Читать книгу «Төңкеріс. Пьесалар» онлайн полностью📖 — Қайыркелдi Зейноллаұлы — MyBook.
image

Бесінші көрініс

Асқардың үйінің ішкі көрінісі. Түн, терезедегі перделер жабулы. Үстелге екі шынтағын тіреп қойып, қолдарымен басын ұстап Асқар отыр.

Асқар. (өзімен өзі сөйлеседі) Сонымен не болды? Не бітірдік? Не тындырдық? Иә, енді ешкім зина жасамас, ұрлыққа бармас. Қыз-келіншектер жалаңаш жүрмес. Қылмыс тиылар. Бірақ, шейх көздеген мақсатына жетті ме? Адамдарды өзгертті ме? Олардың ішкі дүниесі жаңарды ма? Жоқ! Олар енді тек қатал жазадан қорыққанынан ғана қылмысқа бармайды. Егер ертең шариғат заңы күшін жоғалтса сол адамдар тағы да сол қылмыстарын істейді. Ал адамдарды қылмыс пен күнәға ар-ұяты, иманы жібермеуге тиіс, олар хиджап пен ұзын етек көйлек кигенде, дүреден, таяқ жеуден қорққанынан емес, жалаңаш жүре алмайтындығынан, ұялғанынан киуге тиіс. «Қылмысқа баруға болмайды!» деген қағида біздің адамдардың сана-сезімінде дұрыс тәрбиенің нәтижесінде орнауға тиіс. Алайда… (көрермендерге бұрылады) алайда, біздің тәрбиелеу жұмысымыз ілгері басып келе ме? Неліктен қоғамымызда қылмыстар саны жылдан жылға кемімей келеді? Және де қылмыстың небір сорақы түрлері пайда болған жоқ па! Балаларды зорлап әурелеп өлтіру деген не сұмдық! Жүкті әйелдің кім көрінгеннің қойнына жатқаны не азғындық?! Бейкүнә сәбиді туа салысымен шырылдатып тастап кеткен деген не?! Ғабдуррахманды да түсінуге болады. Ол тәрбие жұмысының, салихалы, салауатты өмір сүруге бағытталған үгіт-насихаттың нәтижесіздігінен, қатал жаза қолдануға мәжбүр болды. Иә, енді ол мақсатына жеткен сияқты. Егер оның орнатқан тәртібі ұзақ уақытқа сақталса қылмыстың бүкіл түрі мүлдем тиылады. Мүмкін соныкі дұрыс та шығар? Ә? Мүмкін адам баласына құлақтан құйған сөзден гөрі арт жағынан соққан дүре тиімді болар ма? Мүмкін тәлім-тәрбие таяқсыз, дүресіз адам бойына сіңбейтін шығар? Мүмкін «аюды намазға үйреткен таяқ» деген сөз бекер айтылмаған болар? (біраз уақыт үнсіз қалады) Ал бірақ… біз аю емеспіз ғой. Біз адам баласымыз. Әлде біздің аюдан еш айырмашылығымыз болмағаны ма? Жоқ! Олай емес! Адам баласын имандылыққа, мәдениеттілікке, тәрбиелілікке тек шын жүректен шыққан ақылды, жылы, өткір сөз арқылы, игі үлгі арқылы, шыдамдылықтың, сабырдың арқасында, төзімді де тынымсыз еңбектің нәтижесінде жеткізуге болады. Одан басқа жол да жоқ. Өйткені біз үлгілі аю емес, үлгілі адам тәрбиелеп өсіруіміз керек. Адам баласының тәрбиесін дрессировкаға айналдырған… бұл дегеніңіз адамды адамгершіліктен хайуандыққа, прогрессті регереске айналдырған деген сөз. Жоқ, Ғабдуррахман, мен сізбен ешқашан келіспеймін! Сіздің тәсіліңізді, «тәрбие жүйеңізді» мен ешқашан қолдамаймын.

Осы тұста есік қоңырауы шыр ете қалады. Асқар селк етеді, сосын тұрып, есікке жақындап, оны ашады. Халел көмекшісімен кіреді.

Халел мен оның көмекшісі. Ассаламү ғалайкүм.

Асқар. Уағалейкүм ассалам. (сәл бөгеледі, сосын, дәлізге көз тастап, есікті жабады) Жоғарлатыңыздар.

Халел жоғары шығып, үй иесі нұсқаған орындықта жайғасады, көмекшісі есік көзінде қалып тың тыңдайды, ара-тұра терезеге жақындап келіп шымылдық арасынан далаға көз тастап қояды.

Асқар. (өзінің орнына отыра бере) Танымадым ғой… сіз кім боласыз?

Халел. Менің есімім Халел. Мен ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерімін, бүлікшілерге қарсы күрес ұйымдастыру үшін жіберілген арнайы бөлімшенің басшысымын. Біз қаланың естияр азаматтарымен бүлікке қарсы іс-қимыл жасайтын ұйым құрдық, гарнизонның есі дұрыс офицерлері мен сержанттарының арасында үгіт-насихат жүргізіп жатырмыз. «Әл хизб» партиясының мүшелерімен де сөйлесіп ақылға шақырып жатырмыз.

Асқар. Түсінікті. Ал маған қалай қорықпай келіп тұрсыз? Мені бүлікшілердің, Ғабдуррахман шейхтің сыбайласы деген жоқ па… сол естияр азаматтар?

Халел. Жоқ, керісінше, ол азаматтар сізге сенім артып отыр. Және бір тапсырма бар – оны сізден басқа ешкім орындай алмайды. Міне, оқыңыз. (қалтасынан бір қағаз алып Асқарға ұсынады)

Асқар. (қағазды алып жатып) Бұл не?

Халел. Бұл тапсырма. Біздің басшылықтың сізге берген тапсырмасы. Керек болса – президенттің тапсырмасы!

Асқар. (қағазды оқып шығып үстелге тастай береді) Астафиралла! Мен мұндай тапсырманы орындай алмаймын.

Халел. Орындайсыз. Иә, бұл тапсырманы орындау оңай болмас. Бірақ сізден басқа ешкімнің қолынан келмейді.

Асқар. О Алла! Енді кісі өлтіру тек имамның қолынан ғана келетін болғаны ма?!

Халел. Кешіріңіз, Асеке. Мен мынаны айтайын деп едім – шейх сізден басқа ешкімді маңына жолататын емес. Полковник Ысмаиловтың көзін жойғаннан бері ол мүлдем адам баласына сенуден қалды. Әсіресе бүгінгі шариғат сотынан кейін ол енді ешқайда бас сұға қоймас.

Асқар. Е-е! Полковник Ысмаиловты сіздер өлтірген екенсіздер ғой!

Халел. Асеке, олай демеңіз. Полковник Ысмаиловтың көзін жою жөнінде біз басшылығымыздан бұйрық алдық. Біз гарнизонның бірсыпыра офицерлерін үгіттеп өзіміздің жағымызға шығарып алдық, ал полковник нағыз фанатик екен, көнбей тұрып алды. Содан кейін оның көзін жоюдан басқа еш амал қалмады. Енді шейх Ғабудррахманды жоқ қылсақ қаланы қантөгіссіз азат етуге мүмкіндік туады. Бізге түскен мәліметтер бойынша стадионның жарылғыш миналарын іске қосатын пульт Ғабдуррахманның қолында екен. Біз гарнизон басшылығын қолға алып экстремисттерді тұтқындай бастасымен ол стадионды құртып жібереді. Тұтқындалған күнде дәл өзіне еш қайырымдылық болмайтынын шейх жақсы біледі. Сондықтан оның көзін жойғаннан басқа амал қалмады. Ал ол маңына ешкімді жолатпайды. Өзіне әбден берілген, шейх үшін жанын пида етуге дайын жасақтарымен қоршап алған. Сірә бірдеңені сезіп жүр-ау деймін. Содан, әрі ойлап, бері ойлап, осы тапсырманы сізге жүктегеннен басқа ештеңе ойлап таба алмадық.

Асқар. Жоқ, Халел, мен кісі өлтіре алмаймын. Жо-жоқ, атамаңыз! Кісі өлтіру – зор күнә.

Халел. Мен бәрін түсінемін, Асеке. Бірақ, біз өлтірмесек – ол өлтіреді. Өлтіріп жатыр да! Шариғат сотының үкімімен өлім жазасына кесілгендерден басқа, стадионнан күнде бәлен өлік шығарылады. Жақын арада сондағы тұтқындарды босатып алмасақ, жаппай қырыла бастайды. Тұтқындар әбден ашыққан екен, футбол алаңының шөбін тақырлап жеп қойыпты. Олар шөлден де азап шегіп отыр. Міне бүгін олардың сусыз отығандарына тоғызыншы тәулік кетті! Тоғыз тәулік сусыз отыру дегенді түсінетін шығарсыз. (Халел имамнан көзін айырмайды, ал ол шыдай алмай төмен қарайды) Ал біз бүгін басшылығымыздан таңғы беске дейін стадиондағы жарылғыш миналарды істен шығару жөнінде бұйрық алдық. Сағат бесте президент қалаға шабуыл жасауға пәрмен береді. Ал шабуыл басталысымен Ғабдуррахман стадионды жарып күлін көкке ұшырады. Ал онда он мың адам қамауда отыр. Ойланыңыз – он мың адам! Бір адамды өлтіру қалай – он мыңын қырып тастау қалай? Стадионда мыңдаған балалар, кішкентай сәбилер бар. Қателеспесем, сіздің қызыңыз бен ұлыңыз да сонда отыр. Жұбайыңыз жөнінде сөз қозғамай-ақ қояйын. Қалай сіз балаларыңызды ойламайсыз?

Асқар. (басын көтереді, жүзінде қасірет пен қайғы) Олар менің жадымнан ешқашан кетпейді, мен оларды әрбір сәтте ойдан шығара алмаспын.

Халел. Онда қалай қол қусырып отырмақсыз?

Асқар. Мен қол қусырып отырған жоқпын. Күнде сол шейхтен стадиондағы тұтқындарды босат деп өтінемін. Бірақ ол көнбей тұр.

Халел. Дұрыс, ол ешқашан оларды босатпайды. Өйткені стадиондағы тұтқындар шейхтің басты көзірі. Президент автономияны мойындап, шейхтің ұсынып отырған келісім шартына қол қоймағанша стадиондағы тұтқындарға бостандық жоқ. Ал президент ешқашан автономияны мойындамайды. Және де онысы дұрыс. Қазір осы автономияны мойында, ертең тағы біреу дәл осындай бүлік шығарып тағы бірдеңе деп талап қояды. Сонда мемлекетімізді ыдыратып, бөлшекетеп таратып жіберуге бола ма? Жоқ, болмайды! Президенттің автономияны мойындайтын ешқандай хақысы да жоқ. Және де ол кісі бұл бүлікті көпке соза да бере алмайды. Бізге берілген мерзім бітті, бүгін ақырғы түн. Ал біз, шейхты, оның қолындағы пультты істен шығармағанша ешқандай іс-қимыл бастай алмай отырмыз.

Асқар. Мен бәрін түсінемін. Мен… мен соны… өлтірудің де қажеттігін мойындауға дайынмын. Бірақ, мен… өз басым кісі өлтіре алмаймын. Жоқ, бұл іс менің қолымнан келмейді. Менің қолым біреудің өмірін қиуға бармайды. Мүлдем бармайды.

Халел. Барады! Барғызасыз! Егер де сіз мыңдаған адамдардың өміріне төніп тұрған қауіпті ойласаңыз, түсінсеңіз, соларды құтқару үшін сіз кісі өлтіруге барасыз. Былай деп ұғыңыз – сол он мың адамның тағдыры, өмірі бір өзіңіздің қолыңызда тұр.

Асқар. Сонда да мен кісі өлтіре алмаймын. Былай істесек қайтеді – мен қазір Ғабдуррахманға барып тағы да сөйлесейін, стадиондағы адамдарды босат дейін. Мен оны көндіремін, мен оны қалай да көндіруге тиістімін!

Халел. (шыдай алмай столды алақанымен қойып қалады) Имам! Ояныңыз! Есіңізді жиыңыз! Қалай түсінбейсіз – ол ешқашан тұтқындарды босатпайды, өлсе де босатпайды! Өлсе бірге алып кетеді, бірақ босатпайды. Бұл жерде енді сөздің қажеті аз. Енді істің кезегі келді. Сіз сол істі қолға аласыз, сіз оны өлтіресіз! Өлтіресіз де он мың адамды аман алып қаласыз. (қалтасынан тапанша алып шығады) Мінеки, осы тапаншамен сіз шейхті атып тастайсыз!

Асқар. (екі қолын ала қашып) Жо-жоқ! Атамаңыз! Мен өмірі қолыма қару ұстаған емеспін, мен тапаншадан ату білмеймін. Адам түгіл итті де ата алмаймын.

Халел. Бұл шейх иттен де жаман болып тұран жоқ па! (пауза) Ал тапаншадан ату оп-оңай. Бұның оқтары уландырған, сіз әйтеуір шейхтің денесінің бір жеріне тигізсеңіз болды, жеңіл жараның өзі жеткілікті. Және дәл жанында тұрып адамға оқ дарытпау мүмкін емес. (тапаншаның тетіктерін көрсетіп үйрете бастайды) Міне, мына тетікше тапанша өз бетімен атылып кетпеуі үшін былай басылады, яғни, атардың алдына оны былай шегіндіресіз. Содан кейін тапаншаны шейхке көздеп шүріппесін бассаңыз болды оқ атылады. Және саусағыңызды шүріппеден алмасаңыз бұл тапанша оқ жаудыра береді. Түсіндіңіз бе? Мінеки, қолыңызға алып атып көріңіз, қорықпаңыз, қазір мұнда оқ жоқ.

Асқар. (тапаншаны алуға асықпайды) Бұл істі жүктейтін басқа адам табылмағаны ма?

Халел. Табылмады. Табылмайды да! Бұл іс тек сіздің қолыңыздан келеді. Шейх тек сізге кәміл сенеді. Сіздің киіміңізді тексермей, тінітпей оған кіргізеді. Біз оның бәрін анықтадық. Мына тапаншаны ішкі қалтаңызға салып алыңыз. Бұл тапаншаны ешқандай электронды аспап та сезбейді, ит те иісін алмайды.

Асқар. Жақсы, мен шейхты өлтірдім делік, ал сонда оның жанындағы жасақтары сол пультты іске қосып стадионды жарып тастамай ма? Шейхті өлтіргенмен біз мақсатымызға жете аламыз ба?

Халел. Ол үшін қам жемеңіз. Біз мынадай жәйтті анықтадық – пультты іске қосу үшін құпия кодты қолдану керек. Ал кодты шейх өзі ғана біледі екен. Одан басқа тірі жан білмейді. Яғни шейхтен басқа жан жарылғыш миналарды іске қоса алмайды. Сіздің міндетіңіз – тапаншаны шейхке кезеп шүріппесін басу – ар жағын тапанша өзі біледі. (тапаншаға оқтарды салады да, іске қосып, өз бетімен атылып кетпеу үшін тетікшені басып Асқарға ұсынады) Тек, атардың алдында мына тетікшені былай қайтаруды ұмытпаңыз.

Асқар. (тапаншаны қолына алады да сол тетікшені басады) Осылай ма?

Халел. Иә. Енді тапанша оқ атуға дайын. (имамның тапанша ұстап тұрған қолын кілем ілініп тұрған іргеге қарай бұрып) Ал, басыңыз шүріппені.

Асқар. Қалай, дәл осы жерде ме? Үйдің ішінде ме?

Халел. Ата беріңіз, бұл тапаншаның дауысы қатты шықпайды. Оқ бұл қабырғаны тесіп шыға алмайды. Басыңыз, басыңыз шүріпені! Қорқпаңыз. Қаттырақ басыңыз.

Асқар шүріппені басып қалады, тапанша сәл ғана шырт етіп оқ атады.

Асқар. Ойбай! (тапаншаны столға қоя салады)

Халел. Міне, көрдіңіз ғой – оп-оңай. Шейхті атып тастасымен тапаншаны ұстаған бойы қолыңызды қалтаңызға салыңыз да ақырын ғана шейхтің кабинетінен шығып кетіңіз. Сізді ешкім бөгей қоймас. Ал егер біреу-міреу бөгесе – тапаншаны қолданыңыз, ойланбастан қарсы келгенді де атып тастаңыз. Тапсырма орындалысымен біз сізге көмекке келеміз. Әрине, бұл қатерлі іс, сіз оны менсіз де түсінген боларсыз. Бәлен мың отандастарымыздың өміріне қатер төніп тұрғанда біз өзіміздің қауіпсіздігімізді ойлай аламыз ба.

Асқар. Иә, әрине, мен өзімнің қауіпсіздігімді ойлап тұрған жоқпын.

Халел тапаншаны алып қайтадан оқтап, имамға қайтарып береді. Асқар тапаншаны қолына алып, не істерін білмей, қайда қоярын білмей кідіреді.

Халел. Ал енді шейхке телефон шалып қабылдауын сұраңыз. Өте маңызды шаруа жөнінде сөз бар, ертеңге қалдыруға болмайды деңіз. Қалай да болса оңаша қабылдауын талап етіңіз. Ол сіздің сөзіңізді жерге тастамайды, міндетті түрде қабылдайды.

Асқар. (әлі де тапаншаны қайда қоярын білмей әрі-бірі аударыстырып отырып) Иә, мүмкін… мүмкін келісер…

Осы тұста есіктің қоңырауы соғады. Халел есік көзінде тұрған көмекшісіне қарайды, ол есіктегі тесік арқылы сыртқа көз тастап, сосын Халелге белгі береді. Халел аңырап тұрып қалған Асқарға қарайды.

Халел. (сыбырлап) Бүлікшілердің біреуі көрінеді. Ол кім болуы мүмкін?

Асқар. Білмеймін.

Халел. Сіз ешкімді тосып отыған жоқ па едіңіз?

Асқар. Ж-жоқ… егер әйелім мен балаларымды ертіп әкелген болмаса… бірақ оларды кім босатар дейсің.

Халел. Біз ана бөлмеге кіре тұрайық, сіз есікті ашыңыз. (келесі бөлмеге беттей бере, Асқарға қайтып келеді) Асеке, тапаншаны қалтаңызға салып қойсаңыз.

Асқар. Ә! Иә, иә! (тапаншаны қалтасына салып есікті ашады – босағада Иван тұр) Иван?! Сен не ғып жүрсің түнделетіп?

Иван. (ішке кіріп есікті жабады, еңсесі түсіңкі) Ассаламү ғалайкүм…

Асқар. Уағалайкүм ассалам. Не ғып тұрмыз? Жоғарлат. Кел, отыр мына орындыққа. (өзі басқа орындыққа отырып жігіттің бетіне үңіледі) Саған не болған? Ауырып қалғаннан саумысың? Бірдеңе болып қалды ма, Ваня?

Иван. (Асқардың ұсынған орындығына жайғасып) Иә… Асқар аға, мамам қайтыс болды…

Асқар. Қайдағы мамаң? Ә! Не дейсің?

Иван















1
...
...
12