Читать книгу «Шежірем сыр шертсе» онлайн полностью📖 — Тажиса Мынжасар — MyBook.
image
cover

Бұл еңбегімді шежіремдей ғұмырлы болғай деп онымен

бір жылда дүниеге келген немерем Таиржанға арнаймын

Λ Ω+V

(Дойт)

Шежірем сыр шертсе

Сарықасқа Келменбет батыр ұрпақтары хақында



Шежіреміздің біраз жерінде есімі ауызға алынған, бұған дейін асқақ та әсем Алматы қаласында бой түзеген еңселі Жалаңтөс баһадүр мешітінің құрылысы мен тағы бір-екі құнды деген тарихи кітаптардың жарық көруіне демеушілік еткен Мырзабай баба ұрпағы Жүсіпбекұлы Айтмахан ағамызға зор алғысымызды айта отырып, бұл жасаған садақасын Аллаһ қабыл қылғай деп дұға етеміз. Сондай-ақ шежіремізді басып шығаруға басынан-аяғына дейін аянбай қызмет еткен Баис бауырымызға да үлкен рақмет, ілтипатымызды білдіреміз.



Аңдатпа

Автор шежіреден гөрі монография іспеттес етіп жазған бұл еңбегін жеті атадан бастап, оны көп шежірешілер жеткізе айта алмай келе жатқан шығу тегіміздің сонау бастау көзі "қазақ" мәселесін сараптаумен жалғастырады. Сөйтіп оқушы қауым мен тарих мамандарына оны әрі қарай тереңірек зерттеуге ой салады. Мұнымен қатар кіші жүздің қаракесек бірлестігіне қарайтын шөмекей-сарықасқа шежірелерінде бұрындары айтылы қоймаған "Шу хақан" тарихы сияқты кейбір тың мәселелердің басын қозғап, ашып жазуға ниеттенеді. Шөмекей атауының этимологиясы мен таңбаларын жан-жақты талдай келе, олардың шығу тарихына ғылыми тұрғыдан қарау керектігіне тоқталады. Шежіре соңын ата-бабаларына арналған естелік– эсселермен аяқтайды.

Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе,

Ел тегі қайдан алсын кемеңгерді.

І.Жансүгіров

Автордан

Әулет шежіресін екі үлкен тарауға бөліп жаздық. Бірінші тарау кіріспе, жеті ата және қазақтар, қазақ хандығы мен жүздер сияқты шежіре, нәсіліміз бен шыққан тегіміз, мемлекеттілігіміз жайлы жалпы мағлұмат беретін бөлімдермен басталып, аты мен тарихы көп шежірелерден белгілі арғы бабамыз Келменбет батыр жайлы жазылған дастан, аңыздар мен одан тарайтын ұрпақтар кестесімен аяқталады. Бір айта кетер жайт, Бозғыл, Келменбет, Есбол, Метей, Өтебай, Құдайғұл баба тектерін өрбітерде негізінен Зайыр Сәдібековтың «Қазақ шежіресіне», Тұрлыбек Деменұлының «Келте тонды Келмембет» шежіресіне, Хамит Мадановтың «Кіші жүз шежіресіне», Тынышбек Дайрабаевтың «Кете–Шөмекей шежіресіне», Мақсұт Неталиевтің «Кіші жүз шежіресіне», Жарылқап Бейсенбайұлының «Кіші жүз шежіресіне», «Нұрмұхамедұлы Жанқожа батыр шежіресіне» сүйенгеніміз анық. Бірнеше ондаған беттерге созылған ұзын-сонар ұрпақтар тізбегін өрбітерде адам аттарынан байқаусызда дәлсіздіктер мен қателіктер жіберіп алған болсақ, әрине, ол кісілерден, олардың ұрпақтарынан кешірім өтінеміз. Сонымен қатар кітабымыздың ішкі бетіне Қазақстан халық суретшісі, Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты Е.Сидоркин салған ұлы дала төсінде желмен жарыса жүйтки шапқан қазақ батырларының бейнесін бердік.

Ал екінші тарау біріміздің алтыншы, екіншілеріміздің жетінші, ал үшіншілеріміздің сегізінші атамыз болып келетін Жаңай батыр туралы баяндайтын ел аузынан жиналған хикаялармен ашылып, өзіміз сызған ата– бабалар кестесі мен олардан ұрпақ тарқатар мәтіндермен жалғасады. Сөйтіп күні кеше өмір кешкен, бірі әлі арамызда тірі жүрген әулеттің әлеуетті адамдары туралы жазылған өмірбаяндық материалдармен ұштасады.

Сонымен әңгімеміздің 1 тараудағы кіріспе бөлімінде оқырман қауымға алдымен шежіре жөнінде жалпы мағлұмат беріп, осы түсініктің тарихына аздылы-кемділі болсын тоқталып кеттік. Тарихымызда мазмұндылығымен елеулі із қалдырған ірі-ірі деген шежірелер мен олардың авторларын атап өттік. Шежіренің жеті атадан басталатындығы баршаға аян. Сондықтан осы аттас келесі бөлімде бірқатар зерттеушілеріміздің осы мәселе жөнінде түйген ой-пікірлерін ортаға салдық. Өйткені біраз жұрт осы жеті атаны қалай, кімнен бастап санап, тарқату, оларды қалай атау керектігін әлі күнге дейін жетік білмей, шатастырумен жүр. Соларға бір септігі тисін деп ойладық.

Қай ел, қай халықтың тарихы жайлы сөз қозғамайық, оның алтын қазық арқауы, аттап өтуге, айтпай кетуге болмайтын тақырыбы қашанда оның ныспы, атауы емес пе. Атаусыз халық та, жер де, су да, ну да жоқ. Сондықтан шежіремізді ә дегенде осы үлкен мәселеден қарға тамыр қазағымның «қазақ» деген атауы мен оның шығу тарихынан бастағанды жөн көрдік.

Қазақ этнонимінің шығу тарихына "Қазақтар кімдер, қайдан шыққан?" деген 2 бөлімде тоқталдық. Шындығын айту керек, бұл бүгіндері үлкеніміздің де кішіміздің де, кәріміздің де жасымыздың да басындағы жағдай. Анасының құрсағынан ән мен күй, сөз қадірін ұғып туатын от ауыз, орақ тілді, бесіктен белі босамай жатып, жеті атасы мен ру, жүзіне дейін сүрінбей, судыратып тұратын қазағым, «ал қазақ кім, ол қайдан шыққан?» деп сауал қоя қалсаң кібіртіктеп, тосылып, жауап бере алмай қалатыны бар.

Өзге ұлт өкілдерінің біразы, мәселен, мұхиттың арғы жағын мекен еткен мексикалықтар біздің эрамызға дейінгі көне ацтек өркениетінен өрбитіндіктерін, ал тұрақтары бергі еуропалық материкте жатқан испандықтар мен португалдықтар, француздар мен швейцарлықтар біздің эрамызға дейінгі 2–1 мыңжылдықтар арасында қалыптасқан әйгілі алпілік кельт нәсілінен бастау алып тарайтындықтарын, ал германдықтар 4 ғасырдағы жауынгер гот тайпаларының ұрпақтары екендіктерін тарих бетіне тасқа таңба басқандай етіп, әлдеқашан жазып, қалдырып кеткені аян.

Алысқа бармай-ақ қояйық, қасымыздағы «төсекте басы, төскейде малы қосылған» орыс көршіміз, мәселен, өздерін 6–10 ғасырларда жасаған, древлян, поляндар болып екіге бөлінетін көне ильмендік словен тайпаларының алғашқы бұтағынан тарқайтындығын айтып келеді. Ал қазақтар ше? Қазақтар да бір түнде туып, бір күнде «қазақ» аталмаған шығар. Қазақтар да өзгелер сияқты мыңжылдық тарихы бар ел екендігі күмәнсіз. Шығу тегімізді зерттейтін этногенез ғылымы да осы пікірді ұстанады. Сондықтан жеті атасын сараптай білетін қазағым үшін қазақ атауының қайдан шыққандығын да білу керек ғой деп, шаң басқан сөрелерден қазақтар кімдер, қайдан шыққан деген сауалдарға жауап іздеп, көне жазулардан оқып-білгендерімізді шама-шарқымызша саралап, ортаға салдық.

Сонымен қатар Елбасымыздың 2012 жылдың желтоқсанында, сондай-ақ Қазақстан халқына жасаған кейінгі жолдау сөздерінде еліміз даму бағдарламасы бойынша ендігі 2025 жылға дейінгі аралықта алдыңғы қатарлы өркениетті елдердің тізімінде 50-ші орыннан 30-шы орынға дейін көтерілуі тиіс деп айтып кеткен, осыған орай «Қазақ елі» деп аталу мәселесін де көтерген сөздері бар. Егер бұйыртып «Қазақ елі» дел аталар болсақ, онда өркениетті еліміздің де, оны құрайтын титулды ұлт түлегі ретінде өзіміздің де неге «қазақ» аталғандығымыздың қыр-сырын білуіміз әбден-ақ керек шығар деп ойлаймыз.

Бұл орайда ғылыми құжаттармен қатар халқымыздың бай ауыз әдебиеті мен фольклорынан алынған үлгі үзінділеріне де сүйендік. Сөйтіп қазақ атауы тарихымызда Ұлы қоныс аудару заманынан кейін кеңірек белгілі бола бастағанын анықтадық. Бабаларымыз Алтай баурайынан ауа көшкен кездерінде-ақ ауыздарында қазақия атауы болған. Бұл деректер Қазақияның әлем аренасына шығу тарихын әрі қарай 5–6 ғасырларға қарай жылжыта түсті. Ал сол деректерден бағзы Қазақия мемлекетін құруға қатысқан көне алшын тайпалары атауларынан бүгінгі қазағымның құрамындағы өзімізге белгілі кіші жүздің белді руларының атын көріп отырмыз. Мұны қаймақсыз қара сөздермен емес, сүйекті, дәйекті дәлелдермен беруге тырыстық. Ғасырлар тереңіне қарай жылжуымызға орай Қазақия хақындағы мәліметтерімізді оқушы қауымға хронологиялық тәртіп бойынша жүйелеп бердік.

Тура биде туған жоқ демекші, қазағымның атауы мен тарихын ақ қаз бен қашақ ұғымдарына теңеп, көпе-көрнеу қате пікір айтқандар мен ұстанғандарды шындық үшін бетің бар, жүзің бар, атың бар, затың бар демей жаңсақ тұжырымдарын ащы да болса бетке басып, дәлелдеп айтуға тура келді. Осы ретте аты алты алашқа мәшһүр этнограф-ғалым Семёнов-Тяньшанскийдің (А.А.Семенов): «Бір жолғы көштен (actus) бір халық, оның ат-атауын тудыруға болмайды»,– деген аталы пікіріне қосыла отырып, бұл жайында толық болмаса да білгенімізше біраз дәйекті дәлелдер мен мәліметтер келтірдік.

Бұл қазақтың қалай қазақ болғандығын бір әулеттің шежіресімен айтып та, жазып та тауыса алмайтындығымыз екібастан түсінікті. Бұл бір емес, бірнеше ғылыми институттар мен зерттеу орындары, басалқалы үлкен ғалымдар бас қосқан мемлекеттік комиссия жұмысы деңгейінде шешілуі тиіс шара екендігі анық. Сондықтан ниетіміз тиісті орындарға тек ой салып, пікір тастау ғана болып отыр. Ал Қазақ хандығы жөнінде жазу себебіміз тарихымыздың 400 жылдық тай қазанында халқымызды ұлт қылып ұйытып, шымырдай шынықтырып, тау көтерген Толағайдай тәрбиелеп шығарған түрлі тарихи-әлеуметтік жайттар мен тар жол, тайғақ кештірген қилы-қилы оқиғалар, солардың басы-қасында болған тарихи тұлғалар жайлы жас ұрпақ шежіремізден қысқаша болса да мәлімет алуы керек ғой деп ойладық.

Қазақ хандығының құрылуы мен оның негізін қалаған Керей мен Жәнібек хандарға қатысты фактілерді көпшілік білетін жалаң деректер негізінде емес, белгілі ғалымдардың жан-жақты айтылған пікірлеріне сүйене отырып жаздық. Сөйтіп оның тарихи алғы шарттары мен әлеуметтік қыр-сырларын, ішкі психологиялық жай-жапсарларын ашып көрсетуге тырыстық. Мұны 3 бөлімде бердік. Жүз мәселесі мен оның құрамдары, қалыптасу барысы жайлы, ондағы ру-тайпалар таңбалары хақында жазғанда да осы қағиданы ұстандық. Сөйтіп жас ұрпаққа тарихтың келелі тұстары мен айтулы оқиғаларын ықшам болса да жүйелі түрде тездетіп, төтелетіп қабылдауына мүмкіндік жасадық. Бұл турасында "Жүздер қашан, қайдан шыққан?"деген 4 бөлімнің бас жағында баяндап өттік.

Ер жігіттің үш жұрты: өз жұрты, нағашы жұрты, қайын жұрты бар болса, бұл үшеуі қазақтың үш жүзі мен жүздерге кірмейтін өзге топтарынан шығуы мүмкін екендігін ескере отырып, Ұлы, Орта, Кіші жүз аталары мен олардың құрамына кірмейтін, бірақ халқымыздың құрамдас бөліктері болып табылатын өзге рулық топтар туралы да 5, 6, 7 бөлімдерде қысқаша болса да мағлұматтар беріп кеттік.

Әлбетте, Кіші жүз тақырыбы мен оның рулар бірлестігіне 8 бөлімде біршама тереңірек тоқталдық. Оның ішінде өзіміз өрбитін Әлімұлы бірлестігі бойынша, сөз жоқ, бар білгенімізді ортаға салдық. Оның құрамына кіретін басты рулар мен аталарды түгел атап өттік, оларға қатысты жазылған тарихи деректер мен аңыз, уақиғаларды толық дерлік келтірдік. Әрқайсысының шығу тарихына, алып жатқан жағрафиялық орындарына, кезінде белгілі болған түтін сандарына, таңбаларына жеткілікті түрде тоқталып кеттік.

Басты проблеманың бірі – көп авторлар мұндағы Алты ата Әлім мен Әлімұлы бірлестігіне қатысты түсініктерді, олардың құрамына кіретін аталық атауларын еңбектерінде әлі күнге дейін жиі шатастырып жазып жүр. Осыған орай 9 бөлімде бұл мәселенің жігін ашып, тігісін жазып, дұрыс түсіндіріп, сараптап, сұрыптап жазып беруге тырыстық.

Ал әңгіме Алты ата Әлім мен Әлімұлы жайында болып отырғасын әулетіміз солардың сапынан шыққан аттары алты алашқа әйгілі болған өзінің айтулы ұлдарын білуі керек деп, төртқарадан өрбитін, Самарқанның жеке-дара билеушісі, атақты Жалаңтөс баһадүр мен оның ұрпағы кіші жүздің бас биі, Тәуке ханның бас кеңесшілерінің бірі болған Әйтеке би тарихына шежіреміздің 10 бөлімінде аз-кем болсын тоқталып өттік.

Кете руының тақырыбы 11 бөлімде кеңінен әңгімеленді. Әлімұлына кіретін шөмекей руы, әлбетте, әңгімеміздің басты тақырыбының бірі болғасын шығу тарихына терең де жан-жақты талдау жасай отырып, оны 12 бөлімде етек-жеңін кең етіп бердік. Осы орайда көне де, жаңа да дерек көздерінен мәліметтер келтірдік. Оларды саралап, салыстыра қарау барысында оқырманға ой саларлық, қызғылықты, тың қорытындылар келтірдік. Солардың бірі – шөмекейдің атышулы көне ғұн тайпаларының ұрпағы екендігін дәлелдейтін оның таңбасы шекіліп салынған археологиялық артефактілер, ал екіншісі – Шу өзенінің атауына байланысты жазылған тарихи ақпараттар. Мұнда б.з.б. өмір сүрген Шу хақан мен екі мүйізі қарағайдай әлемнің жарты бөлігін жаулап алушы әйгілі Ескендір Зұлқарнайын арасындағы жорық қимылдары баяндалады. Шу хақан хикаясы шөмекей тарихымен байланысты қарастырылады. Мұның шөмекей тегін одан әріге, сонау ықылым замандағы тарих қойнауларына ысырып тастайтындығына ұстамды дәлелдер келтірдік.

Әлбетте, шөмекей жайында келтірген бұл деректеріміз бұрын-соңды еш жерде айтыла да, жариялана да қоймаған соны тұжырым, байламдар екендігі анық. Осы ретте шежіреші тек өткен-кеткенді теріп жазушы жай жылнамашы ғана емес, деректер мен мәліметтерді саралай, салыстыра келе тың шындық бетін аша алар зерттеуші де екендігін ескертіп, есіңізге сала кеткіміз келеді. Төрт таңбалы шөмекей тамғасына талдау жасаған кезімізде де осылайша оны саралап, ой елегінен өткіздік. Оны оқушы қауым шежіреміздің "Тамға" тақырыбына жеткенде өзі-ақ жете оқып, зейіндей жатады.

Осылай жалпыдан жалқыға қарай жылжи отырып, шөмекейден берідегі аталарымыз жайлы баяндайтын деректер тұсына да жетеміз. Шөмекейден өрбитін 4 ата–Аспан, Бозғыл, Тоқа, Көнек ұрпақтарын білгенімізше толық тарқаттық. Бозғыл ұрпақтарын Келдібай бабамыздан бастап, аты әйгілі сарықасқа Келменбет бабамызға жеткенше ірі аталардан ешқайсысын қалдырмай түгел келтіруге тырыстық. Өйткені ағайын, туысқандай болып жақын араласып жүрген дос-жарандар баршылық ғой, сұрай қалса солармен ара қашықтығымызды жаңылмай дұрыс ажырата, айта білуіміз үшін керек ғой деп санадық.

Жеті ата тақырыбында атап кеткен тек пен түп ата, түп бабаларымыз жайлы баяндарда деректерімізді неліктен көбіне олардың отан қорғау жолындағы батырлық істері мен шешендік, даналық сөздерін насихаттауға құрғанымыз бәрімізге түсінікті ғой ойлаймыз. Мұндағы мақсатымыз – олардың жалынды патриоттық істері мен жеке бастарына тән бірегей қасиеттерін кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие ретінде қалдырғымыз келгендігі. Келменбет бабамыз жайлы хикаяларымыз солардың бірі. Оны да өз алдына дербес, 13 бөлімде баяндап бердік.

Бұл үшін бабамыз туралы жазған Тұрлыбек Деменұлының «Келте тонды Келмембет» шежіресін тауып оқып, пайдаландық. Ол кісіге бұл үшін рақметтен басқа айтарымыз жоқ. Ал өз шежіремізді жазарда жатпай-тұрмай іздегеніміз осы Келменбет батыр жайлы көп бұрындары жазылған жыр-дастан еді. Таба алмай көп қиналдық. Мұның басты себебі – авторын, қай жылы, қандай атау, тақырыппен жазылғандығын біз ғана емес, сұраған өзге кісілер де білмейтін болып шықты.

Бірақ сұрай-сұрай Меккеге де жетесің дейді ғой халық. Сырдың Рашид деген сарықасқа жігіті өтінішіміз бойынша осы дастаны бар шежіреші кісіні ақыры табады. Хабарын күтіп, қуанып қалғанбыз.Бірақ өкініштісі әлгі адам сөйлесе келе дастанның көшірмесін түсіріп алу үшін алдына қиын шарт қояды. Ол бұған кезінде қордаланып, өтпей қалған, дастан жазылған басы артық шежірелерін түгел сатып алуды ұсынады. Шежіресінің біреуін, мейлі екеуін, мейлі үшеуін сатып алуға болар еді, бірақ бәрін емес ғой. Әу, бабамыз жайлы жазылған дастанымен тегін бөлісудің орнына оны қып-қызыл саудаға салып, әкесінің құнын сұраған мұндай да жан болады екен ғой деп әлгі бауырымыз қатты ренжіп, онымен әрі қарай сөйлесуден бас тартады. Бірақ абырой болғанда, атын, авторын білмесек те ғаламтор мұрағатын соқыр адамша күні-түні түрткілеп іздеп жүріп, ақыры құдайға шүкір, әлгі дастанды бір шежірешінің жинағынан кездейсоқ болсын әйтеуір таптық-ау. Аруағы разы болсын, оны 1946 жылы марқұм метей сарықасқа Молдахмет Дабылұлы деген ақын кісі жазыпты. Бұл туралы шежіремізде мағлұматтар келтірдік.

Дастан жазулары кей жері ескіріп, өше бастаған екен. Қайта теріп, өздеріңізге ұсынып отырмыз. Осы жырда және бірқатар шежірешілердің жазба, мәтіндерінде Сарықасқа сөзі «ы» әрпі түсіріліп Сарқасқа деп жазылған. Одан бұл атаудың мән-мазмұны пәлендей өзгеріп кетіп жатқан жоқ. Сондықтан біз жазушылардың авторлық құқын сақтау мақсатында оны шежіремізге сол күйінде өзгертпей енгіздік.

Ендігі бір айтпақ әңгімеміз–ол біреулерімізге алтыншы, екіншілерімізге жетінші, ал үшіншілерімізге сегізінші ата болып келетін Жаңай батыр мен әулие Ораз ахун жөніндегі аңыздар, Жаңай батырдың қолынан қаза тапқан көшбасшы жігіт жөнінде түйген ой, түсініктеріміз. Бұларды шежіреміздің 14,15,16 бөлімдерінде бердік. Осы Жаңай атамыз бен Ораз ахунға дейінгі буындар Деменұлы сияқты өзге шежірешілер қалдырған жазу-сызуларда ұшырасқанымен, бірақ олардан тарқайтын бергі ұрпақтар жайлы еш жерде мардымды ештеңе айтылмайды. Сондықтан осы Жаңай атамыздың Зәуір, Әділ, Сабыры мен солардан өрбитін толып жатқан буындар турасындағы деректерді шежіре білетін кісілер аузынан өзіміз теріп алып жаздық.

Оларды әңгімеміздің 17, ал Қалабай бабамыз жайлы 18, ал әулетіміздің бергі, Әлібек атамыздан басталар көз көрген адамдары жайлы айтылар тұстарын, "сүйегі сіздікі, еті біздікі" дегендей, жады тасқа таңба басқандай әлі күнге дейін қуатты, бүгіндері тоқсанның төртеуінен асып бара жатқан Үрия әпкеміздің айтуымен, бірақ біздің сиямызбен шежіреміздің 19–37 бөлімдерінде қағазға түсірдік.

Шежіреміз жазылып бітіп, баспағаға берілгелі жатқанда бірқатар деректер Әлмахан көкемізде де болған деген сөзді естіп, тез кенже ұлы Ермек інімізге сұрау салдырдық. Рас екен. Кештеу болса да оларды қолға түсірдік. Ашып қарағанда таңғалғанымыз–парақтары сарғайып кеткен қалыңдау дәптер бетіне шежіре мәтіні үш түрлі қолтаңбамен түсіріліпті. Бірі 30 жылдардағы қазақ тілі грамматикасына ыңғайланып, көне кириллица қаріптерімен ұсақтау, екіншісі бүгінгі қаріптермен ірі, түсінікті етіліп, ал үшіншісі сол күйінде қалдыра берсеңіз де болатындай қызыл сиямен құдды жіпке тізген моншақ-маржандай әдемі өрнектеліп жазылыпты. Ермек әкесінің қолтаңбасын таниды ғой, екіншісі сонікі, ал былайғы екеуін білмеймін деді.





















...
5

На этой странице вы можете прочитать онлайн книгу «Шежірем сыр шертсе», автора Тажиса Мынжасар. Данная книга имеет возрастное ограничение 12+, относится к жанру «Биографии и мемуары». Произведение затрагивает такие темы, как «самиздат», «казахстан». Книга «Шежірем сыр шертсе» была написана в 2015 и издана в 2019 году. Приятного чтения!