Ер бөлінбейтін бүтін бұйым. Ендеше бөлінбейтінді бөлеміз деп, «ердің артқы қасын сұрағаны», достықтан кетісеміз дегені.
АҚ БАТА, ҚЫЗЫЛ ҚАН
«Дәстүр бойынша, алдымен ақ жол тілеп, құдалық берік болу үшін бір мал шалынады. Оның бауыздау қанына қол батырып, бата бұзбауға серттеседі. О баста бауыздау қаны құйылған бата аяққа екі жақтың сөзін сөйлейтін бас құдалар найзаларының ұштарын батырып, қаннан дәм тату арқылы жүзеге асырылған бұл ырым «қанға қан қосылды, енді туыс болдық» деген ишаратты білдірген». (Х. Арғынбаев. «Қазақ халқындағы семья мен неке», А., 1973, 184-бет). Тіліміздегі «Ақ бата, қызыл қан» деген сөз оралымында осы салттың жаңғырығы сақталған. Сондай-ақ, құда арасында реніш, кикілжің туса, не уәде бұзылса, «Сендерге не болды? Ақ бата, қызыл қан шығарған құда емессіңдер ме?» – деп басу айту да көнеден келе жатқан сөйлеу үлгісі. Дәулетіне қарай күйеу әкесі бата аяққа бата арнап, бір жылқы не түйе, болмаса түліктерді бір-бір тоғызға толтырып береді. Мал бауыздалғанда бата берген құда «бауыздау құда» деп аталады». (Б. Әлімқұлов, 21.).
АҚ ҚОЙДЫҢ КЕЛДЕСІ,
ҚАРА ҚОЙДЫҢ КЕЛДЕСІ,
МЕН ҚҰДАЙДЫҢ ПЕНДЕСІ
«Үлкендерден естуіміз: қазақтар ертеректе (шамасы XVIII ғасырға дейін болса керек) намаздың шартын, дұғалықтарын білмеген шақта, намазға „Ақ қойдың келдесі (басы), қара қойдың келдесі, мен құдайдың пендесі“ деп жығыла берген». (С. Мұқанов, 77.50-б.).
АҚ ТҮЙЕНІҢ ҚАРНЫ ЖАРЫЛҒАН КҮН
«Кеудесі алтын сандық Күләнда Бөкешова апамнан:
– «Ақ түйенің қарны жарылған күн» деген сөз не мағына береді? – деп сұрадым.
– Жалпы қай малды алып қарасақ та, сүйегінен сылып алынған сұрып еті өз қарнына түгел сыйып кетеді екен. Үйірлеп жылқы, табындап сиыр ұстаған ауқатты отбасы майды түйенің қарнына жинайтын болған. Сонда оның ішіне қанша май кететінін өздерің-ақ жобалай беріңдер. Күнделікті пайдаланатынын бөлек ұстап, түйе қарынды мұздай жерде мұртын бұзбай сақтаған.
Сол шаңырақта торқалы той боларда көрші-көлем жиналып:
– Бәйбіше, ел болып асыға күткен ертеңгі қуанышта ақ түйенің қарны жарылатын шығар? – деп қолқа салатынға ұқсайды.
Қарынға пышақ тигізу рәсімін де ауылға беделді аналар атқарған. «Ақ түйенің қарны жарылған күн» деген сөз осыдан қалса керек, – деп әңгімесін аяқтайтын әр сөзі бір қаралық қайран апам». (Қ. Әбіл, 31. 30.07. 2008.).
«Ақ түйе – қазақтың көне салты бойынша, ерекше үлкен жиын-той салтанатта сойылатын түйені ақ түйе деп атаған.
Сең жүреді көктемде астан-кестең,
Ақ түйенің бауырын арқан кескен.
Ұлы күні ұлыстың бас қосқанда,
Өлеңіңді айт, құрбыжан, қатар өскен, – деп қазақтың қара өлеңінде айтылатындай, қазақтар өздерінің қуанышты күндерін «ақ түйенің қарны жарылған күн» деп айтқаны белгілі. Қарық боп қалды, ит басына іркіт төгілді. Ақ жарылқанып қалдық деген сөздер осындайда айтылса керек». (Д. Төлебаев, 9.)
«Ақ түйенің қарны жарылды» – айрықша, ерекше күн, көптен күткен той, ұлы оқиға деген мағынаны береді.
АҚПАНДА КҮН АТ АДЫМ ҰЗАРАДЫ
«Ақпан аяғында аяз айылын жиып, қыс қаһарынан айырылады. «Ақпанда күн ат адым ұзарады» (мәтел). (Ж. Кейкін, 42.153-б.).
Бұл сөз тіркесінің толық нұсқасы «Қаңтарда күн қарға адым, ақпанда ат адым ұзарады» болуы керек. Иә, күн мен түннің ұзақтығы желтоқсан айының 22-сінде теңелетіні белгілі. Ал желтоқсанның 23-інен ары қарай күн жайымен ұзара бастайды. Содан қаңтар айында аздап, секондтап ұзара түскен күн ақпан айында минуттап, белгілі дәрежеде ұзарып, айқын байқалады. Халқымыз күннің осы ұзаруын бейнелі түрде бере білген.
АҚПАН-ДАҚПАН АЛТЫ КҮН,
АЯЗЫМЕН ЖЕТІ КҮН
«Ал, біздің жақта (Батыс Қазақстан – К.О.) ақпан – осы ақпан айында келетін бір амал. Себебі, „Ақпан-дақпан алты күн, аязымен жеті күн“ дейді. Бұл жеті күн нағыз қыс ортасында келеді. Бұл күндері қар жауып, жел тұрып, боран, бұрқасын болады, аяз күшейеді». (Р. Құдайбергенов, 9. 21. 02. 1990.).
«Он бір тоғыстағы (16.12 – 11.01 күндері) қаңтардың қарлы бораны деген амалдан соң, тоғыз тоғыста (12.01 – 8.02) өтетін аязды күндерді ай мүйізді алты күн немесе ақпан-тоқпанның (дақпанның) аязы деп атайды (орыстарда бұл аязды күндер „крешенские морозы“ делінеді)». (Н. Уәлиұлы, 9.).
Ақпан айында өтетін алты-жеті күндік аязды күндерді айтады. Оны халқымыз ақпан-тоқпанның аязы дейді.
АҚСАҚ ТЕМІР КӨРЕГЕН,
АУЗЫН АЙҒА БІЛЕГЕН
«Елдің даңқын ері шығарады, ердің даңқын елі шығарады» деген ғой. Оның атақ-даңқын аспанға көтеруіне сүбелі үлес қосқан Әмір Темір. Ол басына кесене салып (Қожа Ахмет Иассауи мавзолейі – К.О.), Қожа Ахметтің атын асқақтатты. Кесене даңқы жер жарған қатал хан Әмір Темірдің атына «көреген, ақылды» деген сөзді қосты. Ел арасында «Ақсақ Темір көреген, аузын айға білеген» деген нақылды тудырды.» (М. Жылқайдарұлы, 11. 19. 09. 1999.).
«Темір есіміне „көреген“ сөзінің неге жалғанғанын білесіз бе?! Түркі елінің тегеурінін дүниеге ең соңғы рет мойындатқан Әмір Темір тек алысты болжағыш талантты қолбасшы ғана емес, ол ғажайып түс көргіш, көрген түсін қатесіз жори алатын әруақ қонған киелі адам болған. Сондықтан да „Әмір Темір“ есімі соңынан „көреген“ деген қосымша лақаб жалғанған. Бұл әдеттегі әдебиетте айтылып жүргендей Шыңғыс хан ұрпағынан қыз алған соң тағылған „жезде, не күйеу“ мағынасын білдіретін титул ғана емес». (Х. Көктәнді, 45. 6-б.).
Ол да Шыңғысхандай «аузын айға білеп», бүкіл дүние жүзін жаулап алуды көкседі. Дегенімен, жаулап алған қағанаттың қызығын өзі де, ұрпақтары да көре алмады.
АҚСЕРКЕ МЕН ҚҰЛЖАН ӨЛІП ТЕ
ТАРАҚТЫ ЕЛ БОЛҒАН
«Байғозы өлгеннен кейін де Тарақтыдан батырлық үзілмеген. „Ақсерке мен Құлжан өліп те Тарақты ел болған“ дейтін мәтел бар. Оның мәнісі былай. Тарақтылар орыс отаршылдарына қарсы ұлт-азаттық күресіне белсене атсалысқанын тарихи фактілер растайды. Алғашқыда олар Саржан Қасымовтың, кейін Кенесары ханның қозғалысын қолдайды. Шамамен, 1830 жылы Тарақты Ақсерке мен Құлжан (Байғозының немересі) және Тоқа Бәйтелі батырлар мың қолмен Шоңның Қарағашы деген жерде (Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданының бұрынғы „Рассвет“ совхозының маңы) полков-ник Шубиннің солдаттарымен соғысады. От қарулы отаршыларға төтеп бере алмаған көтерілісшілер көп қырғынға ұшырайды. Сол соғыста Ақсерке мен Құлжан батырлар шейіт болады». (С. Арынұлы, 9. 11—17.06.2015.)
Бұл мәтел ел арасында кейде «Ақсерке, Құлжан өліп те ел болғанбыз» деп ықшамдалып айтылады.
АҚТАБАН ШҰБЫРЫНДЫ
АЛҚАКӨЛ СҰЛАМА
«1724—1725 жылдары жоңғар феодалдарының шапқыншы әскерлері Сырдария алабындағы отырықшы егінші ауылдар мен қалаларды ойрандап, Қазақ хандығының астанасы Түркістан қаласын және Қазақ хандығына қарасты Ташкент, Сайрам, т.б. қалаларды басып алып, талан-таражға ұшыратты және қиратты…
Жасанған жаудың тұтқиылдан жасалған жойқын жорығынан есі шығып, бас құрып тойтарыс беру мүмкіндігінен айырылған қазақтар тоз-тоз болып жосып, Сырдария өзенінің ар жағына өтті. Орта жүз бен ұлы жүз қазақтарының бір бөлігі Шыршық өзенінен ары кетті. Қазақтардың біразы Алқакөл маңынан Бұхара мен Самарқанға қарай ағылды. Ал кіші жүз қазақтары Сауран қаласын айналып, қазіргі Шиелі, Қызылорда тұсынан Хиуаға қарай беттеді.
Бұл ауыр оқиға қазақ тарихында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деп аталады. Мұның былай аталуы: жаудан қашып жаяу шұбырған қалың қауым әрі болдырып, әрі ашаршылықтан бұралып, Алқакөл көлінің жағасына келіп сұлап жатқанда, көп ішінен бір ақсақал шығып: «Адам баласы өмірде көрген жақсылық пен жаманшылықтың бәрін ұмытпауы керек. Біз осы көрген күнімізді не деп атасақ болар?!» – деп сұрапты. Сонда тағы бір қария орнынан тұрып: мұның аты: «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» болсын депті. Мұның мәнісі: атамекен, мал-мүлкінен айрылып, жаяу-жалпы, аш-жалаңаш босқан ел шұбыра-шұбыра табаны ағарып, азып-тозды деген сөз екен». (М. Қани, 55. 273-б).
«Алқакөл – Қызылорда облысының солтүстік-шығысында орналасқан Телікөлдің бұрынғы тарихи атауы («ҚСЭ», 7-том, 84-бет). Қазақ тарихында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген қанды қырғын дәуірді білмейтін адам кемде-кем. Қалмақ ойранынан босып, Қаратау асқан халықтың келіп тізе бүккен жері осы көлдің жағасы делінеді.
Алқакөл – қанды қасіреттің ғана емес, ел ішіндегі алауыздық пен жеңілістердің халық есінде қалған жалғыз нышаны, сол сияқты екі ғасырға созылған кейінгі бодандықтың да рәмізі болып табылады». (С. Қондыбаев, 9. 6.10.94.)
Айналасындағы бүлінген, астан-кестеңі шыққан дүниені бейнелеп айту үшін адам осы сөз тіркесін қолданады.
АҚ ҮЙ АМАНАТ
«Тарихымызда „Ақ үй аманат“ берген екен деген сөз бар. Жаугершілік замандарда екі жақ мәмілеге келіп, бітімгершілікке тоқтағанда, осы салт біткен істің айғағы ретінде жүрген. Мұндайда кінәлі жақ жеңілгенін мойындап, бар сән-салтанатымен, дүние-жиһазымен ақ үй аманат әкеліп тапсырған. Ол тек жеңілгендіктің айғағы емес, жеңген елді мойындаудың, ендігі татулықтың кепілі деп саналған. Оны бұзу – үлкен күнә болған». (М. Жақып).
«Бөгенбай батырдың жоңғарларға күйрете соққы беріп, қазақ елін түбегейлі жеңіске жеткізген айқас 1750 жылы Аяқ деген жерде болып, жоңғарлар жеңілгендіктерін мойындап, қазақ батырларына ақ отау тігіп, ақ тұлпар шалып, достық нышаны ретінде сойылған тұлпардың басын тартып, бұдан былай қазақ халқымен жауласпау шартына қол қойған келісім жасалады. Сөйтіп, қазақ халқы ғасыр бойы созылған күресін жеңіспен аяқтайды». Ғ. Баталов, «Өзімді өзім тани білсем…». Алматы, 2001ж,134б.
Жоғарыдағы екі мысалдан байқағанымыздай, жауласқан екі елдің бітім, келісімге келіп, «Ақ үй аманат» деп үй орнатқаны – жою мен құртудың емес, құрудың, өсіп-өну, ортақтасып үй тұрғызудың, достық пен бейбітшіліктің ескерткіш рәмізіндей көрінеді.
Осы орайда жеке адамдарға байланысты мына бір салтты да еске түсіре кетейік: сол ескі замандарда жеңген жаудың алдына барып, белдікті мойынға салып, тізерлеп тұрып сауға сұрайтын жоралғы да болған.
АҚЫЛ – ЖАСТАН, АСЫЛ – ТАСТАН
«Сырым батыр Тайбөрі көлі (Қақпақты көлі) суының қадір-қасиеті мен бағасына бірде-бір өзен-көлді теңестірмесе керек. Көл бара-бара суалып, ел баласына сусын керек ететін күндер болар деп жорамал жасап, оның суының нәрін молайта түсуді мұрат тұтады. Осы ойын іске асыру үшін сонау Ойылдың бір қалтарысынан бөгет салып, су арнасын Тай бөріге бұрып жіберуді көздейді. Су бөгетке тіреліп, Ойыл өзенінің қалтарысындағы су деңгейі көтеріледі. Осы сәтті оңтайлы пайдалана білген Сырым бабамыз бөгеттен елу шақырымдай жердегі биік орналасқан құмақ жерді жырып жібереді. Осы кезде жаңа арна пайда болады. Оның атауын ел Жарыпшыққан деп атаған. Міне, дәл осы Жарыпшыққан арнасы Тайбөрі көлі суының тартылып кетуінен қорғаған.
Сырым батыр бұл бөгетті 1797 жылдың көктемінде тұрғыза бастайды. Сол мезгілде су тасып кетіп, бөгетті тұрғыза алмай амалдары таусылып, қиналған сарбаздарына Сырым ойнап жүрген ауылдың бір топ балаларын нұсқап: «Не айтып, қандай ойын ойнап жүргендерін біліп кел», – деп бір сарбазын жұмсапты.
Көп кешікпей жіберген сарбазы балалар да тасқын суды бөгей алмай, «Шым сал да – құм сал, құм сал да – құрым сал», деп дау-рығып ойнап жүргендерін айтады. «Ақыл – жастан, асыл – тастан» деген емес пе. Біз де солай жасауымыз керек деп бұйрық берген екен. Елден құрым киіз, ағаш үйдің ескі туырлықтарын жинатып, бөгет салу ісіне кіріскен. Міне, бөгеттің негізі осылай тұрғызылыпты. Содан бұл «Сырым бөгеті» аталып кеткен». (Т. Құсайн, Ж. Шөжеғұл, 31. 26.11.2014).
АҚЫННЫҢ ҚҰЛАҒЫ ӨЗІНЕН
ҚЫРЫҚ ЖЫЛ БҰРЫН ТУАДЫ
«…Алайда отқа да түскен, суға да түскен сол Махамбеттің заманында қараорман елі де болған, шұрайлы жері де болған. Өріс толы малын шетінен кертіп жеп отырса, кім қой дер еді. Солай бола тұра жұмыр басын бәйгеге тіккені қалай? Қайда салса да қайтпай, ақ алмастай қиып түсіп, шамырқанса шарт сынатын құдіреті неде? Оның Абайға дейінгі ақын-жырауларға қарағанда өркештеніп, айбынды көрініп тұратын себебі: құр босқа шындықты айтып шырқырай бермей, ақиқаттың сөзін сөйлеп, халқына тізе батырып, қаңқақсатып жылатқан қарау күштерге қарсы майдан аша білгенінде; „Исатай – басшы, мен – қосшы“ деп, қала берді бүгінгі кейбір ұры ұлықтар секілді халықтың нанын жемей, қамын жеп, ашық айқасқа шыққан көзсіз ерлігінде; „Қабырғасын қаусатып, Бір-біріндеп сөксе де, Қабағын шытпас ер керек Біздің бүйткен бұл іске!“ деп кілең арыстан айбат, жолбарыс жүректі жігіттерді іріктеп, күреске бастаған көк серек азатшылдығында; өзі өмір сүрген өңірдің құбылмалы тіршілігіне қарап, алдағы күннің жақсылық, жамандығын сезе білетін көріпкелдігінде. Ноғайбай шешен: „Ақынның құлағы өзінен қырық жыл бұрын туады“ деп, мүмкін осыған қарап айтқан шығар, кім біледі». (Р. Ниязбек, 9. 21—27.08.2014.).
Әдетте ақын-жазушылар мен жалпы ойшылдардың интел-лектуалдық қабілеті жоғары болатынын, тарихи өткенді терең біліп, соның арқасында болашақты да болжай білетін көріпкелдік қасиетін Ноғайбай шешен дәл түйіндеп бере білген.
АҚЫРАП, ҚАУЫС, КӘРІ – ҚҰРТАҢДЫ ТАУЫС
«Қауыс амалы қарашаның 20—25 жаңасына дейін созылады. Бұл – араб тілінен енген сөз. Осы мезгілде жерге қар түсіп, төңіректі түгелдей ақ ұлпа жабады. Жеңіл, жұмсақ қар. Осыған байланысты қазекең бұл амалды ақ қар деп те атаған. Қауыс негізінен, қазақ тұрмыс-тіршілігіне қауіпті, қаһарлы амал саналған.
«Ақырап, қауыс, кәрі-құртаңды тауыс» деген мақал жәйден-жәй айтылмаса керек. Мұның мағынасы «ақырап» (қазан), қауыс (қараша) айларында күн салқындайды, кәрі, ақсақ-тоқсақ малдарыңды жара-татын уақыт болды» дегенді білдірсе керек. Міне, осы қауыс амалы кезінде күн суытып, бұрқақ, өткінші жаңбыр жауатын болған». (07. 20.11.2014.)
«Ақырап ақырын келді, қарлы боранын шақырып келді» деген сөз тіркесі де бұл ай, амалдың қандай қасиетке ие екенін айқындап тұр.
АҚШАНЫҢ СӨЗІНІҢ ҚЫНЫ БАР,
КҮНТУДЫҢ СӨЗІНІҢ ҚҰНЫ БАР,
ЫСТЫНЫҢ ҚЫЗЫЛДАН ДАМБАЛЫ БАР
«Ақша батыр, Ақша елі, Ақшаның қулығы, „Ақша тоған“, Ақшаның бір ер-тоқымы бір кісіні алдағаны жайлы аңыз әңгімелер ұшан-теңіз. Ақша батырдың шыққан ортасы жайлы бірер сөз. Ақшалар қуақы, қақпа сөзге ұста келеді екен. Ел ішінде „Ақшаның сөзінің қыны бар, Күнтудың сөзінің құны бар, Ыстының қызылдан дамбалы бар“ деген бұрынғылардан сөз қалған. Олай дейтіні Ақшалар қу тілді, Күнтулер әр нәрсені дөп басып тауып айтады екен, ал Ыстылар шетінен батыр, әрі сәнқой болған. Олар ертеде қызыл бараттан дамбал киіп, сәнденіп жүретін көрінеді». (О. Хатитұлы, 48. №4, 2001.)
Бұл сөз тіркесіндегі Ақша, Күнту, Ысты – Ұлы жүздің құрамына кіретін рулық мәнге ие болған аталар. (Мәселен, Ақша Суаннан, Күнту Шымыр Дулаттан, Ысты Сарыүйсіннен тарайды). Ру-аталардың ерекше қасиеттерін дәріптеуден сөз тіркесі туған.
АЛА ЖІПТІ АТТАМА
«Қазақта «ала жібінен аттау» деген сөз бар, ол – ұрлық жасау және біреуге қиянат жасау дегенді білдіреді. Ал арғы танымдық – мифтік мәні қалыптасқан шектен, нормадан шығып кету, яғни, белгілі бір тәртіптің шекарасы осы – ала жіп, мысалы, екі дауласушы жақтың арасына ала жіп тасталады не керіліп қойылады. Бұл да шекара, төреші үшін ақ пен қараның шектесу аймағы – ақ пен қара арасы-дағы орта дүние.
Ала жіп жас баланың аяғына тұсау ретінде де пайдаланылады, бұл жағдайда баланың о дүниеден (қазақта туған адам қырық күнге, не бір-үш жылға дейін «әлі бұл дүниелік емес» деп есептелінген) өтіп, тірі адамдар қатарына қосылуы, ала жіпті қиып, шекарадан өтуі болып табылады». (С. Қондыбаев, 62.).
«…Есігіне құлып салмай, ала жіппен байланған. „Ала жібіңді де аттаған жоқпын“, – деген сөз осыдан шыққан». (С. Мәдімарұлы, 73.).
Қазақ баласын сөзді естіп ұға алатын, айтқанды ептеп істейтін кезінен – тұсауы кесілгеннен бастап ұрлыққа, зорлыққа, жырын-дылыққа барма, жолама деп баулиды. Біреудің ала жібін аттама, бүлінгеннен бүлдірге алма дегенді әу бастан-ақ құлағына сіңісті етеді.
АЛА ЖІПТІ КЕСІСТІ
«Біреудің ала жібін аттамау» деген сөз кісіге қиянат жасамау мағынасында қолданылады. Адамдардың бірін-бірі көрместей болып араздасуы – бейнелеп айтқанда, «ала жіпті кесісті» делінеді. Бұл да жоғарыда айтылған ишара-белгіден келіп шығады. Қасиетті киелі жіпті үзу, дұшпанға өлім тілеу мағынасында да қабылданған. Кісілер арасындағы қарым-қатынасты тоқтату да ишараланып, ала жіпті үзу арқылы көрсетілген. Жалпы, ала жіп үзілсе, қасиеті кетеді деп есептелінген». (Г. Ақпанбек, 6).
Өзара ренжісіп, өкпелесіп кетті деген мағынаны береді.
АЛАҢ КЕЛЕ МЕ,
АЛАШ КЕЛЕ МЕ
«Қазақтың „Алаш“ атанғанынан хабардарсың ғой, ә? Бұл сөз сонау Шыңғыс хан тұсынан бастау алады, – деді жазушы (Ғабит Мүсірепов – К.О.). – Шыңғыс хан бар мүлікті төрт баласына бөліп бергенде, Дешті Қыпшақты, Сібірдің күн батыс жағын, осы күнгі Сарыарқаны, Еділ-Жайық өлкесін үлкен баласы Жошыға берген деседі. Ол күнде Жошы ұлысына қараған алты рулы ел бар екен. Сол алты рудың һәр-қайсысына Шыңғыс алты ұран беріпті, һәр руға бөлек таңба, ағаш қос беріпті. Сол күнде бүкіл Жошы ұлысының ұраны „Алаш“ болыпты. Жошы ұлысында алты ру болғандықтан, „Алты Алаш“ болады. „Алаш“ деген сөздің алғашқы мағынасы – Отан кісісі (соотечественник) деген сөз десетін бұрынғылар. Және қазақта „Алаң келе ме, Алаш келе ме“ деген бір мәтел сөз бар. Сондағы Алаң – шет елдің кісісі, Алаш – Отан мағынасында алынған. Тіпті сол заманда Жошы ханға „Алаши“ деп лақап ат қойылған ғой. Алаши – алаштың басшысы (глава соотечества) деген сөз». (Қ. Сәрсекеев, 31. 21. 03. 2012.).
Бұл жаугершілік заманнан қалған сөз, яғни, жастарды күн салып қаратып, «Алаң келе ме, Алаш келе ме?» деп сұрайды, мұнысы: жау келе ме, өз қандасымыз келе ме дегенді аңғартады.
«АЛАШ» АЛАШ БОЛҒАНДА,
АЛАША ХАН БОЛҒАНДА
«Аламан деген ханның бір ұлы анасынан алапес болып туыпты. Соны ұнатпаған хан, атын «Алаша» қояды да, қасына жүз жігіт қосып, шешесі мен Алашаны Ұлытаудан асырып тастайды. Сонда ержеткен Алаша өз бетімен хандық құрып, ел болып кетеді. Алаша өлгенде Ұлытаудан ағатын «Қара кеңгір» өзенінің бойына көміліп, қабірінің үстіне мазар салынады. Сол «Алаша хан» атты әдемі жасалған мазар Ұлытаудағы Кеңгір бойында әлі күнге дейін қаз-қалпында сақтаулы.
Қазақта «Алаш алаш болғанда, Алаша хан болғанда» деген де сөз бар. Соның мағынасы ғылым жүзінде бертінде ашылып, Қазақстан Ғылым академиясының баспасы, «Қазақстан эпиграфикасы» деген атпен шығарған кітапта белгілі тіл ғалымы Ғайнетдин Мұсабаев «Кеген жазуы» деген еңбегінде тастан жасалған мүсінге және көне жазуға сүйене отырып, «алаш» және «алаша» деген сөздерге талдау жасайды. Ғайнетдиннің баяндауынша, қазақтың «алты алаш» деген сөзі «алты ел» деген ұғымды білдіреді деуі шындыққа жатады. Демек, қазақ сол алтаудың бірі ғана. Өзге бесеуі: қырғыз, өзбек, түрікпен, қарақалпақ және башқұрт. Бұлардың қазіргі аттары мен халық болып бөлінуі соңғы мың жылдың орта тұсынан басталды. Сондықтан қазақта бар рулардың көпшілігі оларда да бар. Кей халық өздері бағынған хандардың есімдерімен аталып кеткен. Мысалы, өзбек, ноғай, т.б.
Ғайнетдиннің жорамалынша, «алаш» хандығы құрылып, «Алаша» ханның билеуі, шамасы бұдан екі жарым мың жылдай бұрын болса керек». (С. Мұқанов, 77..29-30-б.).
АЛАШ АЛАШ БОЛҒАНДА,
АЛАША ХАН БОЛҒАНДА,
ҮЙІМІЗ АҒАШ, ҰРАНЫМЫЗ АЛАШ БОЛҒАНДА,
ҮШ ЖҮЗДІҢ БАЛАСЫ ҚАЗАҚ ЕМЕС ПЕ ЕДІК
(Екінші нұсқасы)
О проекте
О подписке
Другие проекты