Читать книгу «Төңкеріс. Пьесалар» онлайн полностью📖 — Қайыркелдi Зейноллаұлы — MyBook.
image



















Асқар. Егер менімен сөз таластырғыңыз келмесе, менімен сөйлескіңіз келмесе, мұнда неге келдіңіз?

Ғабдуррахман. Жоқ, Асеке, мен сізбен сөйлескім келеді. Мен сізбен әрдайым сөйлескім келеді. Бірақ қазір уақыт жоқ. Уақыт тығыз. Өйткені бағана, күн батысымен, маған қаланың сыртынан елші келді. Ол президенттің ультиматумын алып келіпті. «Таң атқанша қару-жарақ тастап қаланы тапсырыңыз» депті президент. «Таң атысымен шабуыл жасауға пәрмен беремін» дейді. Міне… сізге келген себеп осы. (Асқарға ультиматумды береді)

Асқар. (оқып шығып) Мен сізді әуелден ескерттім ғой – президент ешқашан автономияға келісім бермейді деп. Ол енді шабуылға бел байлады. Сізге беретін кеңесім – қару-жарақ тастап ақ жалау көтеріңіз. Ең әуелі стадиондағы тұтқындарды босатыңыз.

Ғабдуррахман. Мен сізден кеңес сұрауға келген жоқпын. Мен ешқашан қолыма алған қаруды тастамаймын, ақ жалау көтермеймін.

Асқар. (көтеріңкі дауыспен, тағаты таусыла) Менің кеңесім керек болмаса, онда бұл әңгімені несіне бастадыңыз?!

Ғабдуррахман. (тесірейіп қарап тұрып) Мен сізге бір ұсыныспен келдім. Сіз менің елшім болмақсыз. Сіз президентке менің бір ұсынысымды жеткізесіз.

Асқар. Ол қандай ұсыныс? Ғабдуррахман! Президент енді сізден ешқандай ұсыныс қабылдамайды. Ол ультиматум қойды – сізде енді көп уақыт қалған жоқ. Қазір, бір-екі сағаттан кейін таң атады. Сосын… арғы жағын өзіңіз білесіз. Шабуыл басталысымен қан судай ағады.

Ғабдуррахман. Бір-екі сағат жеткілікті мерзім. Сіз елші болып барып президентпен жолығасыз. Иә, ол автономияға келіспейді… келісе алмайды. Менің оған көзім жетті. Енді мен оған тағы бір ұсыныс жасайын деп отырмын. Біріншіден, біз оның талабына сәйкес қаруымызды тастап қаланы қарулы күштерге тапсырамыз, ал ол мені және менің партиялас жолдастарымды, сарбаздарымды қудаламайды, соттамайды. Екіншіден, бізге өзеннің арғы жағындағы шағын ауданды береді – біз онда жеке үмбет болып, жеке қоғам құрамыз. Иә, иә, біз енді мемлекеттің заңын мойындаймыз. Тек жергілікті билік біздің ішкі өмірімізге кіріспейді. Біз, өзіміздің арамызда, өзіміздің жеке ұйымымызда, өзіміздің қоғамымызда шариғат заңымен өмір сүреміз. Біздің шағын ауданымызда кәпірлер тұрмайды. Біздің балаларымыз медереседе дәріс алады. Біздің қыздарымыз, әйелдеріміз, ер-жігіттеріміз мұсылманша киініп жүреді. Өзіміздің шағын ауданымызда біз өзіміз тәртіп орнатамыз. Бұзықтыққа жол бермейміз. Тұжырымдап айтқанда, біз үлгілі, ислами шағын аудан орнатамыз. Сонсоң кімнің заңы жақсы, кімнің заңы дұрыс, ал кімнің заңы бұрыс екеніне халықтың көзі жетеді. Біз өзіміздің қатарымызға нағыз мұсылман болғысы келгендерді қабылдап отырамыз. Нәтижесінде біздің шағын ауданымыз, бірте-бірте, жылдан жылға өсіп, кеңейіп, болашақ ислами мемлекеттің, одан әрі ұлы халифаттың негізін құрайды.

Асқар. Халифат! Шейх, сіздің айтып отырған халифатыңыз нағыз утопия!

Ғабдуррахман. Жоқ, утопия емес! Ұлы халифат – бүкіл адамзаттың болашағы. Халифат жер жүзінде орнайды, мен оған кәміл сенемін.

Асқар. Ғабдуррахман, сіз әлі ештеңе түсінбепсіз. Халифат жөнінде әңгімені қоя тұрайық. Президент мына ультиматумында ешқандай шартсыз, ешқандай жаңа ұсыныссыз қару-жарақтарыңызды тапсырып ақ жалау көтеруді талап етіп отыр. Ал сіздің тағы бір идеяңыз, мына ислами шағын ауданыңыз – ол нағыз әлдиярдың, монастырдың идеясы. Егер білсеңіз, ислам дінінде бұқара халықтан жекеленген үмбет, әлдияр деген болмаған. Өйткені нағыз мұсылман ешқашан қоғамнан бөлініп оңашаланбаған. Жоқ, керісінше, нағыз мұсылман халықтың, қалың бұқараның арасында, өмірдің ауыртпалығын елмен, халықпен бірге көтеріп, отандастарымен ақырғы тілім нанын бөлісіп жеп өткен. Нағыз мұсылман қоғамның, көштің алды болуға тырысып, салихалы да иманды өмірдің насихатшысы болып қалған жұртқа үлгі болуға тырысқан. Сіз әлі де өзіңіздің тәкаппарлығыңыздан арыла алмай отырсыз. Сіздің ойыңызша нағыз мұсылмандар сіздің үлгілі шағын ауданыңызда оңашаланып, қалған жұртқа, сіздің айтуыңызша «өңкей кәпір мен күнәһарларға» жоғарыдан төмен қарап отырмақшы.

Ғабдуррахман. Жоқ, менің бойымда тәкаппарлық жоқ. Мен тек күнәға, азғындыққа ашық соғыс жарияладым. Мен кәпірлерге жихад жарияладым. Және оларды мен кәпір деп отырған жоқпын, іс жүзінде олар кәпір!

Асқар. Сіз тәкаппарлығыңызды мойындамай отырсыз, алайда сіздің шағын ауданда оңашалануыңыздың түбі неде? Күнәға батқан жұрттың арасында жүріп өзіңіздің «пәк» тәніңізбен «пәк» жаныңызды кірлетіп аламын деп қауіптенгеніңізде емес пе. Сіз өзіңізді тым пәк сезінесіз. Сіз өзіңізді қалған жұрттан жоғары дәрежедемін деп санайсыз. Сіз өзіңізді әулие деп санайсыз. Ал бұл нағыз тәкаппарлық. Иә, біздің кейбір отандастарымыздың күнәға белуарынан батып жүргенін мен де мойындаймын. Ал бірақ оларға жоғарыдан түкіріп, оларды төменгі дәрежеде, төмен сатыда тұрған адамдар деп санап, немесе хайуанға теңеген дұрыс емес. Керісінше, біз өзіміздің күнәларымызды мойындап сол күнәлардан арылуға тырысып, жанымыздағы адамдардан, отандастарымыздан бірдеңеміз артылып бара жатса оларға жоғарыдан төмен түкірмей қол ұшын беріп тура жолға шығуға атсалысуға тиістіміз. Мінеки, менің пікірім осы. Мен сіздің идеяңызды қолдамаймын. Сондықтан ешкімнің алдына ондай ұсыныспен бармаймын.

Ғабдуррахман. (сол тесірейген көздерін имамнан айырмай біраз отырады да серпіліп бойын түзейді) Сонымен маған үзілді-кесілді «жоқ» дедіңіз, иә?

Асқар. Иә. Мен сізден қантөгіске жол бермей бүлікті доғаруыңызды талап етемін. Тоқтаңыз, шейх! Әлі де кеш емес. Істеген ісіңізді мойыныңызбен көтеріп жазаңызды алыңыз. Қазір тоқтасаңыз президент өз тарабынан кешірім жасауға дайын. Мына ультиматум соған кепіл.

Ғабдуррахман. Маған оның кешірімі керек емес. Ал егер қан төгілсе, ол қан менің мойыныма артылмайды – менің қан төккім келіп тұрған жоқ. Ол қан өкіметтің, президенттің мойнына артылады. Өйткені мен емес – ол маған шабуыл жасайын деп тұр. Мен мәселені бейбітті түрде шешуге бір емес, екі ұсыныс жасап отырмын. Ал егер қабылдамаса, қабылдамай-ақ қойсын – біз оңайлықпен берілмейміз. Біз автономиямыз үшін бір қасық қанымыз қалғанша шайқасамыз. Президент тып-типыл болған қаланың орнын сипап қалады. Егер ол соны мақсат тұтып тұрса – бастасын шабуылды. Мен айтқанымнан қайтпаймын. Ең әуелі стадионның күлі көкке ұшады.

Асқар. Сіз оны істемейсіз, Ғабдуррахман! Стадиондағы адамдардың, қаланың бейбіт тұрғындарының еш жазасы жоқ. Егер тіпті өзіңіздің идеяңыз үшін шайқасып қаза болғыңыз келіп тұрса, сарбаздарыңызбен бірге қаладан тыс жерге шығып шайқасыңыз. Мен тіпті президентке, сіздерге қаладан шығуға мұрсат берсін деген ұсыныспен баруға дайынмын.

Ғабдуррахман. Тапқан екенсіз ақымақты! Президенттің әскері бізді ен далада бес минутта қырып тастамай ма! Жоқ! Мен өлсем өзіммен бірге мыңдаған кәпірлерді ала кетемін. Олардың саны неғұрлым азайса, соғұрлым жердің беті тазара түседі. Міне – менің ақырғы сөзім. Егер сіз менің ұсынысыммен президентке барғыңыз келмесе, мен жихадымды осы жерде бастаймын. (қалтасынан ұялы телефон алып бір нөмірді тере бастайды)

Асқар. Не істейін деп тұрсыз? Кімге телефон шалайын деп тұрсыз?

Ғабдуррахман. Ешкімге емес. Мен дәл қазір стадионды жарайын деп тұрмын. Мен бір нөмірге телефон шалсам болды, жүздеген миналар іске қосылып, стадион бүкіл тұтқындарымен көкке ұшады. (кнопкаларды пипылдатып нөмірді тере береді)

Иван. (қолында атуға даяр тапаншамен бөлмеден шығып қаруын шейхке кезейді) Шейх! Сіз оны істей алмайсыз! Телефоныңызды столдың үстіне қойыңыз да кейін шегініңіз. Әйтпесе мен атамын.

Ғабдуррахман. (орнынан тұра бере) Әй, мұның кім өзі! Мұсылман! Қалай ғана өзіңнің шейхіңе қару көтеруге датың барды, а?!

Иван. (Асқар да орнынан тұрып, біресе Иванға, біресе Ғабдуррахманға қарап тұрады) Ал егер ол шейх жынданып кетсе ше? Егер ол қанпезер жыртқыштай адамдарды жалмап жатса ше? Сонда не істеуім керек?! Енді былшылды доғарыңыз! Телефоныңызды столға қойып кері шегініңіз! (жақындай түседі)

Ғабдуррахман. (екінші қолымен тапаншасын суырып алып) Жоқ! Ғабдуррахман шейх ешқашан кері шегінбейді! Сен, боқмұрын, оны білуге тиістісің! (тапаншаның тетікшесін басып қалып Иванға кезейді) Бала! Таста қаруыңды! Білесің ғой – мен атқанда мүлт жібермеймін.

Иван. Ақырғы рет ескертемін: қойыңыз телефонды столға!

Екі оқ қатар атылады, Иван шалқасынан түседі де, ал оның оғы шейхке дарымайды. Шейх түк болмағандай тапаншасының тетікшесін басып жерде қимылсыз жатқан Иванға қарайды. Асқар Иванның жанына тізерлей отыра кетіп құлағын оның көкірегіне тосады, сосын аяғына тұрады.

Асқар. (көздерімен шейхті ішіп-жеп) Қанішер! Бұл жазықсыз жаның не кінәсі болды? Бұны не үшін өлтірдің?

Ғабдуррахман. Бұл «жазықсыз жанның» орнында мен де жатушы едім. Әрине, егер Аллаһ солай жазған күнде. Бұл кісі өлтіру емес – бұл әділ жекпе-жек. Бұл жігіт қаруын бірінші көтерді, бірінші болып атты, содан міне, жазасын алды. Әлін білмеген әлек! (қайтадан ұялы телефонның кнопкаларын басып керекті нөмірді теріп болып имамға қарайды) Міне, керекті нөмір терілді, енді тек дозвон кнопкасын басып қалсам, стадион бір үлкен қоқыс үйіндісіне айналады. Сонымен, имам, сіз менің ұсынысымды қабылдайсыз ба, әлде қабылдамайсыз ба?

Асқар. (қалтасынан Халел берген тапаншаны алып шығып шейхке кезейді) Телефонды столға қойыңыз, шейх! Қойыңыз да, қолдарыңызды көтеріп кері шегініңіз.

Ғабдуррахман. О-һо! Асеке, мұныңыз не? Дәл сізді қолыңызға қару алады деп ешқашан ойламап едім.

Асқар. Алуға тура келді. Сіз маған басқа амал қалтырмадыңыз. Мен сізді теріс жолдан тайдырамын деп бақтым. Аллаһ куә – сіз сөзге көнбедіңіз. Енді қарудың күшімен көндіргеннен басқа амал қалмады. Өйткені мен сол мыңдаған адамдарды, бейкүнә балаларды өлтіргізіп қоя алмаймын. Сөзбен тоқтата алмасам, қарудың күшімен тоқтатамын.

Ғабдуррахман. (күледі) Қызық екен! Бірдей бір қаланың имамы, кеше ғана мешіттің мінберінен имандылыққа, ізгілікке, рақым мен мейірбандыққа шақырып жалынды уағыз айтқан адам енді өзінің мұсылман бауырына қол көтеріп, оны өлтіріп тастауға дайын тұр. Қойыңыз, Асеке, сізге бұл іс жараспайды. Сіз өзіңізді айнадан көрсеңіз… (тағы да күледі) жоқ, сіз ата алмайсыз. Сіз адамды өлтіре алмайсыз. Адам өлтіру оңай шаруа емес.

Асқар. Иә, мен ешкімді өлтіргім келмейді. Бірақ, он мың… барлық қаланың тұрғындарын санағанда алпыс мың адамның өмірін сақтап қалу үшін мен сол күнәні мойыныма артып алуға бармын. Ал, қойыңыз телефонды столға. Қолыңызды көтеріңіз де шегініп кетіңіз. (Ғабдуррахманның қозғала қоймағанын көріп) Ғабдуррахман, мен сізді шынында да атып тастаймын!

Ғабдуррахман. Ата алмайсыз! (тапаншасын көтеріп Асқарға кезейді) Ал мен сізді оп-оңай атып тастаймын. Есіңізде болсын – мен ешқашан мүлт жібермеймін. Егер тапаншаңызды шошаңдатуыңызды қоймасаңыз мен стадионды жарып тастаймын! (телефон ұстап тұрған қолын жоғары көтереді)

Асқар. Ғабдуррахман! Тоқтат! Тоқтат деймін! А-а! (тапаншаның шүріппесін басады, тапанша екі-үш оқ атып жібереді. Бір оқ Ғабдуррахманның телефон ұстап тұрған қолына тиіп ол телефонды еденге түсіріп алады; іле Асқардың ұстап тұрған тапаншасы да тарс етіп еденге құлап түседі)

Ғабдуррахман. (таңқалған кейіппен) Ә?! Сіз… сіз шынымен маған оқ аттыңыз ба?! (құлай жаздап, үстелге сүйенеді, еденде жатқан телефонына қарайды, ол тым алыс жатыр, оны алмақшы болып бір қадам жасайды, бірақ басы айналып, теңселіп біраз тұрады да, телефонға жете алмайтынына көзі жетісімен бойын түзеп тапаншасын имамға кезейді) Мына оқ… маған тиген оқ жәй емес… бұл уландырылған оқ. Бұл оқты… бұл тапаншаны сізге кім берді? Ә… түсінікті. Олар… әлгі полковник Ысмайыловты өлтіргендер… иә, дәл солар. Полковник те тап осындай жеңіл жарақат алып жан тапсырған. Сонда оның ағзасынан күшті у табылды. Сонымен, мен қазір жан… жан тапсырамын. Сіз… имам Асқар, сіз сонда жендет болғаныңыз ба? (имам үндемейді) Иә, иә! Білемін не айтпағыңызды… «Сен де жендетсің» дейсіз ғой. Бірақ мен Алла тағаланың жендетімін… ал сіз ше? Сіз… сіз шайтанның жендетісіз. Иә, дәл солай… Ал онда… онда ренжімеңіз, Асеке. Онда мен жәй кете алмаймын. (жерде жатқан телефонға қарайды) Әттең! Әлгі кәпірлерді бірге ала кете алмадым. Сіз дегеніңізге жеттіңіз. Сондықтан сізге кешірім жоқ. Ал, қош… Асеке… мүмкін кездесерміз… қиямет күні… сонда… сонда… Аллаһ тағала… егер ол… ол… бізді сонда кездестірсе…

Тапанша гүрс етіп оқ атып шейхың қолынан еденге құлап түседі. Асқар шалқасынан түседі; Ғабдуррахман бір-екі секунд теңселіп тұрады да, ол да сылқ етіп құлап түседі. Біраз уақыт тыныштық орнайды. Ашық қалған есіктен Халел кіреді, оның қолында атуға дайын тапанша. Оның соңында көмекшісі.

Халел. (сұлап жатқан шейхті көріп) Шейх Ғабдуррахман?! (көмекшісіне) Көрдің бе, біздің жанымыздан сып беріп өте шыққан адамның кім екенін? (столды айнала беріп Асқар мен Иванның мәйіттерін көріп тізерлей кетіп тамырларын басып олардың өтіп кеткеніне көзі жетіп алақандарымен бетін сипайды да орнынан тұрады) Аллаһү акбар! Қайтып кетіпті. Өкінішке орай біз шейхті танымай қалдық.

Көмекшісі. (жерде жатқан шейхтің ұялы телефонын көріп оны алайын деп еңкейе беріп) Мынау не? Шейхтің соткасы ма?

Халел. (қатал үнмен) Тиме! Еш нәрсеге тиме. (көмекшісін ығыстыра телефонды зор абайлықпен, екі саусағымен алып столға қояды) Мен білсем, әлгі жарылғыш миналарды іске қосатын пульт осы телефон. (көзімен бөлмені шалып өтіп) Иә, бұл жерде болған оқиғаның астары енді түсінікті. (телефонды бұзып батареясын алып тастайды) Шейх стадионды жармақшы болған тәрізді, ал мына жігіт оған қарсы шыққан. Алайда шейх оқ атқанда мүлт жібермейді, ал мына жігіттің тәжірибесі жоқ. Ал имам… ол кісі де шейхті тоқтатпақшы болған, ол оны тоқтатты да… алайда, өзі де оққа ұшты. Жарайды, болған іс болды. Енді уақыт тығыз… (ұялы телефонын алып шығып орталықпен байланыс жасайды) Орталық! Орталық! Байланыста – «Ақ сұңкар». Стадиондағы жарылғыш миналарды іске қосатын пульт біздің қолымызға түсті де істен шығарылды. Шейх Ғабдуррахман мерт болды. Жоқ, біз емес, – оны имам Асқар атып тастады. Жоқ, ол кісі де қаза тапты. Имам Асқар ерен ерлік көрсетті, мыңдаған адамдардың өмірі үшін өзінің өмірін пида етті. Иә, иә! Біз енді қаланы азат етуге арналған жоспарымыздың екінші тарауына кірісеміз. Қалаға шабуылды бастамай тұра тұруды өтінемін. Иә! Құп болады! (телефонын сөндіріп, көмешісіне) Ал, мен кеттім! Сен қазір мешітке тарт! Намазхандар таң намазына жиналып жатқан болар. Оларға имамның қазасын естірт, ақсақалдар келіп мәйіттерді оң жаққа жатқызсын. Содан кейін гарнизонға кел, мен біздің офицерлер мен сержанттарды көтере берейін.

Көмекшісі басын изейді де екеуі кетеді.