Читать книгу «Қанатты сөз – қазына. 1-кітап» онлайн полностью📖 — Кеңес Оразбекұлы — MyBook.
image











































































































– Бұл сөзді де бұрыннан білетін едім, зая кеткен уақытым-ай, – деп жігіттің өзегі өкініштен өртенеді. Ақсақал және бір жылға қалуын өтінеді. Амалы таусылған жігіт келіспеске болмайды. Үшінші жылы тәмамдалған жігіттің естіген сөзі төмендегідей еді:

– Ешқашан аманатқа қиянат етпе. – Бұл сөз де жігітті қанағаттандырмайды. Қайтуға бел буған жігітке ақсақал қоштасарда үйдегі апаңа апарып берерсің деп нан береді.

Жол бойы өзіне қанағаттанбаған жігітті бір топ ұры қолға түсіреді.

– Не мақсатпен, қайда барасың? – деп қыспаққа алады. Қалтасындағы азын-аулақ ақшаны шығарып, бар шындықты айтады. Шынайы жауапқа риза болған ұрылар мейірімі түсіп, анасына алып бара жатқан нанын қайтарып, өзін бостандыққа жібере салады. Үйіне бет алған жігіт сапар барысында ойда жоқта адам етімен қоректенетін қарақшыларға тап болады. Қарақшылардың тұтқынында мұнан өзге бірнеше адам бар екен. Адамжегіш жауыздың алдында тұтқындарды кезегімен бауыздап беріп отыратын жандайшап болатын. Кезек әлгі жігітке келеді, амалсыз жандайшаптың алдына қадамын санап басып келе жатқан сәтте алыстан талып жеткен құран даусы құлағына шалынады. Сол-ақ екен жігіт отыра кетеді. Аштықтан өзегі талып отырған жауыз жеңсік асының кешеуілдегеніне тағатсызданып, себебін білмекке шыға бергенде, аңдаусызда жандайшаптың қолынан жан тапсырады. Басшылары мерт болып, абдыраған қарақшылар өзара керілдесіп, берекесі кеткен сәтін пайдаланып бірнеше тұтқын бас сауғалап қаша жөнеледі. Біршама уақыт өткенде әлгі қашқындар аштыққа душар болады. Арып-ашып келе жатса да, жігіт өзіне аманат етіп тапсырылған қойнындағы анасына арналған нанды қайтсе де аман-есен жеткізбек. Көп қиындықтан соң жігіт анасымен қауышады. Аманат-нанды анасына тапсырады. Наннан ауыз тимекке ниеттенген анасы нанды үзсе, арасы алтын теңгелермен толтырылған екен.

Үлкен кісі, жақын дос-туысың немесе кез келген бір адам саған сенім артып, бір зат (мұра, өсиет) табыстаса немесе біреуге апарып бер деп өтініш, аманат етсе, ол аманатты міндетті түрде (өз басыңа қауіп-қатер төнсе де) орындауға тиіссің. Ол аманатқа немқұрайды қарап, орындамай қойсаң, біреуге табысталатын затты қараулықпен жымқырып қойсаң, әйтеуір аманатқа қиянат жасасаң, ол сенің ар-намысыңа үлкен сын, аманат алдында опасыз болғаның.

АНАНЫҢ АҚ СҮТІ

Жаугершілік заманда ері соғыста опат болған ана баласын бауырына басып қала береді. Ауыл ақсақалдары ақылдаса келіп, жесірді бір жақындарына қоспақшы болады. Қарияларға әйел шарт қойыпты. Ол тостағандағы ақ түсті қоймалжың сұйықтан бәрінің дәм татып көріп, оның неден жасалғанын тауып берсе ғана ақсақалдар ұйғарымына бас иетінін айтады. Үлкендер дәм татып, тамсаныпты. Бірақ, оның неден жасалғанын таба алмапты. Сонда жесір әйел:

– Уа, қадірменді қариялар, бұл – ананың ақ сүті. Ақ сүтімді таттыңыздар, сіздердің жастарыңыз үлкен болса да, баламдай болдыңыздар. Ендігі тілегім: мені өзім қалаған жанға қосыңыздар, – депті. Ананың ақ сүтінен аттай алмаған ақсақалдар жесір ананың сөзіне тоқтаған екен.

Ананың ақ сүті – қасиетті, киелі, барлық асыл қасиеттер мен ата тектің бастауы деген ұғымды білдіреді.

АҢДАМАЙ СӨЙЛЕГЕН АУЫРМАЙ ӨЛЕР

«Аңғармай сөйлеген ауырмай өледі» деген нұсқасы да бар. Алды-артын ойлап-пішіп алмай, жеңілтек сөйлеген адам ұятсыздыққа қалады, ағат сөйлегеніне қатты опынады деген мағананы білдіреді.

Өмір, Темір, Қайыр, Естемес атты төрт ағайынды болыпты. Ажал жетіп, ағайындылардың біреуі қайтыс болады. Оған көңіл айтуға келген келіндердің бірі былай депті: «Өлмейтін өмір жоқ, үзілмейтін темір жоқ, арты қайырлы болсын». Бұны естіп жеңгелері беттерін шымшып, келген қонақтардың алдында не айтарларын білмепті. Келіндері онымен қоймай: «Ой, есте жоқ, есімнен шығып кетіпті», – деп ақталыпты.

Осылайша келіні төрт атасының атын атап жеберіпті. «Аңдамай сөйлеген ауырмай өлер» деген сөз содан қалыпты.

АҢДАМАЙ СӨЙЛЕГЕН АУЫРМАЙ ӨЛЕДІ (Екінші нұсқа)

Көтібар деген батырдың аты қалай қойылған? Қазақ кейде не болса соны қоя береді деуге бола ма? Жоқ. Ел ішіндегі аңыз бойынша, бір қатал бай бір кедейдің қызын қалың мал беріп, тоқалдыққа алады. Ол қыздың аяғы ауыр (жүкті) болып, айы-күні жетіп, босануға таянғанда бай былай депті:

– Егер тоқал қыз туса, оны сол бойда өлтіріңдер. Ал егер ұл туса, онда сәбиді алақанға салыңдар.

Сәби дүниеге келгенде босандырушы әйелдердің бірі: «Әй, көті бар, көті бар», – деп айқаласыпты. Сірә, мұнысы қуанғанынан ер бала, ұл бала туды дегені ғой. Осы хабар сол бойда байға жетеді.

Бай айтыпты:

– Сол көті бар деп айқайлағанды құдай да, сәби де естіпті ғой. Олай болса сәбидің аты Көтібар болсын!

Сөйтіп, сәбиге Көтібар деген ат осылай қойылған екен.

Ал Көтібар кім? Ол – әрі батыр, әрі мырза, әрі заманының абзал азаматы болған адам.

Сол Көтібардың үйінде бір жолаушы қарт кісі намаз оқып, сусындап кетейін деп түседі. Намазын оқып, бір аяқ қымыз ішіп отырғанда, Көтібар батыр әлгі қарттан:

– Қосағасы, атыңыз кім? – деп сұрайды.

– Атым Адыраспан, – дейді қарт.

– Апыр-ай, адыры адыр болсын, аспаны несі екен? – леп таңданады Көтібар.

– Қазақ атты қоя береді ғой. Атты тауып қойса, өзінің ғұрпындағы атты қояды. Егер таба алмаса, өзінің бұтындағы көтін қояды ғой, – депті қарт.

Сонда Көтібар: «Қазақта аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» деген мақал бар еді. Сол рас екен. Мен ұтылдым. Ал сізге кетуге рұқсат жоқ, бір малдың басын жеп кетіңіз», – деп жібермей мал сойып, қонақ етіп аттандырыпты әлгі қартты. (М. Жадановтан).

Мұндағы Көтібар батырдың толық аты-жөні: Көтібар Бәсенұлы (шамамен 1757—1833) – Кіші жүз құрамындағы Әлім тайпасының Шекті руынан шыққан батыр. Атақты Бәсен батырдың алты баласының біреуі. Жастайынан Шекті руы мен түркімендердің арасындағы шайқастарда ерлігімен көзге түскен. Соңғы жылдары негізгі өмірі Ресей отаршылдық саясатына қарсы күреспен өткен. Көтібар бейнесін М. Әуезов өзінің «Айман-Шолпан» пьесасында пайдаланған.

Ал мәтелдің мағынасы: Аты-жөні жоқ ойланбай, аңғырт сөйлеген адам жазасын алады, сазайын тартады дегенге келеді.

АҢҚАУ АСТЫНДАҒЫ АТЫН АЛТЫ АЙ ІЗДЕПТІ

Бұл нақыл асығып-аптығып жүріп, оңай жерде тұрған затты көп іздеп қалғанда, ұмытшақтыққа күйінгенде айтылады.

Бір бай жаңа жалданған жылқышы жігітке: «Мынаны сен бағасың» деп, бір үйір жылқыны санап беріп, алдына салады. Жігіт үйірдің ішінен біреуін ерттеп мініп, жылқыларды өріске айдап кетеді. Өрістен қайтқанда: «Осыларды түгендеп қояйын, көңіл тыныш болсын», – деп, санайды. Бірақ қанша санаса да, бір жылқы кем шығады. Содан «Біреуі қайда кеткен?» – деп іздейді. Үйірін тастап кете алмай, алдындағы жылқысын айдай жүріп, жаз бойы іздеумен болады. Жоғы табылмай, шаршап-шалдығып жүргенде, бір кісі кездеседі. Жігіт оған жайын баяндап: «Алты ай болды, әлі таба алмай келе жатырмын» деп, күйінішін айтады. Жігітке жаны ашыған шал: «Ал кәне, екеулеп түгендейік», – дейді. Сөйтеп екеулеп санап шыққаннан кейін:

– Көрдіңіз бе, біреуі жетпейді, – дейді жігіт ренжіп.

– Ал астыңдағың ше?

Ол мініп жүрген атына көз тастайды да, жүзі бозарып:

– Менің алты ай жаз іздеп жүргенім осы ғой деп санын бір соғады.

«Аңқау астындағы атын алты ай іздепті» деген сөз содан қалыпты.

«АРБАҒА ХАНМЕН БІРГЕ МІНГЕНБІЗ»

Қырдағы елдің басшысы өліп, кімді басшы қоярын білмей жұрт қатты дағдарады. Сол кезде Дүбінің анасы самсаған сары қолдың алдына келіп: «Талабы бар елдердің барлығы садақ тартсын. Кімнің садағы сағымға байланса, соны бас көтеріңдер», – дейді. Талаптанған ерлердің бәрі садақ тартады. Бірақ ешбірінің садағы сағымға тоқтай алмайды. Сонда Дүбінің шешесі: «Менің мерген балам тау ішінде аң аулап жүр. Соны шақырып әкеліңдер, сағымға соның садағы тоқтар», – дейді. Белгіге жүзігін береді. Елдің атақты билері барып Дүбіні шақырады. Алғашында ол келгісі келмесе де, шешесінің белгіге беріп жіберген жүзігін көріп, бармақшы болады. «Мен жанды нәрсеге мініп бара алмаймын. Маған күйме керек», – деп Дүбі шарт қояды. Үлкен күйме жасалып, атын «Қаңқа», «Қаңқалы» деп атайды. «Қаңқа – арба» Алтай елінің тілінде де айтылады. Арба жасаған кісі қаңқалы аталады. Бара-бара «қаңқалы» сөзі өзгеріп, «қаңлы» сөзіне айналады. Мәнісі – «арбалы» деген сөз. Арба істеген шебер жол-жөнекей мертігіп, ақсаңдап келе жатқанда, Дүбі оны аяп, арбасына мінгізеді.

Бүгінге дейін қаңлы елінің аузындағы: «Қаңлы елінде хан бар, кәделі елде қаңлы бар», «Хан жоқ болса, қаңлыдан хан көтер», «Арбаға ханмен бірге мінгенбіз» деген мәтелдер содан қалған. Ә. Марғұлан «Ежелгі жыр, аңыздар».

Ел арасында айтылатын «Қаңлы жоқ жерде хан сайланбас» немесе «Қаңлысыз хан (көтермес) сайланбас» деген мәтелдер де ескіден келе жатқан жоғарыдағы аңызды қуаттай түсетіндей.

«Арбаға ханмен бірге мінгенбіз». Бұл – арбаны алғаш жасаған, хан құрметіне бөленген, ханға жақын жұртпыз деген ойларды аңғартады.

АРСАЛАҢ, БЕРІ ОТЫР ДЕСЕ,

АРЫ ЖЫҒЫЛЫПТЫ

Бұрынғы заманда Арсалаң деген бір қыңыр кісі өмір сүріпті. Жұрт не айтса соның бәрін керісінше істепті. Біреу: «Қой, өйтпе!» десе, одан сайын өршелене түседі екен. Өзі соншама қайратты болғанымен, аңғалдау екен.

Осындай кері кеткен дүлейден әбден ығыры шыққан халық одан қалай құтылудың жолын іздестіреді. Содан бір күні келісіп, жардың басына ас беретін болады. Оған Арсалаң да барады. Арсалаңға: «Жардың жағасына отырма», – дейді. Ол барады да жардың жағасына отырады. Жайғасып болған кезде біреуі: «Арсалаң, бері отыр!» – дейді. Арсалаң ары отырамын деп қозғалған кезде, жардан құлап кетіпті. Содан ел ішінде қырсық, кесір адамдарды әжуалап айтатын: «Арсалаң, бері отыр десе, ары жығылыпты», – деген сөз қалған екен.

АРСЫЗДАН АЙУАН АРТЫҚ

Адам арсыздықты бұзылған оймен істейді. Ал айуанның ондай арсыздыққа санасы жетпейді. Сонда да оның ақылға бергісіз іс-әрекеттері арсыз адамның қылығынан артық деген ойды аңғартады.

Шұлғау деген байдың Содыр деген сотанақ баласы болыпты. Ол еш нәрсе істемей, атына мініп, ауыл ауылды қыдырумен жүреді екен. Бір күні Содыр көрші ауылға бара жатса, жолда кездескен кәрі-жастың бәрі де оған сәлем береді. Ол ешкімге көз қырын да салмай, өз бетімен жүре береді. Жолда есек мінген бір шал Содырға қарап қойып, үндемей өте береді. Содыр атының басын бұрып алып:

– Әй, қақбас, неге сәлем бермейсің? – деп тесіле қарайды. Сонда шал тұрып:

– Балам, кіші тұрғанда, үлкен сәлем беруші ме еді? – дейді.

Содыр шалға жақындап келіп, қамшымен тартып жіберуге оқтала бергенде, шал қамшысын шап беріп ұстай алады. Енді екеуі жерге түсе қалып, алыса бастайды. Бос қалған есек пен ат шетке шыға береді. Екеуі ары алысады, бері алысады, бірақ бір-біріне әлдері жетпей титықтасып тұрып, ақыры болмаған соң ажырасады. Шал үсті-басын қағып, айналасына қараса, есек пен ат жолдың ар жағында қасынысып тұр екен. Сонда қария:

– «Арсыздан айуан артық» деген рас қой. Ананы көрдің бе? – депті.

АРЫСТАНБАБҚА ТҮНЕ, ҚОЖА АХМЕТТЕН ТІЛЕ

Мұхаммед пайғамбар ақыреттің алдында барлық туыс-жақындарын, сырлас достары мен жора-жолдастарын жинап:

– Мен бұл дүниемен және сіздермен қоштасқалы жатырмын. Кейінгі ұрпақтарымның біреуіне берер аманатым бар. Соны оған кім тапсырар екен? – дейді де, жан-жағына қарайды. Жұрт аң-таң. Дені сап-сау, қалайша бізді қиып, о дүниеге аттанбақ? Аманаты не? Ойларын онға, саналарын сан саққа жүгіртеді. Сол кезде Арыстанбаб орнынан тұрып, екі қолын көкірегіне қойып:

– Бұған мен әзірмін, – дейді. Мұхаммед пайғамбар:

– Жарайды, ақылдасып, келейін, – дейді де, зым-зия жоғалып кетеді. Әлден уақытта қайтып оралады. Алла тағаланың келісімін алып келсе керек:

– Келешекте өмірге Ахмет деген бала келеді. Соған мына құрма жемісін тапсырасың, – деп, қалтасынан алған бір түйір құрманы береді.

Ахмет дейтін балаға тапсыратын аманатты алып, ұртына салған Арыстанбаб Мұхаммед пайғамбарға:

– Мен ол баланы қайдан іздеймін, қалай табам, қалай танимын? – деп сауал қояды. Сонда Мұхаммед:

– Іздеп әуре болмай-ақ қойыңыз. Берген аманатымды сізден өзі-ақ сұрап алады – дейді.

Ғажап болғанда, пайғамбардың айтқаны айнымай келеді.

Бірде далада келе жатқанда, 11 жасар балаға кездеседі.

– Ақсақал, аманатымды беріңіз, – дейді бала. Арыстан баб атын сұрап жатпай, «аузыңды аш» дейді оған. Ол аузын ашқанда, бабаның ұртындағы құрма зып етіп Ахметтің аузына кіріп кетеді. Бала ләм-мим деп тіл қатпастан, бұрылып жүре береді.

– Сен неткен көргенсізсің, маған айтқан рақметің қайда?! – деп айқайлайды Арыстанбаб.

Сонда бала артына бұрылып тұрып:

– Сізге несіне рақмет айтам? Сіз бар шырынын сорып жеп, маған құр сүйегін қалдырып отырсыз, – дейді. – Жарайды, сізге келіп түнесін, менен тілек тілесін, – деп жүріп кетеді.

Содан бері халық Түркістанға сапар шеккенде әуелі Арыстанбабтың басына барып мінәжат етеді. Құран оқытады. Мазарына бір түнеп, содан соң ғана Ахмет Иассауи кесенесіне аттанады екен.

Халық арасында «Арыстанбабқа түне, Қожа Ахметтен тіле» деген нақыл сөз содан қалыпты. Бұл нақылды кейде «Әулиенің басына түне, Алладан тіле» деп жалпылама айтатындар да бар.

АРЫСТАНДАЙ АЗУЛЫМЕН ЖОЛДАС БОЛМА, АШЫҒАСЫҢ,

ТҮЛКІДЕЙ ҚУМЕН ЖОЛДАС БОЛМА, АСЫЛАСЫҢ

Жүйіткіп келе жатқан түлкі бір жемтікке кездеседі. Жақсы атанбақ болып, мұны жемтік жейтін аңдардың бәріне хабарлайды. Барлық аң жиналады. Аңдар жемтікке ауыз салайын десе, арыстаннан асуға бата алмайды. Сонда түлкі жылмаңдап:

– Ел ағасы бөлсін? – дейді арыстанға жалтақтай қарап. Сонда арыстан орнынан тұрады.

– Мен айтсам, бұл жемтіктің бір бөлігі менің арыстан атыма, бір бөлігі күштілігіме, енді бір бөлігіне кімнің тісі тисе, сау қалмайды, – дейді.

Мұны естіген соң аңдар бастары салбырап, тарап кете барады. Бұған түлкі іштей ызаланып, дық сақтайды. Тағы бір күні жортып келе жатқан түлкі құрулы тұрған атпа тұзақты көреді. Аптыға жүгіріп арыстанға барады:

– Ел ағасы, тағы бір жемтік көрдім, соны бөліп беріңіз!

– Ал, онда баста! – дейді арыстан. Жылмаң қаққан түлкі ертіп алып, тұзаққа таяп келгенде:

– Сіз осы жолмен тіке жүре беріңіз, мен мына жақты шола келейін… – деп, жолдан тайсақтанып, айнала өтеді. Аңғал арыстан бұрылыссыз тура тарта береді. Алшаңдап келе жатып, атпа тұзақты басып қалады да, ағашқа ілініп, салақтап қалады. Басы салбырап тұрған арыстанды артынан келген түлкі көреді.

– Ел ағасы, не болды?

– Не болушы еді, – дейді арыстан. – Сен керіл деп жібердің ғой, мен керіліп тұрмын…

Түлкі қулығына риза болады.

«Арыстандай азулымен жолдас болма, ашығасың, түлкідей қумен жолдас болма, асыласың», – деген сөз содан қалған екен.

Өзін өзгелерден артық санайтын өркөкірек, менмен, арсыз, ожар адамдармен дос болма, үлесіңнен, сыбағаңнан құр қаласың. Ондай адамдар саған тиесілі нәрсені күш көрсетіп, тартып алудан да тайынбайды. Ал, қу, аяр адамдармен дос болсаң, олар сені қулық, сұмдықпен алдап, сазға отырғызады, абырой-беделден айырыласың деген ойды білдіреді.

АСПАНДА ҰШСАМ ҚАНАТЫМ ТАЛАДЫ,

ЖЕРГЕ ТҮССЕМ ЖАЛАЙЫР ШОРА АЛАДЫ

Ұлы жүз – Үйсіннен Абақ, Тарақ деген екі бала болып, Тарақтың аты «Жалайыр» атанып кеткен дейді. Өзі батыр, палуан Тарақ асаудан жығылғанда аттың жалын ұстап жығылып, жалды айырып түскендіктен «Жалайыр» болып атанған деген сөз бар. Сол екі ата жалайыр елінде құс салып, ит жүгірткен қазақ саяткерлерінің ішінде қыран құсты адамша жұмсай білген Жалайыр Шорадан асқан білгір құсбегі болған. Жалайыр Шораның алғыр қыранды айнытпай танитыны соншалықты, ұшқан бейіміне қарап-ақ қандай аңға түсе алатынын дәлме-дәл айтып береді екен. Сол себепті ел ол құсбегіні: «Аспанда ұшсам қанатым талады, жерге түссем Жалайыр Шора алады», – деп аңыздайды екен.

Ертеректе бір ауылға келіп түскен Жалайыр Шора күн ұясына батар шақта ауыл адамдарымен төбе басында әңгімелесіп отырады. Олар күнбатыс жақтан өздеріне қарай ұшып келе жатқан қос қыранды байқап қалады. Беймезгіл шақта ұшқан қырандарды ауыл адамдары әр саққа жүгіртіп әңгімелейді. Сол кезде Жалайыр Шора:

– Оң жағындағы қыран құмшегірдің тұқымы екен де, сол жағындағы – сасқалақ сарының сырғағы екен, – дейді. Сонда ауыл адамдары:

– Сен де оттай береді екенсің! Айдалада ұшып бара жатқан құсты балдаққа қондырғандай сипаттадың-ау келіп, – деп мысқылдайды.

– Сенбесеңдер, бәрің орындарыңнан тұрып айғай салыңдаршы. Сол жағындағы қыран жерге құлап түспесе неғыл дейсің, – дейді.

Жалайыр Шора айтқандай айғай-қиқу шыққанда-ақ жаңағы бүркіт қалбаңдап барып жерге құлайды. Ел жүгіріп жанына барса, қорғаншақтай береді. Міне, Жалайыр Шораның білгірлігі. Бүркіттің сасқалағы еш уақытта мандытып аңға түсе алмайды.

Бұл құсбегілердің, аңшылардың шеберлігіне, білгірлігіне тәнті болғанда, құрмет, қошамет көрсеткенде айтылатын нақыл.

АСПАННАН ИСА ТҮССЕ, ЖЕРДЕН МӘДІ ШЫҒАДЫ

Мәді – хазірет Ғалидың (Әзірет шері) ұлы. Орта Азияда өмір сүрген балуан Дариға қыздан туады. Азамат болған соң туабітті көрмеген әкесін іздеп, сапарға шығады. Кездеседі. Алдымен жөн сұрасып алмай күреске шыққанда, бала ұрандап «Иә, Алла, Әзірет шері жаса» деп айқайлап күреседі. Сонда Әзірет шері баланы тоқтатып, өзінің баласы екенін таниды. Бала да әкесін танып, «өз әкеме қол көтердім, жарыл, жер, жарыл!» – деп, жерге кіріп кетіпті.

Адамзат баласын тажал әкелген ауыртпалықтан құтқару үшін Мәді тығылған жерінен шығады. Аспаннан Иса пайғамбар түседі. Тажалдың көзін жояды.

Христиандарда Исаның қайта келуімен жер бетінде әділдік орнайды, адамдар күнә атаулыдан арылып, бақытты өмір сүреді деген сенім бар. Қазақтар да «Аспаннан Иса, жерден Мәді шыққанда, қой үстіне бозторғай ұялайтын заман болады» деп жатады. Бұл сенім қазақтарда ислам дінінің Мәді, Дажжал туралы ілімі негізінде қалыптасқан.

Елшілікке жіберілген екі хазіреттің арқасында жер бетінде мамыражай заман орнайды. Адамдар түгелдей мұсылман болады. Осыдан «Аспаннан Иса түссе, Жерден Мәді шығады», – деген сөз қалған екен.

Мұнда исламның әділ жолымен жүрсең, екі дүниеде ниет-тілегің орындалады деген ой түйінделген.

АСТЫ ҚОРЛАҒАННЫҢ АРТЫ ОҢБАС





































 


























































1
...
...
8