Читать книгу «Деген екен» онлайн полностью📖 — Баянғали Әлімжанов — MyBook.

Ғабиден мен Нәбиден

Бiр күнi Шерхан Мұртаза, Нәбиден Әбутәлиев екеуi келе жатып, Баянғалимен кездеседi. Сонда Баянғали iнiсiн «Палуан» деп еркелететiн Шерхан:

– Әй, палуан, осы сен жұрттың бәрiн сабап жүрсiң ғой, мына Нәбидендi сабап бершi, – дейдi.

Оның сөзiне наразылық бiлдiрген Нәбиден: «Неге менi сабайды, ол менiң iнiм, мен оның атасы Сегiз серiнi жазғам» – деп, өзiне тартады. Баянғали екi ағасының алдында тұрып: «Қалай сабаймын, Шераға?» – дейдi.

Сонда Шерхан:

– Мынаны сабау керек. Бұл «СҚ» – да местком болған. Сонда: «СҚ» – да не көп, салық көп» – деп отыратын. Бiр жолы картоп әкелiп беремiн деп елдiң ақшасын, қабын жинап алып, соңынан бәрi жайымен қалған. Сосын қабырға газетiне өлең шығарғанбыз:

 
Жылу жинап әр үйден,
Кетiп едiң Нәбиден,
Картоп та жоқ, қап та жоқ,
Атаңа нәлет Нәбиден! – деп! Мұны сол үшiн сабау керек!
 

Содан «Нәбиден құрдасымды саба» деп, тағы бiр кездескенде айтады. Үшiншi жолы топтың көзiнше Шерхан Мұртаза Баянғалиға әзiлдеп:

– Әй, палуан, сен менiң бiр тапсырмамды орындамадың ғой. Анау Нәбидендi бiр сабап бер дедiм, сабамай жүрсiң. Бiр бабыңда жүргенде қолыңа түсiп қалса, сүйкеп жiберсейшi, – деп, тағы айтады.

Сонда Баянғали:

– Шераға, үш айттыңыз ғой, егер официальный жағын мойныңызға алсаңыз, мен сiзге Нәбиден түгiлi, Ғабидендi сабап берейiн! – деген екен.

Жұлдыз бен арт

Жазушылар Одағы үйiнiң астыңғы қабатындағы «Қаламгер» дәмханасында әдебиет сыншысы, марқұм Төлеген Тоқбергенов Баянғалимен кездесiп қалады. Ол кезде Баянғалидың «Жұлдыз» журналына жұмысқа жаңа тұрған уақыты екен. Сонда Төлеген қарлығып шығатын дауысымен Баянғалиға: «Әй, «Жұлдызға» келдiң… «Жұлдызға» келдiң… Ендi артыңды қысып жүр!» – дептi, иығынан жұдырығымен қойғылап тұрып.

Баянғали ағасына қарап: «Ойбай, Төке-ау, жерде қыспаған артты жұлдызға шыққасын қысқан ұят емес пе?» – деген екен.

Қарауыл мен сарауыл

Қырымбет ауылында ақын Шәкен Отызбаевтың 100 жылдық тойы болғанда аудандық тұтынушылар одағы, шаруашылық басшылары (бәрi орыс екен) тiк түрегеп қызмет жасап, қонақтарға құрмет көрсетедi. Сөздiң бiр орайы келгенде Баянғали:

 
Рахмет, той жасаған қарауылға,
Қарауыл үлгi болсын бар ауылға,
Қарауыл атасына той жасап едi,
Сары ауыл тұрған жоқ па караулда! – деген екен.
 

Шейхтың сыйлығы

1998 жылдың шiлде айында Бiрiккен Араб Эмираттарынан шейх Наиф Мұхаммед Көкшетауға келедi. Алыстан келген құрметтi меймандарды Бурабайда, Абылайхан алаңында ата дәстүрiне сай өлең-жырмен қарсы алған Баянғали араб-қазақ достығы, мұсылман елдерiнiң ынтымағы жайында толғайды.

 
Сыйынып жаратушы бiр құдайға,
Хош келдiң теңдесi жоқ Бурабайға,
Жерiнен пайғамбардың сәлем әкеп,
Рахмет, құрмет қылсаң Абылайға!
 
 
Жолына тосқауыл боп ұшынғанның,
Дұрыс қой, достық қолды ұсынғаның,
Сыйласып, ынтымақпен өсе берсiн,
Баласы ғаламдағы мұсылманның!
 

Ақынның бұдан да басқа әзiлдеп айтқан бiраз өлеңдерiн экология министрi Серiкбек Дәукеев мәртебелi мейманға ағылшын тiлiнде аударып берiптi. Аттанарда ақынға ризашылық бiлдiрiп, «Шүкрән!» («Рахмет!») деп қолын алған шейх бiр мың швейцар франкiн сыйлаған екен.

Мешіт

1995 жылы Еңбекшiлдер ауданының тарихында тұңғыш мешiт ашылып, оған Ғабдiсәләм қажының (халық Әбсәләм қажы дейдi) есiмi берiлдi. Дұға оқылып, жиын тараған соң, дастархан басында өлең айтқан Баянғали мешiт ашуға ұйтқы болған азаматтарға ризашылын бiлдiре келiп, Шортан қаласының әкiмi Владимир Боргульге былай дептi:

 
Рахмет, болса дағы дiнi басқа,
Мешiтке келген Боргуль дәу құрдасқа,
Мұса, Кәшөн, Мұқашқа алып барып,
Пiштiртсек –  болар едi нағыз қасқа!
 

Осы жиында «Васильковка тау-кен байыту комбинаты» Ашық акционерлiк қоғамының президентi, Әбсәләм қажының немересi Хасен жаңа мешiтке кiлем сыйлаған екен. Баянғали ол кiсiге:

 
Президент Қасекеңмен бiр елденбiз,
Киелi Бiржан жатқан бiр жерденбiз,
Жол басы, өмiр басы –  Бұлақ басы
Ауылының кемпiр-шалын бiр көргенбiз,
Бұлақтың бал суынан қанып iшiп,
Доп қуып, қыр астында жүгiргенбiз,
Қиялмен көкте жүзiп, жұлдыз санап,
Жан-жаққа арман қуып жөнелгенбiз!
 
 
Қасеке, хақтың жолын тұтынғайсыз,
Iзгi болсаң, өмiрде ұтылмайсыз,
Әбсәләм қажы атаңның мешiтiнен,
Бiрақ та бiр кiлеммен құтылмайсыз!
 
 
Жаяу жүр өңшең молда шалдарыңыз,
Жағдайын олардың да аңғарыңыз,
Шамалап, Васильковтың бар алтынын
Жолына iзгiлiктiң аударыңыз! – дептi.
 

Ақын iнiсiнiң сөзiне риза болған Қасекең: «Ретi келгенде, болады, болады!» – деген екен.

Көңіл күйі

Металлурггтер күнiнде (Темiртау, шiлде, 1992 ж.) бiр киiз үйде Баянғали Айман Мұсақожаевамен жүздеседi. Дастархан басында: «Ақын неге үндемейдi?» – дептi әйгiлi скрипкашы. Сонда Баянғали:

 
Кiм десем мына сұлу –  Айман екен,
Әлемге қазақ атын жайған екен,
Дүниенi көркейтiп күйiменен
Күлiмдеген қыз жайлы ойға кетем,
Әнi мен сәнi ғажап үйлескен жан
Күннен бе екен, жоқ әлде айдан ба екен?!
Айманымды әйбәттап барады деп
Жанындағы жолдасы қызғанып қап,
Сорымыз Темiртауда қайнар ма екен?!
 

– деп әзiлдеп, отырған меймандарға бiраз өлең шығарыпты. Қоштасарда Айман Баянғалиға алғыс айтып, ризашылық сезiмiн бiлдiрген екен.

Стоматологтың үйінде

Бiр жолы Баянғали Степнякта нағашы апасы Бақыттың үйiнде бiр топ дәрiгерлермен қонақта болыпты. Жездесi Қайыргелдi Қиықов – тiс дәрiгерi. Қонақтар ет жеп болғасын, қалжыңдасып, кең отырады. Қыз-келіншектер: «Стоматологтың үйiне келген соң ба, тiсiмiздi тазалағымыз кеп барады,» – деп, тіс шұқығыш алдырыпты.

Кейiн өлең айтқанда Баянғали:

 
Емес бұл құр жиналып ет жегендiк,
Ойласаң – ата жолын ескергендiк,
Қазақтың дастарханы болмаса егер,
Алыстап ағайыннан кетер ме едiк?
Үйiне стоматологтың келгеннен соң,
Шұқылап тiсiмiздi еркеледiк,
Стоматолог болғаныңа шүкiршiлiк,
Гинеколог болғанда нетер едiк! – деген екен.
 

Сенатор мен велосипед

1997 жылы Степнякта Бiржан салдың қайтыс болғанына 100 жыл толуына орай жиналыс болыпты. Оған басшылар мен бiрге сенатор Қайролла Ескендiров қатысып, сөз сөйлеп, жұртты өзiне дауыс беруге шақырыпты. Халыққа қызмет қылатынын, өмiр бойы адал еңбек еткенiн, дача, машина жинамақ түгiлi, велосипед те алмағанын айтыпты. Содан сөз кезегi Баянғалиға келгенде, жұртшылық өлең айтуын өтiнiптi. Ақын бiраз толғап келiп, былай деген екен:

 
Бiржансыз әннiң оты жағылмайды,
Ақансыз сөз арнасы табылмайды,
Көкшенiң ел мен жерi аман болса,
Дарынды талай жастар жалындайды,
Көкшетау облысын жауып тынды-ау,
Ұмытып Кенесары, Абылайды,
Ағалар Көкшетауды жауып тастап,
Ұялмай Бурабайда дамылдайды,
Облыстық әкiмшiлiк таратылып
Бытырап бастықтары қашқанымен,
Тұрғанда Ақан, Бiржан асқақ әнi
Көкшетау ешқашан да жабылмайды!!!
 

Содан ел жайын жырлап келiп, сенаторға ауысады:

 
Сайлауға ертең халық барып тұрсын,
Қағазын Қайрекеңе салып тұрсын,
Сенатор парламентте ел жағдайын
Айтқанда жалтақтамай ағып тұрсын,
Әйтеуiр адал жiгiт көрiнедi,
Артында сүйеу болып халық тұрсын,
Әйтпесе велосипед ала алмаған
Қайрекең бiздi қайдан қарық қылсын!
 

Ақынның машинасы

Баянғали елге келгелi айтыстарға, жиындарға жаяулап-жалпылап, жол-жөнекей кездескен көлiкпен баратын. Ақынға бiр машина беру керектiгi туралы ел iшiнде көп әңгiме болады. Осы сөз аудан басшылары арасында да болған екен. 1992 жылы шiлде айында Кенесары-Наурызбай тойынан келе жатып аудан басшылары Жөкей ауылының iргесiндегi «Кирзуха» деп аталып кеткен тасты жерге тоқтайды. Сол жерде аудандық мәдениет бөлiмiнiң бастығы Василий Грохвадатский, ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Қайрат Жұмабековке: «Ақшасын тауып берсеңiз, бiр жұмада Омбыдан жапонның шағын автобусын әкеп беремiн» – дейдi. Қайрекең «ақша болады», – дейдi. Сол «боладыдан» кейiн бiр жұма емес, бiрнеше ай өтедi – жоқ.

Сол жылы күзде аудан активi ауыл шаруашылығы қызметкерлерi күнi бас қосып, сөз кезегi келгенде Баянғали жерлестерiн құттықтай келiп:

 
Ас берiп Кенесары-Наурызбайға,
Ұрандап, Абылайлап халық тұрған,
Қайтарда бiздiң елдiң басшылары
Басына «Кирзуханың» барып тұрған,
Бiз сенi алақанға саламыз деп
Арқамнан Қызыр ағам қағып тұрған,
Ляпота райсоветiң хан Кене үшiн
Жүз грамм тас үстiнде алып тұрған,
Мына орыс құлап кетсе сөз болат деп,
Сансызбай әр қимылын бағып тұрған,
Машина бiр жұмада болады деп
Қайрат пен Василиiң қарық қылған,
Жыл өттi жұма түгiлi, машина жоқ,
Екеуi суайт екен барып тұрған! – деген екен.
 

Содан аудан әкiмi Қызыр Жұмабаев, Баймырза шаруашылығының басшысы Есiмбек Махметов, ауылдың әкiмi Амандық Ахметов, атақты бригадир Қазыбек Смағұловтың демеушiлiгiмен 1993 жылы ақынға қызмет машинасы – жаңа «Жигули» алып берiптi.

Шалбай мен далбай

Ақтөбеде өткен Абайдың 150 жылдығына арналған айтысқа (1994 ж.) облыс әкiмi Пачин келмептi. Соған орай Баянғали былай деген екен:

 
Ертiп алып қасына,
Жетi-сегiз далбайын,
Кеп тұратын айтысқа
Оңды-ақ едi Шалбайым!
 

(Шалбай Құлмаханов – Ақтөбе облысының бұрынғы әкiмi.)

Виски, арақ, жүң-жүң

Бiшкекте, «Ақтаңдай-93» айтысында қырғыз ақынымен айтысып отырып, Баянғали сөздiң бiр ретi келгенде былай деген екен:

 
Қазақ пенен қырғызды,
Жеңе алмаған жаулары
 

Конец ознакомительного фрагмента.