» деген, сол Жарастың ұрпағы өсіп-өнбеген. Кеңес заманындағы аласапыранда Жарастан тарайтын аз ғана ұрпақ Ауғаныстан ауып кеткен екен.

 
АТАМЫЗ – АЛАШ,
АТЫМЫЗ – ҚАЗАҚ,
ҮШ ЖҮЗДІҢ ҰРПАҒЫМЫЗ  (Екінші нұсқасы)
 

Бір жорықта Қызыларыстан ханға асқан сұлу бір қыз тұтқын болыпты. Сонсоң, бұл қызды хан әйел етіп алыпты. Кейін бұл әйел жүкті болып, бір ұл табады. Әлгі ұлдың тұла бойы түгел ала болады. Мұны жамандыққа

Аттың майы* – бұл жерде аттың тері, күші.

Қойт-қойттайды* – айдап салады, қоздырады.

жорып, қалай жоғалтуды ақылдасқанда, ханның бәйбішесі: «Бұл баланы суға тастаңдар», – дейді. Бәйбішенің айтқаны бойынша баланы Сырдарияның суына апарып тастап жіберіпті. Мұны балық аулап жүрген бір кедей қария көріп, ұстап алады да, бағып бала қылады.

Сонымен, ала бала ер жетіп, асқан ақылды әрі батыр жігіт болыпты. Ала бала ел ішінде «Алаш» деп аталып, атағы жайылады. Мұны хан естіп, ордаға әкелдірмек болады. Бірақ ханның қасындағы Майқы деген адам: «Бұл баланы ордаға әкелмей, қасына жүз жігіт беріп, өз еркіне жіберу керек», – деп кеңес береді. Хан бұған мақұл болады. Бұған алғашында Үйсін деген жігіт жүз жігітпен барып қосылады. Келесі жолы Болат деген жігіт жүз жігіт бастап барып тағы қосылады. Үшінші жолы Алшын бастаған жүз жігіт және барып қосылады. Сонымен олар жорықтар жасап, төңірегіндегі елдерді бағындырады.

Кейін бұлар бас қосып жиын ашып, Алашты ақ киізге отырғызып хан көтеріпті. Сонан барып әлгі ала бала «Алаш хан» атаныпты. Үш жүз жігіттен қазақтың үш жүзі тарапты. Яғни, Үйсін бастаған жүз жігіт – Ұлы жүз, Болат бастаған жүз жігіт – Орта жүз, Алшын бастаған жүз жігіт – Кіші жүз болыпты. Сондықтан да қазақтар: «Атамыз – Алаш, атымыз – қазақ, үш жүздің ұрпағымыз», – дейді.

Бұл сөз тіркесі кейде «Ұранымыз – Алаш, керегеміз – ағаш» немесе «Киіз туырлықты, „Алаш“ ұранды қазақпыз» дегендей өзгерістермен де айтыла береді. Соған қарағанда, бұл сөз тіркестері Қазақ хандығы шаңырақ көтерілмей тұрып, одан бұрынғы дәуірлерде де кең қолданыста болған тәрізді. Яғни, «Алаш» сөзі ежелгі қазақ тайпаларының ең алғаш қауым болып біріккен одағының атауы болса керек.

АТАНЫҢ БОЛМА БАЛАСЫ,

ХАЛЫҚТЫҢ БОЛ ДАНАСЫ

Досбол шешен қартайған шағында Наурызбай деген болыстың үйіне барады. Наурызбайдың үйі лық толған кісі екен. Ылғи жайсаң, байлар. Досболға онша мән бермей босағаға таяу жерге отырғыза салады. Өзі болыс, өзі бай, өзі жас Наурызбай әркімді бір сөзбен іліп-қағып отырады. Бір кезде босаға жақта отырған Досболға қарап:

– «Ана қарияның елінің қары әлі кетпеген екен-ау» деп күледі. Онысы Досболдың үстіндегі жаман тон мен басындағы тері тымақты сықақ қылғаны. Оған Досбол шешен жауап бере қоймайды. Наурызбай біраздан кейін тағы Досболға бұрылып:

– «Ана кісінің үстінде дүниенің біраз байлығы бар шығар» дейді. Сонда Наурызбайдың бұл мұқатқанына шыдай алмаған Досбол шешен былай депті:

– …Уа, кәрілік, саған не жаздым,

Айғыр едім ат қылдың.

Жалғыздық саған не жаздым,

Сөйлер сөзге мәрт қылдың.

Жарлылық саған не жаздым,

Ағайынға жат қылдың.

Ағайынның азғанын

Өзі білмес, жат білер.

Қапталдықтың батқанын

Иесі білмес, ат білер.

Хан-патшаның азғанын

Қырағы көзді халық білер.

Менің кім екенімді білмесең,

Анау төрде отырған

Жаңаторы деген қарт білер.

















































1
...
...
8