Читать книгу «Қанатты сөз – қазына. 2-кітап» онлайн полностью📖 — Кеңес Оразбекұлы — MyBook.
image
cover





























































































































































































































Бұл сөз тіркесін кейде ер кіндікті бауырларына қаратып, «Ағам үйі – ақ жайлау» деп айтатыны да бар.

АРАЛ МЕН СЕМЕЙ ҚАСІРЕТІ

«Арал мен Семей – ХХ ғасырдағы Қазақ халқының басына түскен нәубет-тауқыметтердің жиынтық образдарына айналған топонимдер. Теңіздің тартылуы – ойсыздық пен жөнсіз әміршілдіктің (Кеңестік тоталитаризм кезеңіндегі – К.О.), ал Семей полигоны (ядролық сынақ полигоны – К.О.) – тұтас халыққа істелінген қиянаттың ең танымал ескерткіштері». (С. Қондыбаев, 9. 6.10.94.)

«Арал мен Семей қасіреті» дегенде біз тартылған теңіз табанынан көтерілген тұзды шаңның, полигондағы ядролық сынақтан жер бетіне шөгіп қалған радияцилық сәуленің зардаптарын айтып отырмыз. Олар сол өңірлердегі табиғат пен тұрғын халқына қатты әсер етіп, талай адамдар денсаулықтарынан айрылды, мүгедектікке ұшырады, қайғы-қасіретке тап болды. Міне, осындай экологилық зардаптардың табиғатқа, адамзатқа тигізген әсерін Арал мен Семей қасіреті дейміз.

АРАМЗАНЫҢ ҚҰЙРЫҒЫ БІР-АҚ ТҰТАМ

«Қойдың төлі – қозы. Қойлар көктемсіз төлдемес үшін, қошқарға күз айларында күйек* байлайды. Қыс туатын қозылар «арамза» аталады. Ол жүдеубас болады. «Арамзаның құйрығы бір-ақ тұтам* (кішкене мағынасында) деген мақал содан». (С. Мұқанов, 77. 83-б.).

«Қазақтар иттің ақ, сары, шымқай қара (меңсіз қара) түстісін ұнатпайды. Ор және төрткөз итті қолға мүлдем ұстамауға тырысады. Онан гөрі төбел, ақтөс, алаяқ, аласын „иесіне адал серік“ ретінде артық бағаласа, құйрығының ұшында ғана кездесетін ағын „арамза“ деп танып, оның бір тұтамдайын кесіп тастайды. „Арамзаның құйрығы бір-ақ тұтам“ деген тіркес осыған қатысты тууы ықтимал». (Б. Қиянатұлы. 9. 30. 11. 1995.).

Арамдық пен қулықтың, өтіріктің өмірі қысқа, ерте ме, кеш пе оның жайы ашылады, әшкере болады дегенді аңғартады.

АРАНДАП ҚАЛДЫ

«Жым – аңдардың өздерінің қалың бұта арасына салып алған жолы. Сенен тұра қашса, жымға кіріп кетеді. Сен кіре алмай қаласың. Соны „жым“ дейді. Жымға қазақ „аран“ құрады. Анау тар жер ғой, теңселіп, ирелеңдеген сондай бір ұрымтал жерге істікті қойып, ағашқа бекітеді. Ана жақтан қуаласаң, үріккен аң ентелеп келген бетімен, көкірегімен қадалады. Соны қазақтар „аран“ дейді. Немесе аранның екінші түрі бар. Жолбарыс, аю секілді ірі аңдарды ұстауға арналған. Жерді қазған соң, үстін бұтамен, шөппен жауып, қазылғанын білдірмей қояды. Ал шұңқырдың ішінде үлкен-үлкен қазықтар болады. Аңдар шұқырға түссе болды, әлгі қазықтардың біріне қадалып, сол жерде қалады. Бұл тәсілді соғыста да пайдаланады. Ертеректе кәдімгі ағаштың басын жонып, қаламның ұшы секілді етіп, үшкірлеп көміп, аран жасаған. Қашқан жаудың әскері келіп қадалатын болған». (Ж. Бабалықұлы,24..204-295-б.).

Біреудің қулық-сұмдығына сеніп, алданып қалды. Өкініштен «қап» деп, санын соқты. Біреудің алдап соққан қақпанына түсті дегендей мағыналарды береді.

Күйек* – алжапқыш сияқты, бірақ одан анағұрлым кішілеу, қошқар-лардың жыныс мүшесін жауып тұратын мата жапқыш.

Тұтам* – бес саусақпен тұтқандағы көлемге шамалас, 4—5 еліге тең жуандық өлшемі.

АРҒЫМАҚ АТҚА КӨП МІНДІМ,

САДАҒА КЕТСІН БУДАННАН.

ЕР ЖІГІТПЕН ДОС БОЛДЫМ,

САДАҒА КЕТСІН ТУҒАННАН

Қарабайыр мен түркімен арғымағынан туған жылқыны будан деп атаған. «Арғымақ атқа көп міндім, садаға кетсін буданнан. Ер жігітпен дос болдым, садаға кетсін туғаннан», – деген атам қазақ. Өйткені, буданның бір түп жусан – азығы, бір түп жусан – қазығы. Будан ат екі түп жусанмен басыңды жаудан құтқарады. Ол күй таңдамайтын-дығымен, төзімділігімен, жүйріктігімен бағалы». (С. Шаухаманов. 31.31. 07. 2002.).

Бұл сөз тіркесі өзіміздікінен садаға кетсін немесе өзіміздікіне еш нәрсе жетпейді деген мәнде айтылады.

АРҒЫН АҒА БАЛАСЫ

«Қазақтың этноқұрылымдық жүйесінде қалыптасқан дәстүр бойынша, жүздік деңгейдегі ноқта ағалары: Ұлы жүзде – жалайыр, Орта жүзде – тарақты, Кіші жүзде – табын тайпалары. Дәл сол сияқты, аға балалары: Ұлы жүзде – ошақты, Орта жүзде – арғын, Кіші жүзде – әлім (қаракесек) тайпалары. Ал, қара шаңырақ иелері: Ұлы жүзде – албан, Орта жүзде – қыпшақ, Кіші жүзде – шөмекей тайпа-лары. Осындай мәртебелер рулық, аталық, әулеттік деңгейде де бар». (А. Сейдімбек, 93.143-144-б.).

Бүгінде мәні ескірсе де, бұл тіркестердің мән-мағыналарын ұғын-дыра кеткенді жөн көрдік.

Ноқта ағасы – ел ішінде жол, жөн бастауға құқылы деп, олардың орнын ерекшелеп, көтермелеп, арнайы сый-сияпаттар көрсетіп отырған.

Оған С. Мұқановтың мына түсіндірмесі дәлел: «Ат басына ауыз-дықсыз кигізілетін тұрман – ноқта. Оған шылбыр бау ғана… тағылады да, тоқтағанда, атты онымен байлайды. Қазақта (ноқта ағасы» – үлкен, басшы мағынасында қолданылады. Олай дейтіні, көне заманда әке балаларына енші бергенде, көш алдында жүретін ноқталы түйені үлкен ұл жетектеген.

Содан «ноқта ағасы» атанған». (С, Мұқанов, 77. 125-б.).

Аға баласы – үлкен (қара) шаңырақтың үлкен ұлынан тараған ұрпақ. Жасы үлкен-кішілігіне қарамай, жолы үлкен деп ерекше құрмет көрсетіп, көтермелеген.

Шаңырақ иелері – үлкен (қара) шаңырақтың кенже ұлынан тараған ұрпақ. Әдетте қара шаңырақ кенже ұлға мұраға қалған. Жасы үлкен-кішілігіне қарамай, келген кісі, қонақтар алдымен солардың үйіне түсіп, үлкен шаңырақ деп құрмет көрсетіп, дастарқандарынан дәм татуды міндет тұтқан.

АРҚАЛАНЫП КЕТТІ

«Соңғы кездерде, әсіресе, өнер адамдары туралы айтылғанда немесе жазылғанда, «аруақтанып кетті», домбыраны немесе қобызды «біраз тартқаннан соң аруақтанып шыға келді» деген сөз тіркестері жиі айтылатын болды. Мұндай кезде «арқаланып кетті», «арқаланып шыға келді» деу жөн. Тегінде өнер адамдарын «арқасы бар екен» демейтін бе еді?

Шынында «аруақ»* деген сөз өлген адамның рухы деген ұғымды бермей ме? Дәріптеп отырған адамымыз «аруақтанып кетсе», өліп қалғаны ма? Осы тіркесті тек адамға ғана емес, малға да қолданатын болдық.

Қазақ үлкен бір іс бастарда аруаққа сыйынатын, медет сұрағанда, аруаққа табынатын, жапа шеккенде аруақ шақыратын. «Аруақ» деген сөзді орынсыз қолданбайық, аруақты сыйлайық, аруақпен ойнамайық, ағайын». (Е. Бейсенбек. 9. 18.11.1993).

Иә, расында да «Аруаққа сиынды, табынды», «аруақ аттады», «аруақ (ұрды) атты», «аруақ қысты», «аруақ қолдады», «аруақ (демесін, жебесін) қолдасын», «аруаққа шет болма», «аруақ жар бола көр» және т.б. тіркестер ата-баба аруағын меңзеп тұрған жоқ па.

Аруақ* – араб сөзі, «рух» дегеннің көпше түрі: діни сенім бойынша, көзге көрінбейтін, табиғаттан тыс күштер, өлген кісінің, ұлы адамның (әулиенің) «жаны» мағынасында қолданылады. Ата-бабамыздың аруағы, аруақ қонған кісі тәрізді тіркестер де бар.

АРМЫСЫЗ!

«…Біздің қазақта да, меніңше, әр заманда әрқалай амандасып жүрді. Мәселен, Ислам діні біздің даламызға жайылмас бұрын бізде «ассалаумағалейкум!» «уағалейкумассалам!» деген амандасу түрі болған жоқ, әрине. Өздеріңізге мәлім, «ассалаумағалейкум!» деген сөз «саған Алланың нұры жаусын!» деген сөз. «Уағаллейкумассалам!» дегені «сізге де Алланың нұры жаусын!» дегенді білдіреді. Демек, бұл – таза дінге байланысты амандасу. Ал оған дейін көшпелі халықтар, оның ішінде қазақтар: «Армысыз!» деп амандасқан екен.. Сіз ақсақалға: «Армысыз, ақсақал!» деп амандассаңыз, ол кісі сізге: «Бар бол, балам!» деп жауап қайтаратын болған.

Ал енді мына кеңес дәуірінде дінге тыйым салынды да, мұсылманша амандасу, кітаптардағы, кейбір өлең, ауыз әдебиетінің нұсқаларындағы «Алла» деген сөзді алып тастады. Соның ықпалымен қалалықтар «сәлеметсіз бе» -ге көшіп алды. Ал Қытайдағы қазақтар қытайша «ниң хау маның» қазақшасын қолданып («хау ма» – сіз жақсымысыз» дегені), «жақсымыз» дейді. Қазір «ассалаумағалейкум!» деп те, «топ ортаға бір сәлем!» деп те амандаса береміз». (Қ. Жұмаділов, 31. 15.10.2014).

«Армысың» деген амандасу сұрағына адам «бармын» деп жауап беріп амандасады. Сонда қазіргі «ассалаумағалейкум» мен «уағалейкумассаламның» орнына өткен ғасыр қазағы осылай деп амандасып, әңгімені «ардан» бастағаны ғой.

«Армысың ба» деген сұрақты «сен арсың ба» деген сұрақ екендігін білеміз, оған «ия, бармын», яғни «арым бар» деп жауап береді. Қарап отырсақ, «ар» деген бейне бір «киелі зат, нәрсе» сияқты, адам өзін адаммын деп есептеуі үшін оның осындай «қасиетті бұйымы» – ары болуы керек екен, әлгі амандасу сұрағы адамның ең басты нәрсе ретінде осы ардың бар-жоғын анықтау болып тұр. Қазақ нашар, ұяты жоқ, көргенсіз, ең алдымен намысы жоқ адамды арсыз адам дейді, адамның ары болмауы – адамды хайуан деумен бірдей. Қазақтағы «жаным – малының садағасы, арым – жанымның садағасы» (басқа айтылу варианттары да бар) (Мысалы, «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» – К.О.) деген ұран боларлық сөздің мәні – жан үшін, жер бетінде тірі болып, өмір сүру үшін барлық мал мен байлық-дүниені құрбан етуге болады, ал ар – жаннан-өмірден де қымбат, сондықтан ар үшін өмірімді қиюға бармын дегенді білдіреді. Арлы болу да, арлану да жақсы қасиет екенін де білеміз». (С. Қондыбаев, 62. 140-б.)

«Сонымен арийлік – нақты айқындалған рух – арий рухы ретінде мойындалуы тиіс. Арий болудың мемлекеттік маңызы бар еді, арийліктер Қостанай қаласының жанында орналасқан Сынтаста және Арқайым қалалары өркениетін құрушылар болып есептеледі. Арийлердің рухы қазақтарға да тән еді. Қазақтардың үлкен қауымға немесе көп болып жиналған халыққа „Армысыздар“ деп ілтипат көрсетуі тегін емес қой. Бұл яғни біз арлар арларға сәлем бердік дегенді білдіреді ғой. Радио тілшілері қазақ тіліндегі хабарларын дәл осылай бастайды. Бірақ өкінішке қарай, соңғы уақытта сәлемдесудің мұндай түрі сирек қолданылып жүр». Е. Омаров, 308-бет.

Сондай-ақ қазақ тілінде «ар» түбір тіркесін құрайтын сөздер жиілігі Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл – Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы мамандарының зерттеуі бойынша, басқа әріп тіркестеріне қарағанда ең жоғары (600 мыңнан аса) көрсеткішке жетіп отырғаны көп нәрсені ұқтырғандай. Мәселен, қазақ тіліндегі ар, ар-ұят, ар-ождан, ардақ, артық, ардагер, арқау, арыс, арыстан, арғын, арман, аран, арсыз, арай, аралас, арғымақ, арда, ару, аруана, арқа, арал, арша, араша, арқан, арық, олар, бұлар және т. б. сөздерден арийлік иіс аңқып тұрған жоқ па.

АРУАҚ АТТАҒАН, ОҢБАС*

Аруақты қорлады, ар-ұятын аяққа басты, әдет-ғұрыпты бұзды, ондай адамның жолы болмайды, оңбайды деген мағынада.

«Түркітілдес халықтардың ішінде ата-баба аруағын пір тұтқан, оны сыйлап, сыйынып отырған біздің бабаларымыз екені – шындық. Аруақ сыйлау бұрынғы өткен зиялы адамдардың – ақындардың, батыр-лардың, ру, тайпа көсемдерінің аруақтары қиналған кезде желеп-жебеп жүрсін, мақсат-мұратымызға жетуге себепкер болсын деген ұғымнан туындаса керек. Қазақ аруақты айтқанда ұшатын бүркіттей қомданып, еңсесі көтеріліп қалады. Басқа уәжге тоқталмаса да, аруаққа тоқтайды.

«Мен оған аруағымды қорлатпаймын», «Аруақ аттаған, оңбас» тағы да басқа осындай қанатты сөздер халқымыздың ата-баба аруағына деген шын пейілінен, ыстық жүрегінен туған». (Ж. Бабалықұлы, 24. 305-б.).

«Аруақ қолдасын» деген сөзді аузынан тастамаған ата бабамыз тек бұл сөзді жай ғана қолдануды немесе шексіз фанаттықпен табынуды емес, өткенмен қарым-қатынасты қамтамасыз ететін, ұлттық шабыт пен жігердің тұтастығынан «жіпсіз жалғанған» тылсым байланысын үзбеудің тәсілі деп айта аламыз. Міне, намыс пен жігер, ұлттық пен отаншылдықтың жауынгерлік рухы біздің ділімізде осы Аруақ шақырудан тікелей туындайды. Егер біз оны шариғатта айтылмаған деп ділімізден алып тастайтын болсақ, онда ұлттық жауынгерлік рухтан да қол үземіз деген сөз». (Берік Аташпен сұқбаттан. 47. 12.04.2013.)

Батыр бабаларымыз жауға шапқанда, жиын-тойда отырған би-шешендер бір ерек істі бастарда, «Аруақ қолдасын» деп ата-баба рухына жүгініп, бойларына рух, қуат жинайтын болған. Бұл ұран бүгінгі күндері де маңызын жойған жоқ.

АРЫСТАНБАБҚА ТҮНЕ,

ҚОЖА АХМЕТТЕН ТІЛЕ

(Екінші нұсқасы) *

«Қожа Ахметтің ұстазы Арыстанбабты 33 мың сахабаның бірі деп айтуға болатын сияқты. Өйткені, дін аңыздары бойынша, Арыстанбаб Пайғамбардың көзін көріп, оның ұлы қасиеті – Мұғжизасына куә және аманатына адал болған әулие. Ел піріне саналған кие – дана. Сондықтан халық «Арыстанбабқа түне, Қожа Ахметтен тіле» деп текке айтпаса керек. Әулиенің қасиетіне байланысты «Баптардың бабы Арыстанбаб» деп ерекше дәріптеледі. Сыр бойында көне Отырар жерінде мазары

тұрған әулиеге деген құрмет пен тағзым кеңестік дәуірде де тоқтаған жоқ. Кейбір деректерде есімі мұсылман елдеріне етене жақын әулие көптеген діндерді біліп, оларды зерттеп, дұрыс-бұрысын саралаған ғұлама ретінде танылады». (О. Қауғабаев.).

Егер Қожа Ахметтің басына барып, зиярат етіп, тілек тілегің келсе, ең алдымен оның ұстазы Арыстанбаб әулиенің алдынан өт немесе түнеп, ғибадат ет. Сонда ғибадатың толыққанды болып, тілегің қабыл болады деген мағынаны береді.

* «Арқаланып кетті» тақырыпшасын қараңыз.

* «Қанатты сөз – қазына», бірінші кітабын қараңыз.

АРТҚЫ АЙЫЛДЫҢ БАТҚАНЫН

ИЕСІ БІЛМЕС, АТ БІЛЕР,

АҒАЙЫННЫҢ АУҒАНЫН

ЖАҚЫНЫ БІЛМЕС, ЖАТ БІЛЕР

Яғни, «Сырт көз – сыншы» деген мағынаға жақын сөз.

«Екі айылдан (тартпадан) атқа көбірек бататыны – қарыннан тартылатын шап-айыл. „Артқы айылдың батқанын иесі білмес, ат білер, ағайынның ауғанын жақыны білмес, жат білер“ деген мақал осыдан туған болу керек. Шапқанда болмаса, шап айылды қазақ бос ұстайды. Төс айыл үнемі қатты тартылады. Өйткені, ол қаусыратын тұста тынысты қорғайтын төс сүйек бар». (С. Мұқанов, 77. 125-б.).

АС ИЕСІМЕН ТӘТТІ

«Қоқан хандығына қазақтан елші барғанда, оларды өлтірмек боп алдына у себілген ас қояды. Шыдамсыздау біреуі астан бір- екі асап, өліп кетеді, аман қалғаны қашып құтылады. Осыдан кейін бейтаныс елге барған қазақтар алдындағы асты әуелі үй иелеріне алдырып, уланбағандарына көздері жеткен сон ғана жейтін болған екен. „Ас иесімен тәтті“ деген сөз сондай сенімсіздіктен туып, содан қалған болса керек… … бірақ бертін келе ол бұрын байқалмаған жаңа мәнге ие болған». (Ә. Диваев, 30. 27-б.).

Бүгінде бұл мәтел үй, ас иесі дастарқан басында бірге отырғанда ғана дастарқанның сәні кіреді, ас дәмді болады, дастарқанда әңгіме-сұқбат құрып отырғанда, ас бойға жақсы сіңеді деген мағынада айтылған.

АСЫҒЫ АЛШЫСЫНАН ТҮСТІ

Кімнің сақасы алшы түссе, бірінші ату кезегі соған тиеді. Тіліміз-дегі «асығы алшысынан түсті» деген тұрақты сөз тіркесі осылай қалыптасқан. Әдетте бұл сөз біреудің жолы болып олжалы болғанда, бәйге, сыйлық алғанда, ұтыс шыққанда т. с. с. жағдайларда айтылады». (Д. Шоқпарұлы, 9. 17.02.94).

Жолы болғыш, олжалы адамдарға қаратып айтылады.

АСЫҚ ОЙНАҒАН АЗАР,

ТОБЫҚ ОЙНАҒАН ТОЗАР,

БӘРІНЕН ДЕ ҚОЙ БАҒЫП,

ҚҰЙРЫҚ ЖЕГЕН ОЗАР

«Қазір көпшілік „Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар“ деп жүр. Бұл заманның талабына орай өзгерген тіркес болса керек. О баста „Асық ойнаған азар, тобық ойнаған тозар. Бәрінен де қой бағып, құйрық жеген озар“ деп айтылған. Ойын баласы қай ойынды да азғанша ойнауға әзір. Содан ата-ана баласын күндіз-түнгі ойыннан шектеп, басқа да пайдалы іс-әрекетке тарту мақсатында осындай тіркесті шығарса керек. Ал, тобық деген қандай ойын? Тобық – малдың артқы аяғының сүйегі. Өзі асықтай ғана. Мүжілген тобық сүйегін қазақтар өзара бәстесу құралына айналдырған. Егер біреудің қандай да бір затын алғысы келсе немесе бір затқа бәстескісі келсе, онда екінші адамға осы тобықты жасыруды ұсынады. Бәстесуші адам тобық жасырушыға „мен тобықты сұрағанда, таңдайыңнан алып бер“ деп шарт қояды. Талап әр түрлі болуы мүмкін. Бірі „сұрағанда жанқалтаңнан алып бер“ десе, енді бірі „тіліңнің астынан беретін бол“ дейді. Ойын мерзімі шектеусіз. Бәстесуші қалайда жеңу үшін оңтайлы сәтті күтеді. Бәстен жеңілмес үшін, тобық жасырушы да біраз әуреге түсері анық. Өйткені, ойламаған жерден әлгі бәстескен адамы алдынан шыға келуі мүмкін ғой. Бәстің шартын үнемі ұмытпай жүру оңай шаруа емес, әрине. Екінші жағынан, тобықты таңдайға салып, тілдің астынан алып беремін деп жүріп, тамағына қарай кетіп қалса қайтеді? Міне, сол үшін „тобық ойнаған тозар“ деген сөз қалған». (К. Елемес. 102. 20.03.2013.).

Бүгінде бұл мақалдың мәні ескіргені сондай, қайта керісінше, мына компьютер, теледидар заманында балаларды далаға шығарып ойната алмайтын жағдайға жеттік қой.

АСЫРА СІЛТЕУ БОЛМАСЫН,

АША ТҰЯҚ ҚАЛМАСЫН

«РКП (б) Орталық Комитеті Қазақстанға арнайы жіберген Ф. Голощекин 1925 жылғы желтоқсанда өткен Өлкелік партия конферен-циясында «Ауылда шынайы кеңес өкіметі жоқ, тек байдың үстемдігі мен ру билігі бар» деп шолақ қайырып, қазақ сахарасында «Кіші Октябрь» идеясын жүзеге асыруға негіз қалады. «Кіші Октябрьді» жүзеге асыру ниетімен әуелі 700-ге жуық байдың бар малын тартып алды.

Қалың ел көшіп келе жатқан жолындағы қонған жеріне күштеп қоныстандырылды. Не суы, не нуы, не баспанасы жоқ, шөлде мал түгілі адамдар қырыла бастады. Қалада да, далада да алба-жұлба, аш-жалаңаш босқындар көбейіп кетті. Баяғы қоғамдастырылған 40 миллион мал жем-шөбі, су-суаны, күнделікті күтімі болмағандықтан жаппай ақ сүйекке ұшырап, 1932 жылдың аяғында оның 4 миллиондайы ғана қалды. Өзегі талған халық сірә «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұранды нақ осы тұста мәтелге айналдырып жіберсе керек». (103).

1930 жылдардағы Қазақстанды коллективтендіру дәуірінде туған «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» мақалы сол кездегі солақай саясат пен ұрда жық белсенділердің асыра сілтеуінің нәтижесінде, керісінше орындалды: Бай-кулактармен бірге орта шаруалардың да, тіпті кедей-кепшіктердің де мал-мүлкі аяусыз тәркіленіп, ел жаппай аштыққа, қырғынға ұшырады. Сол алмағайып дәуірдің көңіл-күйі бейнелеп айтқанда, осы «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген сөзге түйінделіп, тарих қасіретіне айналғандай.

АСЫР САЛЫП ОЙНАУ

«Қазақтың дәстүрлі баспаналарының бірі – асыр. Оны алып, үлкен шатыр десе де болғандай. Асырды көбінде жаушылық, жорыққа шықанда, ұлы тойлар істегенде пайдаланады. Ертеде жаугершілік кезде көп әскермен жорыққа шыққан хандар асырда, ал әскерлер қарапайым кішкене шатырларда тұрған. Асырды тігу үшін жерге білектей ағаштарды қағып отырғызып, төртбұрыштап, кергіштеп, шатырлап, „сүйегін“ тұрғызып алып, сыртын әшекейленген киізбен немесе берік, асыл пұлдармен жабатын болған. Асырға әскер басылары жиналып, әңгіме, жиналыс жасауы үшін кең, қолайлы істелетін болған. Асырды ұлы, үлкен тойларда да тігеді. Асырды тойға тігетіндіктен қазақта „Асыр салып ойнау“ деген де сөз тіркесі кездеседі». (Б. Кәмәлашұлы, 40.15-б.).

Бүгінде бұл сөз тіркесін шат-шадыман, көңілді, думандатып ойнап жүрген балаларға қаратып айтады.

АТ – АСПАННАН (АЛЛАДАН),

САНА – СӘЛЕМНЕН,

ИМАН – ӘЛІПТЕН

«…Сондай-ақ, «Балам бақытты болсын десең, әуелі әдемі ат қой, сәби санасына «сәлем» дарыт, және тілін Алланың атымен шығар» (сәбиді құндағынан қозғағанда, бесіктің бетін ашқанда сәлем бер), дейді (Имам Термизи риуаты). Демек, қазақтың «Ат – аспаннан (Алладан), сана – сәлемнен, иман – әліптен» дейтіні осыдан…

«Ат – аспаннан» дегеннен еске түседі, ақын Сараның «Найманда қаракерей, сыбан, мұрын, Жеті ата Жолымбетке құйған нұрын», – деп Біржанның алдына салатын Жолымбет дейтін бабамыз болған. Жарықтық 135 жас жасапты. Кенжесі 117 жасында туыпты. Екі қарттың кенжесіне Жақсыбай дейтін абыз:

Қосмұрат болсын бала аты,

Қатайсын, өссін қанаты.

Ат – аспаннан дейтұғын

Бұрынғының санаты.

Алланың берген баласы,

Пенденің жоқ шарасы.

Жүз жаста көп жан алжиды —

Жүруге келмей шамасы.

Асқанда жүзден ұл берген

Құдіретке қарашы.

Сәбиге сәлем берейік,

Бір Алла болсын панасы.

Қосмұрат қалың ел болсын!

Налыма енді, нағашы!

– деп ат қойыпты. Ғұмырында 125 отаудың шаңырағын көтеріп, жарты мыңға жуық ұрпаққа батасын дарытқан дана баба Қосмұратын үйлендіріп, Қара шаңырақты тапсырып барып, көз жұмыпты. Қосмұрат қазір жеті Жолымбеттің ең үлкен руы». (У. Қыдырханұлы, 31. 15.10.2014.)

Жер астындағы, үстіндегі, көктегі, тіпті шексіз ғаламшардағы барлық зат, ұғым атаулының аты, есімі бар. Оған жер бетіндегі мақлұхат, набатат атаулы, өлі-



























































































1
...
...
9