Читать книгу «Kazakstan: ұлттық идея және дәстүрлер» онлайн полностью📖 — Канат Нуров — MyBook.
image

«Сөйтіп, менің бабаларым Бумын қаған мен Естеми қаған таққа отырды. Таққа отырғасын, олар Елді орнатты және түркі халқының Заңын орнатты», – деп түркі елінің бастауы жөнінде 732 және 735 жылдары Орхон өзені бойында Білге қағанға және Күлтегінге арналған екі тас жазуында түркілердің бірінші тарихшысы Йоллыг тегін осылай жыр етеді (cонда, 74 б.). Мұндағы «ел» сөзі түркіге де, қазаққа да ортақ. Оның мағынасы көшпелі «халық-мемлекет». Мұнда бір қызығы, «бодун» түрк сөзі тайпалардың жиынтығын белгілейді, «жеке тайпалардан құралған халық», ал оларды біріктіріп басқаратын Түрк Елінің нақ өзі (79 б.). Осы арқылы бодун сөзі ежелгі монголдарда және қазақтарда бар бақылаудағы территория мағынасындағы «жұрт» сөзін еске түсіреді. Мұрагерлік үлес ретіндегі ежелгі монгол ұлыстарын кейін қазақтың жүздері ауыстырады, олардың ордалары «әскер-халықты» басқарады, егер осыны ескермесек, ежелгі түркілер, монгол-татарлар, көшпелі өзбектер мен қазақтардың әлеуметтік-саяси құрылымы бір екені өзінен өзі көрініп тұр.

Тіпті Заң мағынасындағы Төр түрк сөзінің өзі тәртіп пен заңды және сол заңды сақтаушы Шыңғысхан ұрпағын белгілейтін қазақтағы Төре ұғымымен тең.

Бұл тұрғыда ғұндық жерлеу рәсімінің және Монголиядағы түркі тілді тас жазуының түрлі ру-тайпалардан шыққан көшпенділер ретіндегі түркі қазақтарының антропологиялық нұсқасы мен тілдік нұсқасы қалыптасуына қатысты ұқсастығы назар аудартады.

Олардың бірігіп қордалануы I мыңжылдықтың екінші жартысында түркітілдес тайпаларды Оңтүстік Сібірде, Орталық және Орта Азияда, Еділдің төменгі жағында және Солтүстік Кавказда Бірінші Түркі қағанаты, Шығыстүркі қағанаты, Батыстүркі қағанаты, Түргеш қағанаты, Ұйғыр қағанаты сияқты үлкен мемлекеттік құрылымдар және енисей қырғыздары, қарлұқ, кимақтар және Арал оғыздарының мемлекеттерін құруға әкеледі. Бұл уақыт қазір «ежелгі түркі дәуірі» деп аталады (сонда, 75 б.). Сол сияқты Каан\Қаған сөзі де ежелгі монгол және түрк тілдерінде «хандардың ханы» деген бір мағына береді (оны Владимирцов айтқан Канмен шатастыруға болмайды). Тіпті ханды ақ киізге көтеру рәсімі де барлық жерде сол күйінше сақталған. Мысалы, 551 жылы Бумынды Түркі Елінің қағаны деп жариялағанда, оны ақ киізге көтерген (78 б.). Мұндай салыстырулардан кейін ежелгі түрк дәуірі түркіттерден көне ұйғырлар мен қыпшақтарға дейін бір екеніне еш күмән қалмайды. Сол сияқты әлеуметтік институт және этникалық өмір дағдысы ретіндегі қазақылықтың көптеген элементі бар екеніне біраз көз жеткізген сияқтымыз. Ежелгі түркі мемлекеттерінің өз-өздерінің саяси атауындағы айырмашылықтар түрлі билеуші тайпалардың ақсүйек руларына байланысты болған, сондықтан тұтас халықтар жойылып кетті деп шатасуға болмайды. Бұл тұрғыда біз өзіміздің және басқалардың да (мысалы, В.П. Юдиннің) ойларын қайталауға әзірміз. Бұл тұрғыда монгол тілдес жуан-жуандар («аварлар») 460 ж. Турфаннан Алтайға көшірген кейінгі ғұн тайпалары арасында ежелгі түркі мемлекетіне бастау берген Ашина ұрпақтарының тайпасы болды деген түркі аңыздарынан және VI ғ. Қытай тарихи хроникаларының деректері өте қызық және маңызды. Сонымен қатар, Ашина кейін ежелгі түркілердің бүкіл мәдениеті мен мемлекеттілігіне зор ықпал еткен өзімен бірге иран тілді индоеуропа халықтары – соғдықтар мен тохарларды алып келеді. Сөйтіп, біз кейінгі ғұндардан көшпелі өзбектерге дейін созылған түркі казактары ретіндегі қазақ этногенезі үзіксіздігінің тек әлеуметтік-саяси негізін ғана емес, тарихи-мәдени негізін де елестете аламыз. Ашина сөзінің өзі иран тілінен шыққан және оның мағынасы «көк, бурыл көк», бұл Шығыс Түркістанның патшалық ономастикасына байланысты. Демек, Көк Түрк деген Ашина ұрпақтарына бағынған халықтың атауын түркі тілінің заңы бойынша Көк түрктер емес, Ашина және түрктер деп аудару қажет. Алтайда бөрі қаншығынан тараған дейтін Ашинаның «жарқын» руы бірте-бірте жергілікті алтай тайпаларын біріктіріп, осы ежелгі және кейінгі ғұндардан бөлек тайпалық одаққа Алтай тауларының жергілікті аңыздық атауы бойынша Тюрк атауын берген (сонда, 75–76 б.).

Көне ұйғырлардың мифтік Оғыз қағаны (оның мүмкін ежелгі нұсқасы – ғұн патшасы Модэ) мен өмірде бар Шыңғысханның көк бөріден дүниеге келуі, сонымен қатар, қазақ Алаш ұлдарының бурыл бөріден таралуы оларды осы мифтік шығу тегі арқылы біріктіргендей. Осы иран ізінен ежелгі маңғұл тәңіршілдігінің митраистік (зәрдүштік) тамырлары шығады және ислам Алласын да түркілер мағыналас иран сөзі «Құдай» атауымен атаған. Мұның айғағы ретінде VII–VIII ғғ. Тәңірі-Ұмай, Күн мен Ай және Орталық Азиядағы көне түркілер діни-мифологиялық пантеонының (Монголиядағы Орхон-Енисей тас жазулары), оларға Кавказ ғұндарын (Мовзес Каганкаттвацидің Х ғ. «Авган тарихы») және дунай болгарларын (Мадараның грек эпиграфикасы) қосыңыз, бір болғанын растайтын түсініксіз деректерді келтіруге болады. Мысалы, Мовзес кавказ ғұндары жөнінде: «зарлап жылау мен пышақпен беттерін тырнау сияқты қайғы көріністерімен қатар, зиратта бәйге, жын-ойнақ ойындар, ойнас ұйымдастырылған» деп жазса, VI ғ. ақсүйек түрктің жерленуі жөніндегі қытай қайнаркөзі былай дейді: «марқұмның туыстары жануарларды құрбанға шалады, қайғысының белгісі ретінде беттерін тіліп, содан бәйге ұйымдастырып, эротикалық сипаттағы жігіт пен қыз ойындарына көшеді, мұның ақырында жастардың ата-анасы бір-біріне құда түседі» (cонда, 146 б.). Ең қызығы, қазақтардың да түрлі тойларында, тіпті ас бергенде де, осындай эротикалық ойындар болған.

Демек, мұнда да түсініксіз ұқсастық жалғасып отыр. Бірақ егер ғұндар мен түрктер арасындағы барлық осы ұқсастықтарды түсіндіру үшін Кавказ аумағы және IV–VI ғғ. Солтүстік Кавказдың түркітілдес этникалық топтары (ішінде Дағыстан ғұндары да бар) ғұн, болгар тайпаларының негізгі көпшілігімен ажырамас болса, (оқулық осылай түсіндіреді) және теле тайпалар одағының батыс бөлігімен тығыз байланыста болса, (ал олардың негізінде Орталық Азияда V–VI ғғ. көшпелі гуздардың («тогуз – огуз») және монголдан бұрын басымдық еткен ежелгі ұйғырлардың («он уйгур»)жаңа тайпалық одақтары қалыптасқан), онда біздің басмыл теленің қазақ арғындарымен бір дегеніміздің дұрыс болуға біраз мүмкіндігі бар сияқты (сонда, 144 б.).Өйткені қазақтардың басты этнос құраушы субстраты ретінде олардың бірде жоғалып, бірде қайта шығуы беймүмкін еді. Осы қытай мен маңғұл арбалы деген гаогюй телеуттері өз-өздерін (огур) оғыз деген және тілі жағынан да, өмір дағдысы жағынан да түркілерден айнымайтын, өздері көп болса да, VI ғасырға дейін бірікпеген, кейін оларды көшпелі ұйғырлар басқарып кеткен (сонда, 78 б.). Егер түркі аңызы бойынша, «теле Чжучже өзеніне қоныстанған Ашинаның туысы» (80 б.) дегенді ескерсек және Ашина мен Алаш(а) арасындағы этимологиялық және семантикалық байланысты қабылдасақ, сонымен бірге, Шәкәрімнің шежіресі бойынша, оғыз басмылдардың, немесе бай-егудың бірінші қарақытай хандарының кезеңінде наймандарға билік еткенін еске алсақ, онда Гумилев пен Шәкәрімнің арғындарды көне ұйғыр оғыздардан шығаратыны көңілге қонымды. Тағы бір қызық нәрсе, арабтар қазақ даласын қыпшақтікі деп атаудан бұрын оны оғыздікі (Мазафат ал-гуз) деген екен. Бұл дәйектен басқа, гуздарда да, арғындарда да «қазақ арбалары» болса, әлеуметтік институт ретіндегі қазақылық та болған. Олардың монголтүсті және түркітілдес болғаны жоғарыда салмақты расталған. Тек қана ғұндар емес, сонымен бірге, түпкі ежелгі монголдар да (дарлекиндер, турлигиндер) Сыртқы Монголияда түркітілдес болған, олардың ішінде Ішкі Монголияның татарлары да бар. Гардизи (XI ғ.) сақтаған аңыз бойынша, қазақ этногенезіне қыпшақтардан да зор ықпал еткен кимак тайпалар одағының шығу тегі ежелгі монгол татарларының белгілі аумағына байланысты, ал олардың түркітілдес екенін Махмуд Кашгари ХI ғ. өзінде нақты анықтаған (108 б.). Демек, түркілер тайпалық одағына кірген және Ішкі Монголия территориясында гаогюй арбалылары болған теле, тегрек, басмыл аталған оғыздардың түркітілдес екені еш күмән тудырмайды. Егер осыны ескерсек, ол кезде, тіпті, монгол тілді ежелгі монгол нирундар (кияттар, джаджирадтар, сулдуздар және т.т.) таза түркі тілінде сөйлемесе де, алтай тайпаларының барлық ежелгі түркімонгол тіл қауымдастығына тән түркі-монгол тілінде сөйлеген. Соңғы ұғымдарда зерделеніп отырған оқулықтың ерекше маңызды қасиеті жасырынғандай. Демек, Қазақстан территориясында бұрын оғыз, кимак, қыпшақ одақтарына кірген жергілікті тайпалар ежелгі монголдарды түркілендірмеген және соңғылар ассимиляцияға ұшырамаған. Оны айтасыз, егер қазақтардың ру-тайпалық құрамы іс жүзінде ежелгімаңғұлдікіне толығынан тең болса, маңғұлдан бұрынғы қыпшактікі мүлде басқа болса, ал қазіргі маңғұл (халхалардікі) тек мөлшерлі түрде тең болса, онда В.П. Юдиннің мынандай дерегіне аса назар аударуымыз керек: «Кейін сол жаққа (Қазақстанға – авт.) жанұясымен көшкен маңғұл жауынгерлерінің қосымша контингенті келді. Кейбір жеке жағдайларда олар бұрын Шыңғысхан ұлдарына бөлінген төрт мың әскерден әлдеқайда көп болатын (Юдин В.П., Центральная Азия…, 109 б.). Сөйтіп, керісінше, ежелгі монголдар көптеген жергілікті ру мен тайпаларды өздерінің жүздіктеріне таратқан және өздерінің өмір дағдысына көндіріп һәм ру-тайпалық ақсүйектерді билігінен айырып, оларды этникалық ассимилияцияға ұшыратқан. Монгол нируннан шыққан Шыңғысханның казактары бұрын өздерінің ежелгі монгол тайпаларын да (турлигиндерді) сөйткен. Яғни, әзірше монголдардың біздің жерге үдере көшкені жөнінде айтуға негіз болмаса да, олардың ешбір (тілдік болсын, антропологиялық болсын) ассимилияцияға ұшырамағаны жөнінде нақты айтуға болады. Ежелгі түркі-монгол тіл қауымдастығындағы мәдени-тұрмыстық жағынан біртұтас «алтай тайпалары» өзінің шежіресін көне түркілердің көк бөрісінен шығаратын рулардың жоғарғы билігін әрқашанда мойындаған. Борте-Чино, ежелгі монголдардың арғы атасының атауы, ол да көк бөрінің атауы еді. Ал Ашинаның аты тек көк түсті емес, «қасиетті, ақсүйек» бөріні белгілейтін (қыт. «А» және монг. «Шино»), осыған байланысты кейбіреулер еш негізсіз Шыңғысхан ұрпақтарының тотемдік шежіресінен «көк бөрі» белгісін іздей бастады. Біздің ойымызша, ежелгі монголдар жергілікті ежелгі қазақ өмір дағдысына тек әлеуметтік сарын қосқан. Олар қарасүйекті, яғни, қарапайым халықты олардың ру-тайпалық ақсүйегінен босатып, олардың бәрін казак қылған, яғни, жаңа ақсүйек дәрежесіне жеткен Шыңғысханның алтын руының қызметіндегі ерікті жауынгерлер қылған. Казактар ру мен тайпа емес, жүздіктерге, әскери әкімшілік бөліктерге таратылған. Мүліксіз, маманданған әскери сословие ретіндегі казактар Қазақстанда монголдардан бұрын да болған болу керек, бірақ ру-тайпалық ополчениеге қарағанда, олар азшылықта еді. Ал Шыңғысхан келіп, әскерге шақыру рәсімін енгізгесін, ру-тайпалық ақсүйектерге сахнадан кетуге тура келді. Монголдан бұрынғы, ежелгі түркі көшпенділерінің тұрмысы мен мінезін Юсуф Баласагуни Х ғ. былай суреттеген: «олжа табу ниетіндегі жорықтар, оны табу ісіндегі өнегелік және оны таратқанда билеушілер тарапынан жомарттық» (История Казахстана и Центральной Азии. 131 б).

Ежелгі түркі көшпенділерге неге әскери демократиялық құрылымның керек болғанының бұдан түсініктірек себебі де белгілі: оларды ғұн замандарынан бері отырықшы шығыс халықтарымен ерікті саудаға жібермеген, ал көшпенділер отырықшылардың тауарларына өте мұқтаж болған. Махмуд Кашгари айтуынша, ежелгі түркілер казақтарды «кулсыг ер» деп атаған, «яғни, құлға ұқсас», демек, өзіне керек байлықты ру-тайпалық ақсүйектерге нөкер қызметін жасап табатын кедейленген еркін ер. Бірақ әлгі атақты «атлыгтардың» мықтылығы да әл тәуелді болса да, тәуелсіз еркін ерлерге байланысты еді. Елді солар ұстап, ел арқылы кара бодун, немесе қосылған ру-тайпалардың қарапайым халқын басқарған (сонда, 131–137 б.).

Ең қызығы, осы еркін қара халықтың арасында еркі жоқ құлдар қатпары болған, олардың еркегі құл аталса, әйелі күң аталған. Әдетте, оларды осылай атап, өзге тілдерге осылай аударады да. Іс жүзінде олар кезінде тұтқынға алынған және өздерінің иелерімен көшіп қонуға міндетті болған, бірақ оларды батыстағыдай қоғамдық жұмыстарда, немесе шығыстағыдай үй жұмысында еңбегіне ақша төленбейтін тәуелді құлдар ретінде қолданды деп айту қиын. Олар алғашқыда шынымен де еңбегі қатаң, тәртібі жоқ көшпенділер үй шаруашылығында пайдаланылған құлдар болса, кейінірек үлкен көшпелі отбасының мүшесіндей болып, олардан көшіп кетуге хұқығы болмаған. Олар далалық емес үйреншікті ұғымдағы құлдардан гөрі белгілі ақсүйек руға, немесе адамға мәңгі қызмет етуді қалаған ежелгі монголдардың «унаган баголына» ұқсайтын. Осыны растау мақсатында Х ғ. аяғы – ХI ғ. басында жазған араб авторы Ибн Факихтың «құлдыққа түсіп, сосын өзінің жаңа иелерімен өз тайпасына қайта оралғандарға бұрынғы орны қайтарылмаған», өйткені «түркілердің белгілі бір топтары өз тайпасынан кетіп, өзге тайпаға көшеді (сонда, 138 б). Сөйтіп, Ұлы дала жағдайында барлық көшпенділер багол мен құл болудың орнына, көшіп кетіп, тағдырмен тәйкілескен казак болуға мүмкіндік алған. Мысалы, VIII ғ. ортасындағы көне ұйғырдың Онгин тас жазуында Білге қаған мынандай өсиет айтады: «Егер сен, түркі халқы, өзіңнің қағаныңнан, өзіңнің бектеріңнен, өзіңнің отаныңнан бөлінбесең… сен өзің де бақытты боласың» (151 б.). Бір қырғыз бегі де өзінің эпитафиясында оны қайталағандай: «Қара халық, еңбекқор бол! Ел орнатқан заңды бұзба!» (132 б.). Қарапайым халық пен құлдардың көшіп кету идеясы ру-тайпалық ақсүйектер мен қағандарды жаман қорқытқан және қазақылық идеясынан қорыққасын, олар халқын жемдеп отырған, яғни, олжа түсіру мен оны тарату және қорғау жағын ұйымдастырған. Бугут тас жазуының сақталған бөліктерінде түркі еліне осылай қызмет ету формуласы үш рет қайталанған: Мұған қаған жөнінде, Білге қаған жөнінде және Элетмиш қаған жөнінде (134 б.). Өйткені, ежелгі түркілер кейінгі көшпелі қазақтар сияқты байларды («байбар») сыйлаған, «кедейлік аяныш сезімін тудырмаған, оны айтасыз, тіпті, жиіркеніш тудырған», ал «жекеменшік мүлікке… ең алдымен, малға құқық Орхон-Енисей тас жазуларында өте нақты көрсетілген» (136 б.).

Сөйтіп, осы оқулықтағы ежелгі түркі дәуірін суреттеу автордың «казак» ежелгі түркі атауының түркітілдес екенін және көшпелі қазақтардың этникалық өмір дағдысының негізі ретіндегі қазақылық әлеуметтік институтының көне екенін еш жоққа шығармай, қайта растайды. Қазақстанның ежелгі монгол дәуіріне қатысты бұл оқулық «Алтын Орда» орыс атауы Дунайдан Ертіске дейін созылған Жошы ұлысына қатысты болған және кейін ол Өзбек ұлысы аталған автордың ұстанымдарын растайды. Осы ұлыстың Еділдің шығыс жағындағы сол қанаты орталығы Сырдарья бойындағы Сығнақ қаласында халық ішінде Көк орда аталған. Орталық орда ретіндегі Көк орда Орду Ежен иелігінде еді. Ол шартты түрде Ақ орда аталатын (Ақ отау – орталық орда) алтынға хұқығы бар ақ түстің иесі Бату иелігіндегі астанасы Еділдегі Сарайда болатын батыстық оң қанатына тәуелді еді. Өз уақытында Русьқа жорықтар ұйымдастыру үшін ақ отауды Батуға қойып, ал көгін Ордуға қойып, сөйтіп Ордуға күміске құқық беріп және Жошының үлкен ұлын кішісіне бағындырып, осылайша бөлуді Шыңғысханның өзі бастаған. Бұл мәселеде шейбанишіл тарихшыға сенуге болады, бірақ Шыңғысхан үшінші отауды Шейбанға қойды дегенде, бұл күмән тудырады. Өйткені, ол Жошының бәйбішесінен туған ұл емес, сондықтан оның Жошы ұлысының басшысын сайлауға мүлде хұқығы болмаған. Барлық өзге үлес тарату енді Бату иелігінде жасалды, өйткені Ақ орда барлық Жошы ұлысының әскери ордасына айналды. Тек Ақ орда ғана кейін Жүз орда аталды. Өйткені ол Русь пен Батысқа жорық жасау үшін өз ру мен тайпаларынан бөлінген жергілікті тұрғындарды казакка тартып, әскерін көбейту керек еді. Бату және Орду үйлерінің неформалды атауларының ауысуы Орду ұрпағы және қазақ хандары династиясының негізқалаушысы Көк орданың төресі Урус ханның Бату ұрпақтары өлгеннен кейінгі патшасыздық кезеңінде 1375–1376 жж. Ақ орданың билігін тартып алуынан еді. Кейін 80-ші жылдарда билікке Тоқа Тимур ұрпағы, Көк орданың төресі, Тоқтамыс жетеді. Содан бері қазақ хандары болған «көк» ордуидтер өздерін Ақ орданың заңды билеушілері санаған. Және онысы орынды еді, өйткені Бату тұқымы жойылғасын, Жошы ұлысындағы жоғарғы билікке тек Жошының үлкен ұлы Орду Ежен ұрпағы хұқылы еді (сонда, 173–176 б).

Көк орданың кейінгі ішкі бөлуін Әбілғазы мен Махмуд ибн Валидің айтуынша, Батыс Еуропаға жорықтан келгесін, Сарай астанасында Бату жасаған: Орду ұлысының шығысына, Жоғарғы Ертіс және Алакөл аумағында шартты түрде оған бағынған Шейбан ұлысы қосылды, Орал өзенінің шығыс жағында, Ырғыз, Өр және Илектен Сырдарьядағы Қарақұмға дейін және Тоқа Тимурдың ұлысы, Оралдың батыс жағында, Солтүстік Кавказ, Астрахан және Маңғыстау аумағында (сонда, 227–228 б).

Өзге де бөлшектеулер болған, бірақ олар негізгі болған жоқ. Егер Орталық Азия ру-тайпаларының қатаң иерархиясын ескерсек, осы Көк орданың қосымша үш негізгі ұлысқа бөлінуінен Қазақстанның үш жүзінің Жошының аталған ұлдарының үлкендігіне байланысты пайда болғанын болжауға болады. Ал осы үлкендігіне байланысты бөлінетін үш жүздің ру-тайпалық құрамына келгенде, автор өзінің казак ордалары ретіндегі қазақ жүздерінің ұзақ қалыптасқаны жөнінде және ежелгі қазақ руларының Шыңғысханға бірте-бірте қосылғандығы жөніндегі пікірімді сәл өзгертеді. Жақын келешекте мұндай реттілікті дәлелдеу мүмкін емес, бірақ ежелгі қазақ ру-тайпаларының ежелгі монгол қолбасшыларының Шыңғысханға шежірелік жақындығы жөніндегі мәселеге бұл әлдеде фон бола алатын түрі бар.

1
...
...
12