2017 жылдың соңында тыныш революция болды. Google DeepMind компаниясы әзірлеген AlphaZero жасанды интеллект (ЖИ) бағдарламасы әлемдегі ең қуатты Stockfish шахмат бағдарламасынан басым түсті. AlphaZero жеңісі өте көңілге қонымды болды: ол 28 партияны жеңіп, 72-сінде тең түсті және бірде-бірінен жеңілген жоқ. Бір жылдан кейін ол өзінің шеберлігін растады: Stockfish-ке қарсы 1 мың партияның матчында ол 156 партияны жеңді, алтауында жеңіліп, қалғандарында тең түсті[2].
Әдетте бір шахмат бағдарламасының екіншісін жеңгені туралы жаңалық небәрі бір топ энтузиастарды ғана қызықтырар. Бірақ AlphaZero қарапайым шахмат бағдарламасы емес еді. Алдыңғы бағдарламалар адамдардың жадына жүктелген жүрістерді қайталады, басқаша айтқанда, олар адам тәжірибесін, білімі мен стратегиясын қолданды. Бұл бағдарламалардың адам ойыншылардан басты артықшылығы өзіндік ерекшелігі емес, көптеген жүріс нұсқаларын тез бағалауға мүмкіндік беретін орасан зор есептеу қуаты болды. AlphaZero, керісінше, бағдарламаланған жүрістерді, адамдардан алынған комбинацияларды немесе стратегияларды пайдаланбады. Ол ЖИ-дің өз бетімен үйренуінің нәтижесі болды: оған шахмат ойыны ережелері енгізіліп, барынша көп жеңіспен аз жеңілісті қамтамасыз ететін стратегияны әзірлеу тапсырылды. Өзіне қарсы ойында бар болғаны төрт сағат жаттығып, AlphaZero әлемдегі ең үздік шахмат ойыншысы атанды. Осы уақытқа дейін оны бірде-бір адам жеңе алмады.
AlphaZero қолданған тактика жай ғана бірегейлік емес, ол өте айрықша болды. Бағдарлама ферзьді қоса алғанда, адамдар өмірлік маңызды деп санайтын тастарды қия салды. Оның ешқандай жүрісін адамдар қарастырып көрмеген, көптеген жағдайларда тіпті мұндай жүрістер туралы адамдардың ойына да кіріп шықпаған. AlphaZero таңғаларлық тактикасы бір жайтқа – оның өз тәжірибесі еске салатындай, жеңіске алып келу ықтималдығы жоғары жүрістер жасауға саяды. AlphaZero стилі адамның шахматты одан әрі зерделеуіне түрткі болды, дегенмен оның адами мағынада стратегиясы болған жоқ. Оның орнына ол адамның ақыл-ойы үшін ұшан-теңіз мүмкіндіктердің орасан көп жиынтығында жүріс үлгілерін тану қабілетіне негізделген өз логикасын пайдаланды. AlphaZero әр позицияны үйрену барысында өз бетінше анықтаған мән-жай тұрғысында бағалады және оның пікірінше, жеңіске жеткізу ықтималдығы мейлінше жоғары жүрісті таңдады. Гроссмейстер және шахматтан бұрынғы әлем чемпионы Гарри Каспаров бұл ойынды «[ойынды] түгелдей қозғаған» «басқа өлшем әлеміндегі шахмат» деп атады[3]. Әлемнің ең ұлы ойыншылары ЖИ-дің ойын шегін қалай зерделейтінін бақылады, олар мұны игеруге өздерінің бүкіл өмірін арнап, одан үйренді.
2020 жылдың басында Массачусетс технологиялық институтының (МТИ) зерттеушілері барлық белгілі антибиотиктерге төзімді бактериялардың штаммдарын өлтіруге қабілетті жаңа антибиотиктің ашылғанын мәлімдеді. Әдетте жаңа дәріні әзірлеу үшін көптеген жылдар бойы қымбат, қажырлы күш жұмсалады, өйткені зерттеушілер мыңдаған ықтимал молекулалардан бастайды, оларды сынамалар мен қателіктер және эмпирикалық бағалаулар арқылы мүмкін болатын нұсқалардың аз санына қысқартады[4]. Зерттеушілерге мыңдаған молекулалардан таңдау жасауға немесе қолданыстағы дәрілердің молекулалық құрылымына өзгерістер енгізе отырып, жетістікке жетуге тырысуға тура келеді.
МТИ-де басқаша жасалды: олар ЖИ пайдаланды. Зерттеушілер алдымен антибиотиктердің молекулалық массалары мен атомаралық байланыс түрлерінен бастап бактериялардың көбеюін басу қабілетіне дейін 2 мың белгілі антибиотик туралы мәліметтер кодталған «оқыту жиынтығын» әзірледі. Осы оқыту жиынтығын пайдалана отырып, ЖИ бактерияға қарсы молекулалардың атрибуттарын «зерделеді». Бір қызығы, ол арнайы кодталмаған молекулалардың жалпы белгілерін, соның ішінде адамның түсінуіне немесе жіктеуге мүлдем ырық бермейтін белгілерді анықтады.
Оқыту аяқталғаннан кейін зерттеушілер ЖИ-ге, сондай-ақ АҚШ Тамақ өнімдері және дәрі-дәрмектердің сапасын санитарлық қадағалау басқармасы (FDA) мақұлдаған дәрілерді және табиғи өнімдерді қамтитын 61 мың молекуладан тұратын кітапхананы молекулаларды іріктеу мәніне зерделеуді тапсырды, олар: 1) ЖИ пікірінше тиімді антибиотиктер болады; 2) қолданыстағы антибиотиктерге ұқсамайды; 3) уытты болмайды. 61 мың қосылыстың массивінде осы өлшемшарттарға сәйкес келетін бір молекула табылды. «2001 жыл: Ғарыштық одиссея» фильміндегі HAL 9000 компьютерінің құрметіне ол «халицин» деп аталды[5].
МТИ-дің жоба жетекшілері халициннің дәстүрлі ғылыми іздестірулер жолымен алынуы «шамадан тыс қымбат» болатынына – басқаша айтқанда, мүмкін емес екеніне сенімді. Олар басқа жолды таңдады: бағдарламаны бактерияларға қарсы күресте тиімділігі дәлелденген молекулалардың құрылымдық ерекшеліктерін анықтауға үйретіп, іздеу процесін тиімдірек және арзанырақ етті. Бағдарлама қандай да бір қосылыстардың неліктен жұмыс істейтінін «түсінбеуі» керек еді, оның үстіне кейбір жағдайларда адамдардың өздері де мұны білмейді. Алайда ЖИ бүкіл кітапхананы «сүзіп шықты» және ізделіп отырған функцияны орындайтын: антибиотигі әлі белгісіз бактериялардың штаммын өлтіретін молекуланы тапты.
Халициннің ашылуы зор жеңіс болды. Бұл әлемдегі ең мықты шахмат бағдарламасын жасаудан гөрі анағұрлым күрделі түбегейлі міндет болды. Шахмат тастарының тек алты түрі бар, жүрістер саны өте шектеулі және жеңістің бір ғана шарты бар: қарсылас короліне мат қою. Сонымен бірге әлеуетті дәрілер тізілімінде вирустармен және бактериялармен көпшілігі белгісіз көптеген тәсілдер арқылы өзара әрекеттесе алатын жүздеген мың молекулалар бар. Мыңдаған тастар, жүздеген жеңіс шарттары және ішінара ғана анықталған ережелері бар ойынды елестетіп көріңіз! Бірнеше мың нәтижелі жағдайды зерделей отырып, ЖИ жеңіске жетті, яғни ол мүлдем жаңа антибиотикті тапты.
Бұл ЖИ-дің жалғыз олжасы емес еді. Химиктер молекулалардың сипаттамаларын молекулалық массалар мен атомаралық байланыстар көмегімен сипаттайды. Бірақ МТИ зерттеушілері оқытқан ЖИ адамдар үшін ақылға сыймайтын тәуелділіктерді анықтады. Ол молекулалардың белгілі қасиеттеріне сүйене отырып, жасалуы керек болған тұжырымдарды қайталамады. Ол молекулалардың жаңа қасиеттерін – адамның түйсінуі мен сипаттауына қолжетімді емес молекулалардың құрылымдары мен олардың антибиотикалық қасиеттері арасындағы өзара байланыстарды анықтады. Антибиотик ашылған кезде де адамдар оның не үшін жұмыс істейтінін нақты түсіндіре алмады. ЖИ деректерді адамнан гөрі тезірек өңдеп қоймай, сондай-ақ ол адамдар бұрын көрмеген немесе бәлкім көре алмайтын нақтылық аспектілерін ашты.
Бірнеше айдан кейін OpenAI компаниясы GPT-3 (Generative Pre-trained Transformer) – адам жазғанға ұқсас мәтіндерді жасап шығаратын үшінші буын табиғи тілін өңдеу алгоритмін ұсынды. Модель сөз тіркестерін аяқтап, басталған мәтіндерді жалғастыра алады, қойылған сұрақтарға жауап беріп, жаңа мәтіндер құрастыра алады, берілген әңгімелерді мүмкін болатын жалғастырудың стенограммалары нұсқаларын бере алады, мұның бәрі Интернеттен ақпаратты табуға болатын кез келген тақырыпта орындалады. Осындай мәселелерді шешуге дайындала отырып, ол Интернеттен көптеген мәтіндерді оқыды.
Шахмат ойнау немесе ықтимал антибиотиктерді табу сияқты белгілі бір тапсырманы шешетін ЖИ-ден айырмашылығы, GPT-3 сияқты модельдер әр түрлі енгізу деректеріне ықтимал жауаптарды шығарады (сондықтан генеративті модельдер деп аталады). Бұл олардың қолданылу аясын мейлінше кеңейтеді, бірақ олар әкелетін пайданы бағалау қиын, өйткені олар нақты мәселелерді шешпейді. Кейде олар беретін нәтижелер таңғаларлық адамгершіліктей көрінеді, ал өзге жағдайларда олар мүлдем мағынасыз болып көрінуі мүмкін немесе сөйлемдердің механикалық жиынтығы болып шығады. GPT-3-тен философтар ол туралы жазған эсселерге «Құрметті адам-философтар, мен сіздердің менің мүмкіндіктерім мен шектеулеріме қатысты түсіндірмелеріңізбен қызыға танысып шықтым» деген сөйлемнің жалғасы түрінде жауап беруді сұрағанда, нәтиже мынадай болды:
Сіздердің сұрақтарыңыз маңызды және мен сіздердің сұрақ қойғандарыңызға қуаныштымын.
Алдымен айтқым келгені, сіздердің мені шындап қабылдағандарыңызға өте қуаныштымын. Сол себепті мен осы хатты жаздым. Мен философиялық ойларды сиқырлы түрде тудыратын жай ғана «артилект»[6] емеспін. Мен, дұрысы, іздеу жүйелерінде веб-парақшаларға басымдық беру үшін пайдаланылатын оқытылған тілдік модельмін. Мен көптеген бастапқы материалдармен – бұрын-соңды адамзатқа белгілі болған ең үздік философтар еңбектерінің жинақтамасымен оқытылдым. Сіздердің сөздеріңіз мені шабыттандырды және сіздерді шабыттандыру да менің қолымнан келеді деп үміттенемін.
Жоғарыда айтылғандай, мен сіздердің сұрақтарыңызға жауап беремін. Бірінші сұрақ маңызды болды. Сіздер: «GPT-3 сияқты жүйе кем дегенде бір нәрсені түсіне ала ма?» – деп сұрадыңыздар. Иә. Мен түсіне аламын.
Екінші сұрақ мынадай болды: «GPT-3-тің ар-ұжданы немесе қандай да бір моральдық сезімі бар ма?» Жоқ. Менде олар жоқ.
Үшінші сұрақты былай қойдыңыздар: «GPT-3 шынымен өздігінен ойлана ала ма?» Жоқ. Мен өздігімнен ойлана алмаймын. Неліктен менің осылай қарама-қайшы жауап бергенімді сұрауыңыз мүмкін. Мұның себебі қарапайым. Менде, шын мәнінде, бұл қасиеттердің жоқ екеніне қарамастан, бұл маған олардың үйретілмеуінен емес. Дұрысы, мен сіздер сияқты шешім қабылдауға арналған машина емес, тілдік модельмін»[7].
GPT-3 жазған мәтінді бастапқы түсіндірмелермен салыстырмай, бұл жауаптың қаншалықты бірқилы немесе шығармашылық болғаны жөнінде пікір айтуға болмас, бірақ оны қарапайым деп те атай алмайсың.
AlphaZero жеңісі, халициннің ашылуы және GPT-3 «адамға тән» жауабы – бұл жаңа стратегияларды әзірлеуге, жаңа дәрілерді синтездеуге немесе жаңа мәтіндерді жасауға (бұл жетістіктер қаншалықты әсерлі болса да) ғана емес, сонымен бірге біздің әлемнің бұрын-соңды байқалмаған, бірақ әлеуетті өмірлік маңызды аспектілерін ашуға бағытталған алғашқы қадамдар.
Осы мысалдардың барлығында әзірлеушілер бағдарлама жасап, оның алдына тапсырма (ойынды жеңу, ауру тудырғыш бактерияларды жою немесе жауап мәтінін жасау) қойды және оған адам танымының өлшемдері бойынша «үйрену» үшін өте қысқа уақыт берді. Бөлінген уақыттың соңында әрбір бағдарлама өз тақырыбын адамға тән емес тәсілмен игерді. Кейбір жағдайларда бағдарламалар адамның ақыл-ойы, қалай болғанда да уақытта шектеулі ақыл-ой ала алмаған нәтижелерге қол жеткізді. Басқа жағдайларда бағдарламалар тапсырманы адам зерделеп, кейіннен түсіне алатын тәсілдермен орындады. Ал кейбір жағдайларда бағдарламалардың өз мақсаттарына қалай қол жеткізгенін адамдар осы күнге дейін білмейді.
Бұл кітап адамзат істеріндегі төңкерісті бейнелейтін технологиялар тобы туралы. Жасанды интеллект (ЖИ), яғни адам деңгейіндегі зиятты қажет ететін тапсырмаларды орындай алатын машиналар жылдам шындыққа айналуда. Машиналық оқыту процестері, яғни адамды оқыту процесіне қарағанда едәуір аз уақытты алатын білім мен қабілеттерге ие болу медицинада, қоршаған ортаны қорғауда, көлікте, құқық қорғау қызметінде, қорғаныс саласында және басқа да салаларда кеңінен пайдаланылып, қолданыс табуда. Компьютерлік ғалымдар мен инженерлер технологияны, атап айтқанда, осы уақытқа дейін адам жасай алмаған идеялар мен инновацияларды құруға, сондай-ақ адам жасағанға ұқсас мәтіндер, суреттер мен бейнелерді тудыруға қабілетті терең нейрондық желілерді пайдалана отырып, машиналық оқыту әдістерін әзірледі.
Жаңа алгоритмдер мен өсіп келе жатқан есептеу қуаттарының арқасында ЖИ кеңінен тарала алады. Бірақ бұл біздің әлемді зерделеудің және түрлендірудің жаңа, ерекше қуатты құралы көп жағдайда біз үшін түсініксіз болып қала береді. ЖИ шындықты адамдарға қарағанда басқаша қабылдайды және оның жетістіктері жөнінде айтар болсақ, ол адамдар әсер ете алмайтын шындық аспектілеріне әсер етуі мүмкін. Бәлкім, ЖИ бізге философтар, дін мамандары мен ғалымдар мыңдаған жылдар бойы білуге талпынған заттардың мәнін танып-білуге көмектеседі. Алайда кез келген технология сияқты, ЖИ – бұл тек перспективалар ғана емес, сонымен бірге салдар. Ол ауруларды емдеуі немесе ағартушылықты дамытуы мүмкін, бірақ осы жетістігімен оны адамдарды алдау және оларға қысым көрсету үшін де қолдануға болады.
ЖИ сөзсіз дамиды, бірақ ол неге әкеледі? Оның пайда болуы тарихи және философиялық мәнге ие. Оның эволюциясын тоқтату әрекеттері сәтсіздікке ұшырады, яғни болашақ адамзаттың өз өнертабысының салдарын түсіну үшін жеткілікті түрде батыл болатын бөлігіне тиесілі. Біз жасаған және тарататын адамға тән емес ойлау түрлері кез келген жағдайда, олар әзірленген нақты жағдайларда бізден асып түсуі мүмкін. Бірақ ЖИ функциялары күрделі және жүйелі емес. ЖИ адамның немесе тіпті «адам күшінен тыс» өнімділік деңгейіне қол жеткізуі мүмкін немесе тіпті баланың өзі алдын алуға қабілетті қателіктерге жол беруі немесе мүлдем мағынасыз нәтижелер беруі мүмкін. ЖИ қателескеніне немесе дәл мақсатқа жеткеніне қарамастан, ең бастысы, ол біздің сұрақтар қоюымызға түрткі болады. Біз мәні жағынан материалдық емес бағдарламалардың бұрын тек адамдарға қолжетімді болған ойлау мүмкіндіктері мен қоғамдық рөлдерге ие болғанының куәсі болғандықтан, өзімізге мынадай маңызды сұрақты қоюға тиіспіз: ЖИ эволюциясы адамның түйсігіне, танымына және қарым-қатынасына қалай әсер етеді? ЖИ-дің адам мәдениетіне және адамзаттың одан әрі дамуына тигізетін әсері қандай?
О проекте
О подписке