БАЙАНА, ҰМАЙ АНА, МАЙ АНА
«Бұл тақырыпқа кейіннен келген Л. П. Потапов арғуларды арғын руымен жақындастырады: «Прежде всего о племени аргу, в среде которого (ХІв.) бытовало слово baуat в значении «бог». Этнографиялық деректер түркі-моңғол халықтарының Байана, Ұмай ана, Май ана деп атап жүргендерінің бір ғана ана құдайы екенін анықтайды.
Қазақтың ішінде сақталған «ой-бай» сөзінің семантикалық мағынасы тек Байана ұғымы арқылы ғана түсінікті болады. «Ойбай» сөзі Байананы көмекке шақыру, жалбарыну, толық нұсқасы «Ой-бай-ана». Байана атының ұмтылуына ислам дінінің тікелей ықпалы бар екенін көреміз. Шындығында да Сібір түркілерінің әлі күнге есінде жүрген «Байана» қазақтың ішінде тек «Баян сұлу» немесе одағай «ойбай» түрінде сақталуы ислам дінінің тікелей ықпалының нәтижесі…
Байат – құдай деген мағынада арғу тілінде қолданылады екен, кейін бұл сөздер Қарахан қағанатының әдеби тілдеріне енген… Байат, байата – еркек құдай, ал байана әйел құдай ретінде қолданылған болар.
Көне заманда «байана» ұғымының географиялық және этникалық шекарасы Еуразия құрылығын түгел қамтып жатты. Бұл ұғым тек түркі-моңғол ғана емес, үнді-еуропа, фино-угор, семито-хамит, т. б. тіл семьияларында кеңінен тараған. Орыстар өздерінің жырауларын «байан» деп атады емес пе? Бірақ сөздің толық мәнін тек Орталық Азия халықтары сақтап қалды». Е. Омаров, 180—181б.
Көне түркі мифологиясы бойынша, Ұмай ана – Ұлы Даланы мекендеген түркі тілдес халықтардың ұрпақ жалғастырушысы, береке-молшылық тәңірісі болған. Ертеде және бүгінгі заманда да халқымыз келін түсіргенде, әйелдер босанғанда, бөбектер мен аналардың жебеуші пірі ретінде сыйынады: «Май әулие! Майсыз барсаң есіркер қай әулие», «Менің қолым емес, Бибатпаның қолы» деген тіркестер соның айғағы.
БАЙ БОЛ, МОЛДА БОЛ!
«Бала кезде үлкендердің қолына су құйғанда, олардың көбісі: «Бай бол, молда бол, балам!» – деп бата беруші еді. Кеңес дәуірінде білім алып, «Бай мен молданы қойдай қу қамшымен» деген сөздерді жаттап өскеннен бе, «Үп-үлкен кісілердің мұнысы несі?» – деп аң-таң қалушы едім. Өсе келе түйсінгенім: бай бол дегені – миыңда да, үйіңде де бар болсын, төрт құбылаң сай болсын дегені екен. Молда бол дегені – білімді бол, ақылды бол дегені екен. Байды сараң, молданы арам деп насихаттаған кеңес идеологисы қанша мықты болса да, қазақтар өз балаларына Баймолда, Бақтыбай, Молдабай секілді есімдерді тегін қоймаған шығар-ау.
Әрине, байлық – мұрат емес, кедейлік – ұят емес. Жан байлығына не жетсін». (А. Қожаұлы. 9. 02.02.95).
Иә, автор дұрыс қорытынды жасайды, жан байлығына не жетсін.
БАЙҚОҢЫР – ҒАРЫШ АЙЛАҒЫ
«Байқоңыр – үстіміздегі ғасырдың (ХХ-ғасыр – К.О.) көп атауларының бірі – ғарыш ғасыры деп аталса, сол ғасырдың рәмізі – осы Байқоңыр. Бұл рәмізде екіұдайлық айқын көрінеді. Өткен мен келешек, ескі мен жаңа мәдениет, ғылым мен ата дәстүр осы мекенде ұштасады, олардың арасындағы қайшылықтар да осы жерде көрінеді. Қырғыз жазушысы Ш. Айтматовтың „Боранды бекет“ повесінде осы екіұдай сезім барынша дәл бейнеленген». (С. Қондыбаев, 9. 6.10.94.)
«Байқоңыр – ғарыш айлағы» дегенде біздің көз алдымызға шексіз ғарыш пен жердің арасындағы жолдардың түйіскен тұсы, бекеті елестейді. Өркениет өзегі, қақпасы орталығы біздің қасиетті жерімізде екен ғой. Тек соны ел игілігіне пайдалана алсақ игі.
БАЛА ЖЕТІГЕ КЕЛГЕНШЕ
ЖЕРДЕН ТАЯҚ ЖЕЙДІ
«– Бала деген жығылады, сүрінеді, жердің қаттылығын біледі, қауіп-қатер бар екенін ұғады. Ыстық пен суықты сезінеді, ащы мен тәттіні ажыратады, сөйтіп жүріп айналасын таниды. „Бала жетіге келгенше жерден таяқ жейді“ деп қазақ соны айтады». (Б. Момышұлы. 15.308-б.)
Бала сүрініп жығылғында, құлап, жылағанда, оның ата-ана, жақын туыстарын осы мәтелмен жұбатады.
БАЛА КІНДІК ШЕШЕГЕ ТАРТАДЫ
«Қазақта ерекше бір қадірлі, өзгеден орны бөлек жанның бірі – кіндік шеше. Сондықтан да „Бала кіндік шешеге тартады“ деп, сәбидің кіндігін кімнің кесуі керек екеніне талғаммен қараған. Бойында жұғымсыз қылығы бар, немесе ауру-сырқаулы, дімкәс адамдарға кіндік кестірмеген. Кіндік шеше болу үшін келіншектің енесімен бірдей жауапкершілік міндеттерді мойнына алатын, жүріс-тұрысы әдепті, қолы ісмер, өнерлі, мінез-құлқы жағымды болуы керек делінеді. Бұл тіпті қазір, медициналық тұрғыда дәлелденген. Өйткені, сәбидің кіндігін кескен кісінің биоөрісі балаға беріледі екен. Яғни, сәбидің болмыс-бітімі кіндік шешеге тартуы мүмкін деген сөз бұл. Бәлкім, соңғы кездері қазақ халқының генефондының өзгеріске ұшырауы кіндікті өзге ұлт өкілдерінің кестіргенінен болса керек. Өйткені, перзентханада кіндік шешені таңдап жатпайды ғой. Бірақ, ұлт болашағын ойлайтын болсақ, сәбилеріміздің кіндігін өзіміздің қазақтың әйелдері кесу қажет екенін де ойластырғанымыз абзал». (13.)
Бұл мәтелді аналар босанатын үйлерге іліп қойып, дәрігерлер тарапынан қадағаланып отырса болар еді.
БАЛА ТӘРБИЕСІ – БАРШАҒА ОРТАҚ
«Сәлем беру мен амандасу әдептіліктің ең алғашқы әліппесі. Нәресте сәлем беріп, амандасқанда үлкендер аман-сәлемді жай ғана қабылдай салмайды. «Таудай азамат бол! Көп жаса!» – алғыстарын жаудырады.
Мұның өзі баланы ынталандыра, құлшындыра түседі. Ол енді сәлем беруде, амандасуда қате жібермеуге тырысады. Үлкендердің жақсы лебізін естуге құмартады.
Егер бала сәлем беруді немесе амандасуды мүлт жіберіп алса, онда үлкен кісі жайлап қана ескерту жасап, аман-сәлем жасауға мәжбүр етеді. Қазіргі кезде көп айтылатын «Бала тәрбиесі – баршаға ортақ» – дейтін сөздің түп төркіні осында болса керек. Сөйтіп, қазақ даласында бала тәрбиесі тек өз ата-анасының ғана міндеті емес, дүйім жұрттың ортақ ісіне айналған». (2).
Осы сөз тіркесінің мәніне терең үңілмей, көбіміз атүсті қараймыз. Өкінішті-ақ.
БАЛА ТІЛІ – БАЛ
«Бір қызығы, … қытай деректерінде: „Түркілер баласын іске шалымды болсын деп, әрбір істе алымды болсын деп, жаңа туған сәбидің таңдайына бал тамызады“, – деген жазбалар кезігеді. „Бала тілі – бал“, „таңдайынан бал тамған“ деген сөздер бізге көне түркілерден жеткенінің дәлелі, міне осы». (М. Ахет. 47.4—15. 12. 2009.).
Былдырлап жаңа сөйлей бастаған сәбилер мен балдырғандардың тілінде үлкендер үшін қызықты, күлкілі болып келетін сөз қолданыс-тары жиі кездеседі. Сол себепті олардың күлкіге кенелтетін сүйкімді сөздерін тәтті балға теңеп, «Бала тілі – бал» дейді.
БАЛАНЫ ЖӨРГЕГІНЕН БАУЛЫ
«Бесік жырының бәрінде ананың мақсат-мүддесі негізгі нысана ретінде қамтылады. Ана тілінен, ана арманына асатын ұлы мұрат жоқ. Осы сүйіспеншілік бала құлағына бесігінен енеді. Ер жетіп, ат жалын тартып мінгенде баласының қандай азамат болып өсуі – ана жырының қайнары. Сол арман баланы ғана емес, тыңдаушыны да еліктіреді. Үлкен-кішінің жүрегіне ізгілік ұрығын себеді. Қазақтың „Баланы жөргегінен баулы“ дейтіні содан». (Қ. Толыбаев, 95.201-б.).
Бұл мәтелдің «Баланы – бастан», «Баланы бесіктен баулы» деген нұсқалары да бар. Бәрінің мағынасы бір, яғни, бала тәрбиесіне ерте бастан көңіл бөл, жастайынан баулып-тәрбиеле деген мағынаны береді.
БАЛАЛЫҒЫҢ ҰСТАСА, НАҒАШЫҒА БАР
«Қай кезде де нағашы мен жиеннің әзілі жарасып отырған. Мұндайда „Балалығың ұстаса, нағашыңа бар“ дейді. Байқағанымыздай, нағашы жұрт жиеннің еркелігін де, тентектігін де көтере білген. Нағашылары да жиенін ұтқыр әзілмен түйреп, жарасымдылықты, туыстар арасындағы татулықты көрсете білген». (А. Дүйсенбайқызы, 9. 27.06—3.07.2013.)
«Нағашылы-жиенділер кездескен жерде бір-бірімен әзілдесіп, ойнап-күліп жатады. Жиен мұндайда өзін еркін сезінеді. „Балалығың ұстаса, нағашыға бар“ деген осыдан шыққан». (С. Кенжеахметұлы, 43. 207-б.)
Жиеннің бал-балалық шағы мен еркелік дәуреніне нағашы жұрттың куәгер болып келетіні рас. Дегенімен бұл жерде нағашы жұрттың жиен алдындағы ыстық ықыласы мен кең пейілдігі дәріптеліп тұрғанын байқауға болады. Осы орайда бұл тіркестің «Балалығың ұстаса, нағашыңа бар, Жігіттігің ұстаса, қайныңа бар» деген толық нұсқасын да айта кетейік.
БАЛАПАННАН БАРШЫНҒА ЖЕТТІҢ
«– Бүркіттің ең алғашқы туғанын „балапан“ дейді. Екі жасарын – „қантүбіт“, үш жасарын – „тірнек“, төрт жасарын – „тастүлек“, бес жаса-рын – „мұзбалақ“, алты жасарын – „көктүбіт“, жеті жасарын – „қана“, сегіз жасарын – „жана“, тоғыз жасарын – „майтүбіт“, он жасарын – „барқыт“, он бір жасарын „баршын“ деп атайды. Тіліміздегі „бала-паннан баршынға жеттің“ деп жататын сөз – адамның өсіп-жетіліп, кемелденуін образды түрде осылай теңеп айтқаны». (Б. Момышұлы, 15.125-128-б.)
Негізінен қыздардың бой жетіп, толысқанын да осы сөз тіркесімен дәріптейді.
БАЛҚАН, БАЛҚАН, БАЛҚАН ТАУ,
О ДА БІЗДІҢ БАРҒАН (КӨРГЕН) ТАУ
«…Әзірше, қазақ ауыз әдебиетінде сақталған, мейлінше қазақтың скиф – сақ дәуіріне қатысы бар бір-екі нақыл жұмбақ сөздерге тоқтала кетейік.
«Балқан, Балқан, Балқан тау, о да біздің барған тау – дейтін нақылды, „Ұлың Ұрымға кетсін, қызың Қырымға кетсін“ дейтін қарғысты күні бүгінге дейін екі қазақтың бірі біледі. Бұл „мәтелдер“ біз сөз ғып отырған заманнан беріректе шығуы мүмкін. Өйткені скиф – сақ ұрпақтары варвар деген жалпы атпен кейініректе Балқанға да, Римге де бірнеше рет жорықпен барып қайтқан». (Б. Адамбаев, 1.263-б.).
Қиян түкпірдегі бір елді-мекенге немесе алыс шет елге барып, көріп-білгенін жеткізерде осы мақалға сүйенеді.
Ал «Ұлың Ұрымға кетсін, қызың Қырымға кетсін» деген мәтел бүгінде басқа жаңа мән-мағынаға ие болып, «Ұлың – Ұрымға, қызың – Қырымға» деген өзгеріске ұшыраған. Яғни, ұл-қыз өсіріп, оларды жетілдірген, үйлендіріп, жеке шаңырақ көтеріп, шалқып өмір сүрген отбасыны дәріптегенде немесе той-қуаныштарда ізгі тілек, бата ретінде айтылады.
БАЛТА ТҮСКЕНШЕ, БӨРЕНЕ ЖАЛ ТАБАР
«Бұл мақалды „Балта шауып үлгергенше, бөрене тыныс ала тұрады“ деген мағынада ұғу керек». (М. Әлімбаев.).
Бұл мақал ойлануға, кеңесуге, ақылдасуға мұрсат, уақыт бар деген мәнде айтылады.
БАЛЫҚ АУЛАЙ АЛМАҒАН СУДЫ ЛАЙЛАЙДЫ
«Адамзат тұрмыс-салтында мал бағып, егін егуді үйренбей тұрғанда-ақ, аңшылықпен қатар балық аулаумен айналысқан. Әуелі балықты тұйық жерге қуып қамап, қолмен ұстап, шанышқы, найзамен түйреп ұстаса, соңынан қайықты ойлап тауып, қармақпен аулауды, тор салуды үйренеді. „Балық аулай алмаған суды лайлайды“ деген мақал ертеден қалған». (С. Қалиев, М. Оразаев, М. Смайылова, 57.120-б.).
Қолынан іс келмейді, қайта бүлдіреді деген ойды береді.
БАРҒАН ЖЕРІҢ БАЛҚАН ТАУ—
ОЛ ДА БІЗДІҢ КӨРГЕН ТАУ
(Екінші нұсқасы) *
Біз барған, барып көрген жер деген мағынаны береді.
«Балқан тау. Қазақ аңыздарында кездесетін аңыздық таудың аты.
Барған жерің Балқан тау —
Ол да біздің көрген тау.
Бұл өлең жолдары аңыздық әңгімелерде жиі кездеседі, бірақ, ежелгі мифтік мағынасы белгісіз. Сарыарқада осы аттас тау бар делінеді.
Түркілік тарихи ареалда бірнеше Балқан таулар бар. Бірі – Солтүстік-батыс Түрікмениядағы Балхан таулары, екіншісі – оңтүстік европалық Балкан таулары, үшіншісі – башқұрт жерінде, Асылыкөл маңында, Давлекан ауданында, төртінші – Челябі облысында, Дема өзені аңғарында, Куншак ауданында. Балқантау туралы башқұрт эпосы – «Заятүлек пен Сусұлуда» айтылады. Мұндағы Балқан – байлық символы, мұнда аңның барлық түрі мекен етеді, жігіт пен қыздың молалары осы таудың басында делінеді.
Балқан – мифтік жерұйық, космостың, таза кеңістіктің, жалпы ғаламның моделі…». (С. Қондыбаев, 62.16-б.).
БАРСАКЕЛМЕСКЕ КЕТТІ
«Барсакелмес – Қазақстанда осы аттас сор да, арал да („Барссакелмес“ қорығы – К.О.) бар. Сондай-ақ ертегілерде бұл жер атауы жиі ұшырасады. Барсакелмес – өмір сүруге мүмкін болмайтын, адам өміріне қауіпті немесе өте алыста орналасқан жерлердің жалпы образдық баламасы. Күнделікті тілімізде алысқа, ұзақ сапарға кеткен адамды әзілдеп, „Барсакелмеске кетті“ дейтініміз де сондықтан». (С. Қондыбаев. 9. 6.10.99.)
Бұл сөз тіркесін кейде қаза болған адамға қаратып та айтады.
БАРСАҢ СЫМБЫЛ ДА ЖОҚ
«Сымбыл – сырғауыл. Сырғауылдан айырмасы, жіңішке және кәсіпке ыңғайлап дайындаған ағаш. Көбіне уық жасауға ыңғайлап, жас беректерін, бостандарын қырқып, сопа басын ғана қалдырған үш-төрт жылғы бұтақ. Берек, бостан – ағаш бұтағы, үрімі. Көбіне теректің, қарағайдың бостаны делінеді. Талдың бұтағы, тобылғының, алманың берегі дейді қазақ. Бұл күндері бостан да, берек те, үрім де ұмытылып, тілімізде жалғыз қалып барады. Терек осал ағаш, оның бұтағының бостан аталуы да, бәлкім, сондықтан болар. «Бостаны бар-ды теректің, болаты бар-ды беректің» (Шалкиіз).
Терек пен кегейдің қай түрі болса да мұндай кәсіби шаруашылыққа жарамайды. Сымбылдың сымбалдан айырмасы жалғыз ағаштығы. «Барсаң сымбыл да жоқ» деген осыдан қалған». (Б. Қыдырбекұлы, 69.89-б.).
Бұл мәтел кейде «Барсаң бақыр да жоқ» деп айтылады. Барсаң түк жоқ деген мағынаны береді.
*Балқан, Балқан…» тақырыпшасын қараңыз.
.
БАТА
«Тіліміздегі «бата» сөзінің араб тіліне де, ислам дініне де қатысы жоқ. Кейбір зерттеушілеріміз бұл сөзді Құранның «фатиха» атты бірінші сүресінің қазақшаланған түрі дейді. Бұлай деудің мағыналық тұрғыдан да, дыбыстық өзгеру заңдылығы тұрғысынан да қисыны келмейді. Байырғы араб тілінде «фатиха» – «кітап ашар», «сөз басы», «Құранның негізі» деген мағына береді. Ал қазақ тіліндегі «бата» сөзінің мағынасы мүлде бөлек.
Батаны әдетте қарт адам, үлкен орындағы адам, жолы үлкен адам береді. Мұның өзі бата берудің ислам дініндегі рәсім-қалыбынан гөрі, көшпелілердің Тәңірілік наным-сеніммен туындаған дәстүріне жуықтау. Аруаққа сыйыну, аруақтың назасына ұшырамау, сол үшін тілек айту, ол тілекті сол аруақты орындағы адамның айтуы көшпелілердің байырғы кісілік қалыбының дәстүрі екені айқын. Мұның дәлелін өзгеден емес, сол «бата» сөзінің тіліміздегі қолданысынан байқауға болады: бата, батагөй, батагөйлік, батадай, баталас, баталастыру, баталасу, баталы, батасыз, баташыл, теріс бата т. б. Міне осы ұғымдарды «фатиха» сөзімен шендестіріп қолданудың қисыны жоқ. Мәселен, «фатихалас» («баталас»), «фатихаласу» («баталасу»), «фатихадай» («батадай») деген тіркес-ұғым ислам қалыбына мүлде жат…
Демек, байырғы салт-дәстүрімізді, кісілік қалыптарымызды қит етсе болды ислам дінінің қанжығасына бөктере салу, түптен келгенде, өзімізді өзіміз жабайы етіп, тексіз, дәстүрсіз етіп көрсетудің бір түрі болып шығады. Тәңірілік наным-сенім өзге діндерге қарағанда өмір-дегі моральдық-этикалық дегдарлығымен, әлеуметтік-экологиялық өмірмен үндес демократиялық сипатымен ерекшелінеді. Біздің халықтың рухани болмысы ғасырлар бойы осындай үрдіс негізінде тәрбиеленген». (А. Сейдімбек, 94. 87-88-б.)
О проекте
О подписке
Другие проекты
